Ақиданың адам өміріндегі әсері

04 қыркүйек 2018 9552 0
Оқу режимі

Адам баласы үшін ең маңызды тақырып ол – ертеңгі күні қабірде ең бірінші болып қойылатын сұраққа байланысты. Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің сахих хадисінде: «Адам баласы қабірге қойылғанда оған екі періште келіп үш сұрақ қояды», – деген. Соның біріншісі – «РАББЫҢ КІМ?» деген сұрақ. Яғни, адам баласы үшін ең маңызды тақырып ол – «Раббысын тану».  Ал пенденің бұл дүниеге келуіндегі мақсат – Жаратушысын танып, оған иман келтіріп, құлшылық жасау. Аят-хадистерде: «Жалғыз Алладан басқа жаратушы, ризық беруші, пайда келтіруші, зиянды кетіруші, жалынуға, жалбаруға, құлшылыққа лайық тәңірдің жоқтығы», – баяндалады.

Кей мұсылмандар өкінішке орай исламдағы барлық білімдердің атасы болған «ақида біліміне» тиісті деңгейде көңіл бөлуден қалды. Қазіргі заманның бір ғалымы айтқандай: «Біз мұсылмандар Алланың бұйрықтарымен таныстық, бірақ Алланың өзімен танысқан жоқпыз. Сол үшін де бұйрықтарын орындауда селқостыққа ұшырадық. Егер де біз әуелі Алланы танып, сосын бұйрықтарымен танысқанымызда, бұйрықтарын орындау жолында жанымызды пида етер едік. Бізде керісінше болды. Сол үшін Алланың бұйрықтарынан айналып өтуде, орындамауда, өзімізді ақтауда алдымызға жан салмаймыз».

Адамның құлшылығы Алланы дұрыс тануға негізделген болуы керек. Сол кезде жасалған құлшылықтар жемісін береді. Қазіргі таңда намаз оқи тұра, адамдармен мәміле жасағанда қатыгез, дөрекі болып жүрген бауырлар қаншама. Бес уақыт намазын мешітте оқиды, бірақ ата-анасымен тіл табыса алмайды. Дүйсенбі, бейсенбінің оразасын қалдырмайды, бірақ көрші-қолаңдарымен жақсы қарым‑қатынаста емес. Неге бұлай? Адам намазға тұрғанда, анамыздан да мейірімді болған рақымды Алла тағаламен байланысқа түсіп жатқан жоқ па? Неге онда жүрегінде мейірімділік жоқ? Рахман, рахим, ра-ууф, яғни мейірімді, рақымды, жұмсақ болған Алламен дұрыс байланыста болған адамның қатыгез, дөрекі болып қала беруі мүмкін емес.

Алла Тағала Құранда ардақты Пайғамбарымызға (с.ғ.с.):

فَبِمَا رَحْمَةٍ مِّنَ اللَّهِ لِنتَ لَهُمْ

«Алланың саған берген мейірімділігінің арқасында сен олармен жұмсақ мәміледесің»,[1] – деген.

Мейірімділік адамның жүрегіне беріледі және оның әсері адам баласының өзгелермен, жан-жануарлармен, қажет болса жәндіктермен, жалпы қоршаған ортамен мәмілесінде міндетті түрде көрінеді. Бұдан не түйеміз? Не түсінеміз? Бұдан адамның ақидасының (сенімінің) дұрыс болуының маңыздылығын түсінеміз. Олай болса ақидаңы түзетіп, Жаратушыны дұрыс тануға талпынғанымыз дұрыс болар. Орындап жатқан құлшылық дұрыс сенімге негізделген болса ғана сауапқа кенелте түспек. Сол кезде құлшылығың тұла бойыңа сіңіп, маңайыңа нұр шашып, өз жемісін береді.

Құлшылығымызды дұрыс ақиданың үстіне құратын болсақ, міндетті түрде екі дүниенің бақытына кенелеміз. Ғұламалар құлшылықты мына керемет сөздермен түсіндіріп берген: «Құлшылық – Алланы дәлелдермен қуатталған яқин сеніммен танығаннан кейін келетін, адамды бақытқа жетелейтін ерікті түрдегі Аллаға бағыну. Алланы дұрыс таныған адамның оны жақсы көрмеуі мүмкін емес. Жақсы көргеннен соң бағынбауы мүмкін емес. Бағынғаннан соң бақытты болмай қалуы да  мүмкін емес».

Алла Тағала баршамыздың жүректерімізге дұрыс сенім, Өзіне деген мол махаббат нәсіп етсін!

 


[1] «Әли Имран» сүресі, 159 аят.

Пікірлер Кіру