АҢҒАРА БИДІҢ БИЛІГІ

18 маусым 2024 1620 0
Оқу режимі

Молалы құдығын мекендейтін қаратамыр Тәжімбет дейтін кісінің бала-шағасы көп, қорасында тышқақ лағы жоқ, әбден кедейліктен сіңірі шыққан кісі екен. Бір күні жолаушылап келе жатқан Тәжімбет Ақтақыр құдығының қасында жайылып жүрген үш түйенің үстінен түседі. Анау-мынау кісінің тізесінен келетіндей жайқала өскен нар селеу мен күйреуік, бүрлеген қалың сексеуілдің ішінде емін-еркін жайылып жүрген түйелердің қомынан жарылардай боп семіргендігі жай көзге де көрініп тұрады. Семіз түйелерді көргенде үйіндегі азық-түлік салынған таптың түбі қағылып, көптен бері тышқан мұрнын қаната алмай жүрген Тәжімбеттің көңіліне сайтан кіріп, қуанғаннан екі  көзі жарқ ете қалады. Аяқ астынан әзәзілдің арбауына түскен Тәжімбет алды-артын ойлауға шамасы келмей, қалың шөптің ішінде жайылып жүрген жуас түйелерді бір-бірінің құйрығына тіркеп алған күйі Молалыға қарай бет алады. Өз ауылына келген соң, қызылсырап жүрген Тәжімбет әй-шайға қаратпай семіз түйенің біреуін сойып алады. «Қуырдақтың әкесін түйе сойғанда көресің» дегендей, күтпеген жерден семіз түйенің етіне тойған бала-шағаның бүйірі бір шығып қалады.

Анда-санда  су ішу үшін құдыққа келіп тұратын түйелердің көрінбей кеткенінен де би ауылындағылардың ешқайсысы сезіктене қоймайды. Арада біршама уақыт өткенде Ақтақыр құдығын мекендейтін Аңғара бидің қызметші жігіттердің біреуі өріске кеткен үш түйенің із-түзсіз жоғалып кеткенін биге хабарлайды. Бұл хабарды естігенде Аңғара би таңданғанын жасыра алмай:

-Ойпырмай, менің түйемді алып кетіп жүрген адамның не жүрегінің түгі бар, не ештеңенің парқына бармайтын ақымақ біреу болар. Өлер бала молаға қарай жүгіреді деген осы. Ұрының менің түйемді алғаны, менің жағама қол салғаны емес пе? Жарайды, құс болып аспанға ұшып кетпесе, не жорғалап жердің астына кіріп кетпесе жоқ табылар. Жоғалған түйелердің ен-таңбасын айтып, жан-жақтағы елге хабар беріңдер, - деп жігіттеріне нұсқау береді.

Аңғара бидің аузынан шыққан сөзі екі болмайды. Шамалы күннен кейін-ақ жоғалған түйелерді алып кеткен Молалы құдығындағы қаратамыр Тәжімбет екендігі елге аян болады. Жел жағы түгілі, ығынан да жүре алмайтын ұрының атын естігенде үйінде отырған Аңғара бидің талағы тарс айрылады.  Қабағынан қар жауған би өз жігіттеріне кідіртпестен ұрыны өзінің алдына алып келуді бұйырады. Бидің бұйрығын естіген бойдан алақанына түкіріп жүрген шабарман жігіттердің екеуі атына міне салып Молалыға бет алады. Анау-мынаудан айылын жия қоймайтын Тәжімбетті көргенде екпіні тау жығардай болып тұрған жігіттердің де айбыны басылып қалады. Шабарман жігіттерден өзінің сойып алған түйесі Аңғара биге тиесілі екенін білгенде батырыңның да бүйрегі бүлк ете қалады. Арқасы мұздап қоя берген Тәжімбет енді амал жоқ, қолмен істегенді мойынмен көтеру керек екендігін түсініп, ат басын Аңғара бидің ауылына бұрады. Бидің ауылына келген соң, табалдырықтан сәлем беріп аттай берген Тәжімбетке ашулы би:

-Тоқта! Сен немене, тапа тал түсте Аңғара бидің түйесін ұрлап, өле алмай жүрсің бе? Тышқан ініне кіре алмай жүріп, құйрығына қылжуыр байлайды деген, - деп арыстандай ақырған бидің оң қолы беліндегі қылышына барып қалады.  Аңғараның билігіне сай батырлығы да болған, оның үстіне ол кісі қайқы қара қылышын белінен тастамайды екен. Айдарынан жел есіп тұрған биден айылын жия қоймаған Тәжімбет кірпігін қақпастан қасқия қарап:

-Мен түйелерді жетектеп бара жатқанымда, олардың ешқайсысы біз Аңғара бидің түйесіміз деп айтқан жоқ қой. Олар жұмған аузын ашпаса, мен кімнің түйесі екенін түс көріп білемін бе?  Сіздің түйеңіз екенін білсем, менің де тастай алмай жүрген жаным жоқ, өлсем де маңайына да жоламаймын ғой, - деп тайсалмастан жауап береді.

Сонда Аңғара би тақымы атқа, аузы асқа жарымай жүрген Тәжімбеттің ұрлыққа амалдың жоқтығынан барғанын, оның ештеңеден тайсалмайтын ержүректігіне риза болып:

-Ай, қаратамырлар-ай! Осы жігіттің алдына екі-үш сауын түйе мен отыз-қырық бас ұсақ мал салсаңдар, мынауың мынадай ұрлыққа бармас еді. Шіркін-ай, мынауың шын қайрауы келіссе, кез келген нәрсені қиып түсетін, жүзі қайтпайтын нағыз қара балтаның өзі ғой. Ия, жоқшылық шіркін не істетпейді дейсің. Менің де асып-тасып бара жатқан малым жоқ. Дегенмен жігітім, мен сенің сөзіңе де, өзіңе де өте риза болып отырмын. Сондықтан мен сенің сөзің үшін сырты түкке, іші боққа толы мына үш мұрындықты да кештім. Менің саған айтар ақылым, сен бүгіннен бастап мына жаман әдетіңді таста. Мен ертең бүкіл елді жиып, бір малымды сойып, қолыңа асықты жілікті ұстатып, ақсақалдардың батасын алып, сені өзіме өкіл іні етемін, - деп өзінің ойындағы шешімін көпшілікке жария етеді. Жиналғандар қара қылды қақ жарған Аңғара бидің әділдігіне шын көңілден риза болып, тарасқан екен. Осыдан кейін Тәжімбет бұл жаман әдетін тастап, адал еңбекпен шұғылданыпты.

Мен бұл әңгімені Теміртау қаласында тұратын көкірегі қазыналы ақсақалымыз Бекмұратов Қуаныш ағадан естіген едім.    

                                                                                                                                Құрманғали АДАМҚҰЛОВ

Пікірлер Кіру