АШАМАЙҒА МІНГІЗУ

31 қаңтар 2024 2395 0
Оқу режимі

Ұл бала қара табан болып жетіге дейін жерден жейтін таяғынан құтылып, кез келген қурай мен шыбықты ат қып айнала шаба бастасымен өзі құралпы қыздардан бөліне бастайды. Есіл-дерті түзге, малға ауады. Ал қыздар көбелек қуып, қуыршақ жасап, сұлу көрініске үйір болып, үйден ұзамауға тырысады. Қашан да "мал, малды алған соң ал" деп тағдырын малға сүйейтін қазаққа осы малды бағу үшін бала керек.

Бала болғанда - ҰЛ.

"АШАМАЙ" - ердің қарапайым түрі. Ағаштан жасалады. Кеңдігі баланың ауына лайық. Алды-артында ердің қасы секілді сүйеніші бар. Үзеңгісі жоқ. Үстінде жұмсақ көпшігі болады. Осыны жуас атқа ерттеп, үстіне баланы мінгізеді. Ауыл қалмасын деп басында екі аяғын байлайды. Сонан соң тізгінді балаға ұстатып, біреу атты алдымен арқан бойы жерге, онан соң онан алысқа жетектейді. Сөйте-сөйте баланың өзі жүреді. Бір-екі күннен соң аяқты байламайды.

Бала өз бетімен жүреді. Содан айналасы бір жетінің ішінде атқа жақындық қанында бар қазақ баласы ашамайды тастап, ер-тоқымға мінеді.

Үзеңгіге аяғы жетпесе таралғыға салады.

Өмірінің қақ жартысы аттың үстінде өтіп,

ауы ерде тозатын, қайсар қазақ алғаш атқа отырған кезде "АШАМАЙ ТОЙЫН" жасайды.

Бұл той әр әке-шешенің шама-шарқына қарай болады. Байлар ірі қара сойып кәдімгідей той жасайды. Кедейлері бүйрегі бітеу, ұлтабары толатындай майы бар лағын сойып, көршілеріне ықылас танытады. Әулеттілер күзде бие ағытып, сірге жияр бергенде бір құлынға ен салып, ашамайға мінген баласына бәсіре атайды. Жоқтар қолындағы бір биесінің құлынын алдын ала атап қояды.

Қазақ үшін алдымен ашамайға, артынан тай-құнанға міну ат жалын тартты деген сөз.

Ат жалын тартты деген сөз - азаматтықтың бастамасы. Өйткені қазақ баласы ұдайы жаугершілікте өскендіктен бе, әлде көшпелі өмірдің өзі қалыптастыра ма өмірге ерте бейімделеді.

Ерте үйленеді. Мал соңына ерте ілеседі. Бұл тіршіліктің бәрі қазақта атпен бітеді. Сондықтан ашамайға мінгізу ерекше аталады. Осы ашамайға мінгеннен бастап ат құлағында ойнау, кебенек киіп елдің шеті, боранның өтіне шығу,

сауыт киіп, садақ ұстап жаумен шайқасу, бәрі-бәрі ашамайға мінуден кейінгілер.

Ашамайға баланы мінгізіп, көрші-қолаң, жақын-жуық жиналғанда бұрынғы даналардың көсем сөздері көп айтылады.

Осал ынжықтарға ұқсамасын деп үлкендер балаға бата береді.

 

Пікірлер Кіру