«АРАБҚҰЛ», «ОРЫСҚҰЛ» ДЕГЕН КІМДЕР?

24 маусым 2024 1188 0
Оқу режимі

Күнделікті өмірде, қоғамдық ортада, әр түрлі жиындарда, дүйім жұрт алдында, әлеуметтік желілерде қолданылатын сөз көп жағдайда адамның түпкі ойын, шын бейнесін жасыру мақсатындағы бетперде екені бәрімізге мәлім. Сайлау науқандарындағы жарыссөздерде сөйлеген үміткерлерге көпшіліктің сенбеуі де осы себептен.

Психолингвистика саласының көрнекті өкілі Джеймс Пеннебейкердің пайымдауынша, «мен», «менің», «маған» деген сөздерді жиі қолдану адамның өз-өзіне деген сенімсіздігін, ішкі қорқынышын көрсететін «қорғаныс құралы». Сөз қолданысын жыныстық ерекшелік тұрғысынан алғанда, әйелдер ер адамдарға қарағанда есімдіктерді жиі қолданып, үшінші тарапқа сілтеме жасап сөйлеуге, «түймедейді түйедей етуге» бейім келеді.

Белгілі бір сөз қолданысының жиілігі адамның дүниетанымы, ішкі жан дүниесі, әлеуметтік, психологиялық жағдайы, тұқымынан берілген генетикалық ерекшеліктері туралы көп мәлімет береді.

Француздың Зигмунд Фройдтан кейінгі танымал психоаналитик маманы Жак Лакан «тіл шындыққа жалғастыратын көпір» деуінде негіз бар. Адамның түпкі ойын, сана-сезімін, әлеуметтік сатыдағы орынын тану үшін оның сөз қолданысындағы ерекшеліктерге үңілу қажет. Әр түрлі әлеуметтік топтар, әр жастағы ер және әйел адамдар жылдар бойы жүргізген психологиялық зерттеулерді қорытындылай келе Тексас университетінің психолингвистика мамандары «адамның сөзі не болса өзі де сол» деген қорытындыға келеді.

Жоғарыда сөз болған психологиялық зерттеулер негізінде бүгінгі күні қазақтілді әлеуметтік желілерде «арабқұл», «орысқұл», «пәленшеқұл» деген сөзді жиі қолданатындардың санасы құлдыққа бейім, арғы тегінде аталарының құл болғанынан генетикалық хабар беріп тұр-ау, деген ой туындайды. Қанында атадан берілген әншілік дарын бар адамның жиі айтатыны ән, күй туралы, жылқы бағып өскеннің ауызына «жылқы» түседі, тегінде бүйірі шығып тойып көрмегеннің сөзі тамақ төңірегінде, ата-бабасынан бері жарымаған біреу ақшалы орынға жайғасса жеп құртады.

Әрине, арамызда ана тілін тәрк етіп, орысша сөйлейтін, орысша ойлайтындар, арабтарға еліктеп киінетіндер жетерлік. Бірақ олар ешкімнің де «құлы» емес, өзіміздің орысшылдар мен арабшылдар, яғни, көзқарасы бойынша «русофил», «арабофил» қазақтар.

«Соңғы үкім» фильміндегі мұсылман дінін қабылдап, татар қызының Бәдисафа есімін алған Александраға үйленген, орыс тіліне жетік Ахмет Байтұрсыновты «орысқұл» деп, шабармен Тойлыбаймен «тамырым» деп қазақша сөйлесетін казак Василийді «қазаққұл» деп қалай айтамыз? «Мен қазақ балаларының орыс тілін үйренгенін қалаймын, бірақ өз тілінде білім алуы керек» демей ме Ахмет Байтұрсынов тергеуші Лозановскийге?

Шығармаларын орыс тілінде жазғанмен қазақтың рухани дүниесіне қазақша оқығандардан да зор еңбек сіңіріп, ұлттық санаға сілкініс әкелген Олжас Сүлейменов, Әнуар Әлімжанов, Абайды әлемге танытқан Роллан Сейсенбаев, екі тілде де жазатын ұлт мақтанышы Бауыржан Момышұлы еді ғой? Өзіміздің Қызылжардың ұлы Сергей Баймұхамедов тарихты саралау біліктілігі, ұлттық сана-сезімі жағынан қазіргі қай жазушымыздан болса да биік тұр. Ал ойсыз айтылған «орысқұл», «арабқұл» деген сөздер дәрменсіздіктен.

 

Марат ЕРМҰҚАНОВ

 

Пікірлер Кіру