АЛЛАНЫҢ РАХЫМЫНА БӨЛЕНУ ҮШІН САЛИХ АМАЛ ЖАСАУ

06 ақпан 2024 1827 0
Оқу режимі

Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Алла тағала мейірімін жүзге бөлді. Оның тоқсан тоғызын сақтап қойып, біреуін жер бетіне түсірді. Осы бір мейірім себебімен дүниедегі барлық жаратылыс бір-біріне мейірімділік танытады. Тіпті жылқы да құлынын жарақаттаудан қорқып, тұяғын көтереді».

Тағы бір хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Расында, Алланың жүз мейірімі бар. Алла оның біреуін жерге түсірді. Бұл қиямет күніне дейін барлық жаратылысқа жететін мейірім. Қиямет күні Алла тағала сол бір рақымын тоқсан тоғыз мейіріміне қосып жүз қылады. Осы жүз мейірімнің барлығы Алланың салих амал жасаған мүминдері мен әулие құлдарына арналған», - дейді.

Факих Әбул-Ләйс Самарқанди (рах.) осы хадистерге қатысты былай дейді:

«Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) осы хадистері арқылы үмметіне Алланың мейірімінің қаншалықты үлкен екенін хабардар етіп, Алланың мейіріміне шүкіршілік пен мадақ айтуды және салих амал жасауды меңзеп отыр.

Кімде-кім Алла тағаланың рақымына бөленгісі келсе, ізгі амалдар жасауы керек. Бір амалдың салих болуының екі шарты бар. Бірі, Алла разылығы үшін шын ықыласпен жасау болса, енді бірі Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сүннетіне сай болуы. «Кәһф» сүресінің 110-шы аятында: «...Кімде-кім Алланың разылығына қол жеткізгісі келсе, игі істер істесін және Раббысына ғибадат етуде ешкімді серік қоспасын», - делінген.

 

Пікірлер Кіру