ӘРУАҚ

18 қараша 2024 295 0
Оқу режимі

Әруақ мәселесіне қатысты қысқа-нұсқа төрт тұжырым айтқым келеді:

Біріншіден, ислам діні - таухид сеніміне негізделген. Алла Елшісінің (с.ғ.с) Хақ дінді алып келуінің негізгі сыры осында жатыр. Жаһилият дәуірінде арабтардың көпшілігі ханиф сенімінен айнып, көп құдайшылдыққа ұрынды. Ұлы Жаратушыға емес, мақлұқатқа табынып кетті. Ислам діні осы қателікті түзеу үшін түсірілді. Кімде-кім исламның осы мақаситін түсінбесе, сөзсіз ақидада адасушылыққа ұрынады.

Екіншіден, Алла әділеттілердің әділеттісі. Алланың құзырында жай пенде мен асқан тақуа тең емес. Ислам дінінде Алла-тағала өзінің сүйген құлдарының дәрежесін арттырып, оларға айрықша мәртебелер берген. Соның бірі, ізгі мұсылмандардың жақын-жуығына шапағат ету құқығына ие болуы. Бұл жөнінде Имам Ахмад Ханбалдан жеткен хадисте Алла Елшісі (с.ғ с): "Шыншылдар мен шахиттер қалаған адамына шапағат ете алады" - дейді. Демек, Хақ-тағаланың қалауымен болатын ұлық әулиелердің шапағатынан дәмету ақидада асылық болмайды.

Үшіншіден, тартысқа тұздық болып отырған "әруақ қолдасын" сөзі "кун фая кун" мағынасын білдірмейді. Жарату мен болдыру (кун фая кун) Аллаға ғана тән. Меніңше қазақ айтатын "әруақ қолдасын" сөзі жоғарыдағы дұға қылу және шапағат ету мағынасында айтылған. Егер, бұл сөзді Аллаға ғана тән "кун фая кун" мағынасында деп ойласақ, онда жаңсақ кеткен боламыз.

Төртіншіден, "әруақ" сөзі рухтың көпше мағынасын білдіреді. Яғни, "әруақ" дегенде Адам атадан бастап күллі пайғамбарлар мен әулие-әнбиелердің рухы айтылып тұр. Имам Субки "Ақидада Пайғамбарға истиғаса жасау - рұқсат", - дейді. Ендеше, біз "әруақ" дегенде ойымызға барша әулие-әнбиелерді сидырсақ, онда бұлай айту ақидада сөлекет емес.

Түйін: "Әруақ" мәселесіне ит-қырқылжын болып айтысып жатқан ағайын Хакім Абайдың мына бір өлеңін оқып, тәубесіне келсе екен:

Физули, Шамси, Сайхали,

Науауи, Сағди, Фирдауси,

Хожа Хафиз бу хаммаси,

Мәдәт бер я шариғи фәрияд!

 

(Дінтанушы,теолог Мұхан Исаханның фейсбуктегі жазбасы).

 

Пікірлер Кіру