АРАПА КҮНІНІҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ

07 шілде 2022 6082 0
Оқу режимі

Айша (р.а.) анамыздан: «Арапа күніндей Алла Тағала тозақтан көп пенделерді азат ететін күн жоқ...[1]», – деген хадис жеткен.

Ал, Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Ақиқатында, Алла Тағала аспан иелеріне (періштелерге) Арафаттағылармен (қажылық етушілермен) мақтанып: «Менің құлдарыма қараңдар, олар Маған үсті-басы шаң-тозаң болып келіп тұр, – дейді[2]»

Ибн Омар (р.а.) риуаяты: Дін жайлы сұрап келген екі кісіге пайғамбардың (с.ғ.с.) берген жауабында: «... Ал, Арафатта тұрғаныңа келсек, ақиқатында Алла Тағала дүние аспанына келіп, (қажыларды) періштелерге мақтан етіп: «Менің мына құлдарым үсті-басы шаң-тозаң болып әр атыраптан келді. Олар Менің мейірімділігімнен үміт етуде, азабымнан қорқуда. Бірақ (рахметім мен азабымды) көрген емес. Ал, көрсе қандай болар еді», – дейді. Егер сенің жер бетіндегі құм түйірінің санындай немесе дүние жаралғалы бергі күннің немесе аспаннан түскен тамшы санындай күнәң болса да Алла Тағала оны жуып-шаяды[3]»

Омардың немересі Сәлим бин Абдулла (р.а.) Арапа күні қайыр сұрап отырған кісі көріп: «Әй, байғұс! Осындай күні де Алладан басқа біреуден сұрап отырсың ба?!» – деп айтқан екен.

Ал, Омар бин Абдулазиз (р.а.) Арафатта тұрып: «Расында сендер алыс-жақыннан келдіңдер. Ат-көліктеріңді шаршаттыңдар. Киімдерің тозды. Бірақ, бұл күні озған кісі ат-көлігімен емес, күнәсі кешірілген кісі озған болып саналады», – деген екен.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Қажылық – Арафат[4]» деп, қажылық етушіге осы тауда болуы парыздың бірі екендігін түсіндірген.

Арафат – Харам аймағынан тыс жерде. Мекке қаласынан шамамен 21шақырым қашықтықта. Бұл тау – Харамның шығыс жақтағы шекарасы. Бұл таудың жалпы аумағы 10.4 шаршы шақырым.Қазіргі таңда Арафаттың аумағын көрсететін арнайы белгілер орнатылған. Өйткені, қажыларға зулхиджа айының 9-күні Арафат тауында күн батқанға дейін болу – парыз. Ал, таудың аумағынан тыс жерде болу қажылықтың парызын бұзады. Міне, осы жерде қажылар бесін мен екінті намазын қосып оқиды.

Арапа күні көп дұға-тілек айту, истиғфар жасау және Құран оқу – мұстахаб. Алла елшісі (с.ғ.с.): «Дұға-тілектің ең қайырлысы – Арапа күні жасалғаны[5]», – деген.

Арафаттың батыс жағында Ғурана ойпаты бар. Сол жерде қазіргі таңда, Намира мешіті тұрғызылған. Өйткені, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қажылықтағы құтпасын сол жерде айтқан. Намираның соңғы жағы Арафаттың аумағына кіреді. Алайда, мешіттің алдыңғы жағы бұл аумақтың тысында. Қажылар осыны ескеруі қажет.

Руслан Камбаров


[1] Муслим
[2] Ахмед, Ибн Хиббан, Хаким
[3] Мунаннаф Абдураззақ
[4] Тирмизи, Насаи
[5] Тирмизи

 

Дереккөз: muslim.kz мұрағатынан

Пікірлер Кіру