АҚ ҚҰЮ ЫРЫМЫ

16 қазан 2024 636 0
Оқу режимі

Сөз төркіні

                 Этимологиялық мәні

       "Ақ құю" тіркесінің этимологиясы қазақ халқының өмір салты мен мәдениетінде терең орын алған "ақ" сөзіне байланысты. "Ақ" сөзі қазақ тілінде тек сүт өнімдері мен сусындарды ғана емес, сонымен қатар тазалықты, қасиеттілікті, пәктікті білдіреді. Осы тұрғыда, "ақ құю" деген тіркес ақтың киесін, оның емдік, тазару күшін таныту дегенді білдіреді. "Құю" сөзі бұл жерде емдік, рухани күшті жеткізу, тарату мағынасында қолданылады. Яғни, "ақ құю" – біреуге емдік мақсатта немесе рухани тазалықты жеткізу үшін ақты пайдалану дегенді білдіреді.

 

                   Сөздіктегі ұғымы

        1. Ақ құю - өте ертеден келе жатқан қазақ халқының ұлттық ырымды дәстүрі болып табылады. Ауырып жатқан немесе қиындық көріп отырған адамға айран, шұбат, қымыз, сүт сияқты ақ тағамды су орнына беріп, оны тезірек жазылып кетсін деп тілеген әрекет.

        2. Қазақ мәдениетінде ақтың киесіне сеніп, оны қасиетті тағам ретінде пайдалану арқылы емдеу немесе рухани тазалықты қамтамасыз ету мақсатында жасалатын ырым.

       3. "Ақ құю" ырымының мәні – науқасты жазу, оны рухани қолдау, сондай-ақ киелі ақ тағамдар арқылы адамды тазарту идеясына негізделген.

 

                 Ақ құю мен ақ тамызу ырымдары

        1. Ақ құю ырымы – бұл тек жәндіктер мен жануарларға ғана емес, сондай-ақ беймәлім, бейтаныс қонақтарға, тіпті ниеті жаман адамдарға да жасалатын ұлттық ырым. Қазақ халқы ақты (сүтті) ерекше киелі тағам деп есептеп, оның қасиетін жоғары бағалаған. Ақ құюдың мәні: үйге кірген жәндікке, беймәлім адамға, дұшпаныңа зиян тигізбеу, олардың көңілін тыныштандыру. Бұл ырым “үйге келген кісіге үйдей бәліңді айтпа” деген нақыл сөздің мағынасын аша түседі. Ақты құю арқылы қазақтар "дәмнен артық киелі нәрсе жоқ" деген сенімді ұстанып, жауласқан адамдарға да ақты құйып, олардың көңілін жібітуге, достық орнатуға тырысқан. Аққа қатысты “дәмге тапсырдым, аққа тапсырдым, ақ ұрсын, ақ атсын” деген сөздер ақ құюдың терең мәнін түсіндіреді. Осылайша, ақ құю арқылы адам отбасының қасиетін сақтап, дәмнің киесі арқылы адамдарды бірлікке шақырады.

        2. Ақ тамызу ырымы – бұл үйге кірген зиянды жәндіктер мен улы жыландарға жасалатын ырым. Бұл ырым жан-жануарларды аялаудан, оларға зиян жасамау ниетінен туған. Қазақ халқы үйге не кірсе де нәр іздеп келеді деп сенгендіктен, улы жәндіктердің басына да ақ тамызып, оларға тиіспей, үйден шығарып отырған. Ақ тамызу – жәндіктердің үйге зиян тигізбеуін, оларға рақымшылық көрсету арқылы үйді қорғауды көздеген.

     3. Екі ырымның негізгі мәні – зиянсыздықты сақтау, адамдар мен жануарларға, жәндіктерге де қамқорлықпен қарау, олардың да өмір сүруге құқығы бар екенін түсіну. Ақ құю адамгершілік пен дәмнің киесін қастерлеуді білдірсе, ақ тамызу – табиғатқа құрмет көрсетіп, зиян тигізбеу деген мағынаны білдіреді.

 

          Ақ құю ырымы және ғұрыптағы  орны

         Ақ құю – қазақ халқының ұлттық дәстүрлерінің бірі. Оның негізі ауырған адамды сауықтыру және рухани тазалыққа қол жеткізу, шамданып не бұлданып келген адамның жаман пиғылын қайтару, шөлдеп сусап келген адамның шөл зарығын басу идеясы жатыр. Ақ құюда айран, шұбат, қымыз-қымыран, сүт, іркіт сияқты ақ тағамдар қолданылады. Бұл сусындар қазақ ұғымында қасиетті саналып, ерекше орынға ие болған.

 

            Су сұраса, сүт-айран беру

       Ауырып, хал үстінде жатқан адам шөлдегенде, су сұраса да оған су емес, ақ құйып береді. Бұл дәстүр бойынша, су орнына сүт немесе басқа да ақ тағамдар беру – науқастың тезірек жазылып кетуіне ықпал етеді деп сенген. Ақ құйып берген адамның өзі де мол сауапқа ие болады деп есептелген. Осылайша, ақ құю арқылы науқасқа ем-дом көрсетіп қана қоймай, жақсылық жасау ниеті жүзеге асырылады.

 

                     Ақты қастерлеу

      Ақ ырысты қастерлеу: қазақтың тұрмыс-тіршілігінде ерекше орын алады. Оған байланысты бірнеше ырымдар бар, олардың мәні – ақ тағамды қадірлеу және оның киесіне сену.

      1. Ақты телмірітпеу – ақ тағамды мұқтаж адамнан аямау, оны уақытында беру. Аққа тартықтың қолы қысқарады.

      2. Ақты төкпеу – ақты шашпау, оны төкпеу. Ақ төгілсе, оны қастерлеу керек деп сенген. Ақте албаты жерге төксе, несбі тартылады, байлық оралмайды.

     3. Ақтан аттамау – ақ тағамның үстінен аттамау, оны құрметтеу. Ақтан аттаса, аяғы тартылады, жолы байланады.

     4. Ақты ысырап етпеу – ақ тағамды құр босқа ысырап жасамау, оны қадірлеу. Ысып жасаса, басынан бақ құсы ұшып, аборойынан айырылады.

      5. Ақты қарыз қылмау – ақты біреуден қарызға алмау немесе ақ тағамның қарыз болып қалмауын қадағалау. Қазақ ақты ешқашан қарыз деп бермейді. Аққа қарыз болу хаққа қарыз болу, ана сүтінінің қарызын өтей алмай жүргенде, мал сүтінің қарызы келіп қосылмасын деп ақты қарыз алудан да ақты қарыз қылып берудің де жолы өте ауыр деп ұйғарады.

               Ананың ақ сүтін ақтау,

               Бастағы бақты сақтау

 

               Ананың ақ сүтін ақтау

     Ана сүтін ақтау- бұл ұғым анаға деген ерекше құрмет пен жауапкершілікті білдіреді. Ана сүті – баланың өмірге келген сәтінен бастап қоректеніп, өсіп-жетілуіне негіз болатын ең қасиетті, әрі маңызды нәрсе. "Ананың ақ сүтін ақтау" дегеніміз – ананың берген тәрбиесі мен қамқорлығын, сүйіспеншілігін бағалап, оған лайықты болу, оның үмітін ақтау дегенді білдіреді. Бұл сөз адамгершілік пен адалдықты, ата-ананың алдындағы борышты орындауды меңзейді.

 

                 Бастағы бақты сақтау

         Бастың бағын сақтау- адамның өміріндегі бақ пен ырыстың тұрақтылығын сақтау, оны қадірлеу дегенді білдіреді. "Бақ" сөзі бұл жерде адамға берілген рухани және материалдық байлықты, өмірдегі сәттілікті, амандықты меңзейді. "Бастағы бақты сақтау" дегеніміз – сол берілген игілікті дұрыс пайдалану, оны жоғалтпау, әрі қарай дамыту. Екі сөз тіркесі де қазақ мәдениетінде адамның өз өміріндегі маңызды құндылықтарды қастерлеуге, ата-ананың, әсіресе ананың, алдында өз міндетін адал атқаруға және өмірде берілген бақты сақтап, қадірлеуге үндейді.

        Бұл ырымдар мен дәстүрлер қазақ халқының ақ тағамдарға деген терең құрметін көрсетеді. Ақ құю мен оған қатысты ырымдар адамдар арасындағы байланысты нығайтып, рухани және материалдық тазалықты сақтауға бағытталған. Ақты қадірлеу арқылы қазақтар табиғат пен қоғам арасындағы үйлесімдікті, адамдардың бір-біріне деген құрметін сақтап отырған.

 

              Исламда ақты қастерлеу мәні

     Исламда ақты қастерлеу және оған құрмет көрсету – діннің негізгі құндылықтарының бірі, және оның терең мәні бар.

 

                Ақтың (сүттің) қасиеті

        Исламда ақ (сүт) – Алланың адамзатқа берген ең таза, ең пайдалы нығметтерінің бірі болып саналады. Құран Кәрімде Алла Тағала сүтті ерекше бір нығмет ретінде сипаттайды. Сүттің тазалығы, табиғи болуы және оның адамдардың денсаулығына пайдасы исламда жоғары бағаланады. Бұл сүттің табиғи, таза тағам ретінде ерекшелігін көрсетеді және мұсылмандарды табиғи әрі таза тағамдарды тұтынуға шақырады.

 

         Ысырапшылдыққа тыйым салу

       Исламда кез келген тағамды, соның ішінде ақты, ысырап етуге қатаң тыйым салынған. Мұсылмандарға берілген әрбір нығметке шүкіршілік етуге, оны қадірлеуге және оны дұрыс пайдалануға үйретеді. Сүт, қымыз, шұбат және басқа да ақ тағамдарды төкпеу, оларды қадірлеу – осы шүкіршіліктің және нығметке деген құрметтің бір көрінісі.

 

              Адал және таза тағамға  басымдық беру

      Исламда адал (халал) тағамдарды тұтынуға ерекше мән беріледі. Ақ тағамдар адал әрі таза болғандықтан, оларды тұтыну арқылы мұсылмандар рухани және физикалық тұрғыдан тазалыққа қол жеткізеді. Бұл тұрғыда ақ тағамдар адамның денсаулығына пайдалы ғана емес, сонымен қатар рухани тазалыққа да жетелейтін тағамдар ретінде қарастырылады.

 

               Ана сүтінің маңыздылығы

       Исламда ананың баланы емізуі, ана сүтінің маңыздылығы да ерекше орын алады. Ана сүті – баланың алғашқы тағамы, ол тек денсаулық қана емес, баланың рухани дамуына да әсер етеді. Сондықтан ана сүтіне құрметпен қарау, ананың сүтін бағалау – исламдағы маңызды қағидалардың бірі.

      Қорытындылай келе, исламда ақты қастерлеу – Алланың берген таза, адал нығметтерін қадірлеу, ысырапқа жол бермеу және рухани, физикалық тазалыққа ұмтылу дегенді білдіреді. Ақ тағамдарды құрметтеу – мұсылманның Аллаға деген шүкіршілігін және адамзатқа берілген нығметтерге деген құрметін көрсетеді.

 Болат БОПАЙҰЛЫ

Пікірлер Кіру