АЛМАТЫ. ИСЛАМТАНУ ЖИЫНЫНДАҒЫ ДОСАЙ КЕНЖЕТАЙ ТҰРСЫНБАЙҰЛЫНЫҢ СӨЗІ…

19 қараша 2024 221 0
Оқу режимі

Исламтану деген шын мәнінде бұл өзімізді тану деген сөз. Исламтану бойынша проблемамыз жеткілікті. Кеңестік дәуір, оның алдында отарлық кезең, ол кездерде біз исламды менікі дей алмадық. Сосын бұл топырақты-кеңістікті де ислам өркениетінің орталығы ретінде де тани да таныта да алмадық. Себебі біздің тарихымызды да, кеңістігімізді де, санамызды да исламнан ажыратуды көздеген спекулятивтік идеологиялық орталықтардың ықпалы басым болды. Осылайша бұл топырақты ислам арқылы емес, «Жібек жолы» құбылысы негізінде ғана өркениет іздері сақталған аймаққа жатқызды. Тарихымыздағы Сыр бойы қалаларын осы советтік идеология арқылы түсіндірді.

Мысалы тарихта Фараб деп «Қаратау мен Алатаудың қиылысынан Сыр бойын жағалап, сонау Арал теңізіне дейінгі созылып жатқан кеңістікті айтады. Бұл кеңістікте 56 қала болған. Біз бұл туралы білмедік. Бірақ сол кездің өзінде Адам Мэц ағылшын ғалымы: «ислам ренесансының, мұсылман ренесансының осы Фараб жерінде туғандығын» жазып кетті. Осы топырақты ислам өркениетінің жемісі дей алмадық. Біз оны «Жібек жолы» нәтижесі дедік. Енді ғана егемендіктің арқасында біз ислам өркениетінің ең негізгі ірі орталықтарының бірі екенімізді, сондай қасиетті топырақ екенімізді айта бастадық.

Өзі үш мәселе бар: уақыт, кеңістік және адам. Біз адам ретінде исламтанулық зерттеулерде уақыттың үш категориясын: өткені, бүгіні, болашағын тұтастандыруымыз керек. Сонда Қазақстан кеңістігіндегі өткен, бүгінгі және болашақтағы исламның проблемалары мен перспективаларын таразылай алатын боламыз. Екінші мәселе – мына кеңістікті қайта культивациялаудың тетіктерін қайта қаратын боламыз. Әрине бұл топырақ ислам арқылы болмысқа айналған топырақ.

Методология керек болса Абайға қарау керек. Абайдың бір ақ мәселесін қараңыздар: мына дүниенің мимари болуын қалаймын дейді. Ол дегеніміз исламды өркениеттік тұрғыдан зерттеудің негізгі алғышарттары, платформасы. Мына дүниені игеру керек, ғылыми тұрғыдан болсын, өркениет, аксиологиялық тұрғыдан болсын барлық жағынан игере алуымыз керек.

Екінші тарихилық тұрғыдан Абай: «Шығысым Батыс боп кетті». Біздің бүгінгі Батыстық деп отырғанымыз немесе Батыстағы жаңалықтар деп отырғанымыз бүкіл шаблондарымыз, платформалар, методологиялардың барлығы исламнан енген шын мәнінде. Ал біз оны білмейміз. Біз оның тарихилығын, тегін қайдан екенін біле бермейміз. Мысалы, Фарабидің 117-ден астам трактаттары белгілі. Батыс ең бірінші исламды адамды құтқаратын тетік ретінде, айна ретінде көрді. Неге? Бірінші медицина тұрғысынан, Батысқа медицина ислам арқылы барды. Екінші, дәрі-дәрмек, шөп, ботаникалық ғылымның барлығы – исламнан барды мысалы. Енді қараңыз мынау Фараб деген аймақ біз ойлаймыз марқұм Әбсаттар Бағысбайұлы Дербісәлінің (Алла рақымына бөлесін!) біздің топырақтан 40-тан астам фарабилердің шыққандығын айтып кетті. Енді фарабилердің барлығы фараб аймағы деген жоғарыда айтқан, Алатау мен Қаратаудың қиылысынан Аралға дейінгі созылып жатқан аймақ. Бұл аймақта 56 қала болған екен. 56 қаладан 9-11-ғасыр аралығында яғни, біздің қазақтың топырағында 370-ден астам ғұламалар шыққан. Бүгінгі тілмен айтсақ, 370 профессор. Бұл тек бір ғана фиқһ саласын зерттегендері ғана. Олардың ішінде философия, калам, тафсир, әдебиет, тарих, өнер салаларын зерттегендері қамтылмай қалған.. Сол 370 ғұламаның 500-ге жуық трактаттары қалған бізге аманат ретінде қалған. Соны біз 2006 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы кезінде 500 трактаттың 5 ғана енгізе алдық. Себебі оны оқитын бізде маман жоқ.

Ал енді Абайдың методына келетін болсақ ол исламды өркениеттік тұрғыдан тұжырымдауға арналған. Саманилер билігі кезінде Фарабидің дәуірінде де бұл ұстаным үлкен бір модаға айналды. «ал-Хикмат ал-илахия» - Фарабидің негізгі концепциясы. Осының негізінде «Құтадғу білік» «Құтты білік» немесе «Диуани хикмет» бүкіл осы біздің топырақтан шыққан ғұламалардың еңбектерінің атаулары... Сол ғасырларда ақ бабаларымыз әлемді де, адамды да трансформациялайтын ғылыми тетік исламда бар екендігін сол кезде паш етіп кеткен.

Қысқасы, Ислам ол құндылық. Біз өз қажетімізге жаратуымыз керек. Бірақ қалай жаратуымыз керек деген сұрақ қойылады. Исламның өзінің үш қабаты бар: араб, ағжам, атрак. Араб дегені исламның араб тілдік қабаты, ағжам дегені исламның парсы тілдік қабаты, атрак дегені исламның түрік тілді қабаты. Бұлар өте маңызды. Тек қана тілдік тұрғыдан ғана емес, географилық тұрғыдан да маңызды. Исламды тану біз үшін ғана емес жалпы мұсылман әлемі үшін бізге шарт болып тұр қазір.

 

Пікірлер Кіру