Әйел құқығы шектеулі ме

19 наурыз 2021 9186 0
Оқу режимі

Исламдағы әйелдің орны мен рөлі туралы терең зерттелген шығармалармен көпшілік жете таныс болмағандықтан, Ислам мәдениетінде әйел адамның құқығы тым шектеулі деген түсінік қалыптасқан. Мұндай түсініктің орын алуына қазіргі батыс елдерінің исламды жаппай қаралау үрдісінің тигізген әсері де орасан. Жалпы, Ислам дінінде әйелзатына үлкен мәртебе берілген.

Исламға дейінгі кезеңде арабтарда әйелдің құқығы тым төмен еді. Әсіресе, арабтар қыз балаларды тірідей жерге көметін. Өлтіруге қимағандары қыздарын ұлдарша киіндіріп, жұрттан жасырып ұстаған. Бұлайша әйел мәртебесін тым төмендету себебі, қыздар өскенде жезөкшелік жасап, «абыройымызға дақ түсіреді» деп ойлайтын. Шынында да исламға дейінгі жабайы араб қоғамында жезөкшелік ерекше асқынып тұрды. Кейбір арабтар ұлдарын текті ету үшін әйелдерін өз қолымен ақсүйек адамның төсегіне апарып жатқызатын. Жезөкше әйелдер жүкті болып қалған жағдайда, Кайф деген сәуегей келіп, еркектердің біріне мына баланың әкесі сенсің деп, оны зинадан туған балаға әке ететін. Арабтардың «шиғар» деген некесі бойынша, қыздары бар арабтар бір-біріне қыздарын қалыңмалсыз беріп үйленетін. «Бәдел» деген неке бойынша, арабтар әйелдерін бір-біріне беріп айырбас жасайтын. Күйеуі өлген жесірді туыстарының бірі зорлықпен өзіне әйел ететін. Исламнан бұрынғы арабтардың азғынданғаны соншалықты, тіпті олар өгей шешелеріне де үйлене беретін.

Ал, ислам дінінің келуімен әйелге деген зорлық атаулы күшін жойып, олар ерекше жоғары мәртебеге қол жеткізді.  Енді исламның әйелзаты үшін әкелген кейбір ізгіліктеріне тоқталсақ.

Ислам мемлекеті қалыптаспай тұрып-ақ, Мекке кезеңінде Құран кәрім әйел мен еркек теңдігін былайша паш етті: «Шын мәнінде, Мен сендерден еркек, әйел амал істеушілердің амалын зая етпеймін. Сендер бір-біріңненсіңдер»[1].  Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да әйел мен еркектің теңдігі хақында: «Әйелдеріңіздің сіздерде, сіздердің әйелдеріңізде  хақыларыңыз бар», – деген болатын.

Сондай-ақ, арабтардың қыздарын тірідей жерге көмуін Құран былайша сынға алды: «Егер олардың біреуі қызбен сүйіншіленсе (әйелінің қыз тапқанын естісе), оны ашу қысып, беті қарая бастайды. Өзіне берілген жаман хабардың салдарынан елден жасырынады. Оны қорлыққа шыдап ұстау немесе топыраққа көміп тастау керек пе? Олар нендей жаман үкім береді»[2]. Ата дініміз осылайша, арабтардағы  азғындық  әрекетке тыйым  салды.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) әйелзатына ерекше көңіл бөлу керектігі туралы хадистері өте көп. Солардың кейбіріне тоқталар болсақ: «Мұсылмандардың ең жақсысы, әйеліне дұрыс қарағаны», «Әйелдерге жақсы мінезде болыңыздар», – деп өсиет етті.

Жалпы, ислам әйелді өз апа-қарындасындай құрметтеуге шақырады. Бұл туралы Алла Елшісі (с.ғ.с.) былай деген-ді: «Әйелдерге ер кісілер өзінің апа-қарындастарындай мәміледе болуы керек. Еркекті адам ететін әйел».

Әйел дегенде ана еске түседі. Ал, Құранда әкеге құрмет көрсетуді анадан бөле-жара қарастырмайды: «Сендерге Алла тек өзіне ғана бойсұнуды бұйырды, ата-аналарыңа жақсылық жасауды өсиет етті. Олардың біреуі немесе екеуі бірдей қартайып (қалжырап) қалса «үһ» деуші болмаңдар, зекіп ұрыспаңдар. Екеуіне де ізетті болыңдар. Екеуіне де зор мейіріммен, кішіпейілмен бас иіңдер. «Аллам, олар мені бала кезімде қалай мәпелеп өсірсе, Сен де оларға сондай рахымдылық ете гөр!» - деп айт»[3].

Ислам отбасылық қарым-қатынасты бірізділікке түсіріп, әйел мен ердің, ата-ана мен балалардың құқықтар мен міндеттерін нақты анықтап берді. Отбасы – адамның өз бақытын тауып, ұрпақтың жалғасуы, әрі ислам діні бойынша күнә деп саналатын жаман әрекеттерден қорғайтын бірден-бір қорған. Ислам діні бойынша отбасы түрі - патриархаттық негізде қалыптасты. Алайда, бұл қараңғылық дәуірдегі ер адамның отбасыдағы үстемдігінен өзгеше еді. Бірақ, отбасын басқаруда отағасы белгілі құқықтарға ие болды. Мысалы, әке өз баласын сатуға мен өлтіруге шешім қабылдауына құқығы болмады. Осыған байланысты қараңғылық дәуірде орын алған жас сәбиді өлтіру әдетіне тыйым салынды. Сондай-ақ, мұсылман құқығында әйел күйеуінің алдында кейбір мәселелер бойынша тәуелсіз болды. Алайда, еркектің қоғамдағы атқарар жұмысы ауыр болғандықтан, әйелден кейбір мәселелерде үстемдікке ие-тін. Бұл жайында Құран былай дейді:

«Еркек – әйелге билік жүргізеді. Себебі, Алла оларды бір-бірінен артық етіп жаратқан және ерлер әйелдер үшін мал-мүліктерін сарп етеді. Жақсы әйел еріне бойсұнады, ерлері жоқ кезде бір Алланы пана тұтып, өздерінің абыройын сақтайды. Ал егер олардан жаман қылық көрсеңдер үгіт-насихат айтып, ескертіңдер, оған көнбесе төсекте бірге жатпаңдар. Онда да болмаса (соңғы шара ретінде) ұрыңдар. Егер бағынса, басқа жол іздеп оларды жәбірлемеңдер. Алла сендерден ұлы әрі үстем. Ерлі-зайыпты екеудің ынтымағы жараспай бара жатқанынан қауіптенсеңдер, онда ер жағынан бір әділ адамды, әйел жағынан бір әділ адамды жұмсаңдар. Аллаһоларды татуластырар болса, онда араларының жарасып кетуіне дәнекер болыңдар. Алла шынында да бәрін біліп, барлығынан хабардар болып тұрады»[4].

Құранның бұл үкімдерінің басты мұраты – отбасының татулығын сақтап, әйел мен ердің арасында келіспеушілік туындаған жағдайда, оны шешу үшін  ортаға татуластырушыларды салып, отбасының айрылысуын тоқтатуды көздеген-ді. Ислам діні патриархаттық отбасыны белгілі бір өлшемде ғана қолдады. Өйткені, отбасылық қатынаста ер адамның әйелдің көңіліне дұрыс қарау, азық-түлікпен   қамтамасыз ету, киіндіру секілді міндеттері және әйелдің тәуелсіз жеке көзқарасының болуы, мұсылман құқығында әйел мен еркектің белгілі бір деңгейде теңдігі болғандығын көрсетеді.

Үйлену мәселесіндегі мұсылман құқығының бұл үкімдері халықты зинадан қорғауға негізделгені анық байқалады. Себебі, зина – отбасының шаңырағын шайқалтатын апат. Сондықтан, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)  бойдақ жігіттерге: «Ей, жігіттер! Сіздердің араларыңыздан кімнің үйленуге шамасы жетсе үйленсін. Себебі, үйлену көзді және нәпсіні харамнан қорғаушы», – деп, жастарды зинаға бармастан бұрын үйленуіне кеңес берген.

Мұсылман құқында үйленген соң әйелге зұлымдық жасайтын болса, мұндай некені мәкруһ (Алла сүймейді) деп танып, әйелді зұлымдықтан қорғайды. Әйелді зұлымдықтан қорғаумен бүкіл отбасының құрып кетуінің алдын алады. Себебі зұлымдық көрген әйелде күйеуіне деген өшпенділік сезім күшейеді де жұбайлардың бірлігін қамтамасыз ететін сүйіспеншілікке деген жолдар жабылады. Бұл отбасыда дүниеге келетін баланың педагогика тұрғысынан алғанда тәрбиесі жетілмейді.

Мұсылман құқында үйленудің ең жақсы түрі – Алла Елшісінің (с.ғ.с.)  сүннеті негізінде үйлену. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мұсылмандарға үйленудің келтірер пайдасы туралы былай деген болатын: «Мұсылман Алладан қорқып оған бойұсынғаннан кейін жақсы бір әйелінен көрген пайданы өзге ешкімнен де көрмейді. Себебі әйеліне бұйырса, бұйрығын тыңдайды, жүзіне қараса сүйіспеншілігі оянады, сапарға шықса өзі болмаған уақыт бойы намысын және күйеуінің мал-мүлкін қорғайды».

Бұл туралы Құранда: «Әйелдер сендердің киімдерің, сендер әйелдеріңнің киімдерісіңдер»,[5] –деп, жұбайларды бір-бірінің денесін суықтан, ыстықтан қорғайтын, рухты түрлі зиянды нәрселерден қорғайтын киімге теңеген.

Мұсылман құқында некеге тұрудың үш шарты бар. Бірінші шарты бойынша, үйленуші ер адам мен әйелдің кәмелетке толуы, ақыл-есінің дұрыс болуы және Құранда некелесуге тыйым салған негіздер сақталуы керек. Екінші шарты бойынша, екі тараптың өзара келісімі қажет. Үшіншісі бойынша, неке куәландырылып, жариялануы шарт.

Мәһр, әйелдің келісіміне қарай, ақшалай немесе заттай болуы да мүмкін. Мәһрдің маңызы туралы Құранда («Ниса» сүресі, 24- аят) баяндалады. Мәһр – қалыңдыққа берілетін түрлі бағадағы құн ғана емес, керісінше қоғамдағы әйелдің беделін білдіретін әйелдің және ақысы саналатын сыйақы. Исламнан бұрынғы дәуірде арабтарда «Ниһлә» деп аталатын қыздың құны берілетін болған. Оны тек қыздың өкілдері алатын. Ал исламда әйел адам мәһрдің құнын өзі белгілеп, жұмсауы да өз еркінде. Мәһрге белгілі бір шек қойылмаған.  «Олардың біріне (әйелдерге) жүк-жүк мәһр берсеңдер де одан бірде-бір нәрсені кері алмаңдар»[6].

Мұхан Исахан

 


[1] «Әли Имран» сүресі, 195-аят.
[2] «Нахл» сүресі, 58-59 аяттар.
[3] «Исра» сүресі, 23-24 аяттар.
[4] «Ниса» сүресі, 34-35  аяттар.
[5] «Бақара» сүресі 187-аят.
[6] «Ниса» сүресі, 20-аят
 

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру