Ажырасудың мыңдаған себебі бар...

28 шілде 2021 6887 0
Оқу режимі

Бүгінгі таңда көтерілген көп шаңырақтың шайқалып, талай отбасының бұзылып жатқаны ақиқат. Тіпті жаңа құрылған отбасылардың үштен бірі жанұяларына бір жыл толмай жатып ажырасуда деген де дерек бар. Біздіңше, мұның көптеген себептері бар. Бірақ негізгі себебі Ислами құндылықтарға, ұлттық құндылықтарға мән бермеу, Батыстық мәдениетке еліктеу деп есептеймін. Сондықтан бүгін жанұяның шаттығына бөгет болып, отбасының ажырасуына себеп болып жатқан жағдайлардың бірқатарына тоқталайық.

Ажырасуға соқтыратын басты себептердің бірі материалдық жағдай. Мысалы, ер адамның өз отбасын дұрыстап асырамауы, олардың күнделікті қажеттіліктерін толық қамтамасыз ете алмауы шаңырақты шайқалтпай қоймайды. Ал Ислам діні ер адамға отын жинап сату арқылы болса да отбасын асырауға бұйырады. Майлықожа ақын «Болымы жоқ боз бала, Бейнеттен қашар бұлтаңдап» деп жалқаулықты сынаған. 

Ал кейде отағасы өз үйін шамасы келгенше бағып отырса да, әйел кісінің оған қанағат етпеуі, атап айтқанда, «көршілеріміз үлкен үй соғыпты», «жаңа көлік алыпты», «жыл сайын шипажайда тынығады екен» деген секілді сөздері отбасын ажырасуға дейін апарып жатады. «Қылымсыған қатын қызыл көйлек киедінің» керімен «мен жұрт секілді шашыма қарай алмадым, тырнағымды баптай алмадым» деп күйеуінің зығырын қайнататын жағдайлар да кездеседі. Ислам діні мұндай қанағатсыздыққа да тыйым салған. Ақын бабаларымыздың:Жаман қатын жігіттің, Тайдырады табанын, Тар қылады заманын, - деп жырлауы да осыдан болса керек.

Отбасының бұзылуына көп жағдайда ерлі-зайыптылардың бір-бірін алдап, өтірік айтып, өзара сенімнен айырылуы да себеп. Бір-бірінің күнәлі іске барғаны жайлы күмәнданатын ерлі-зайыптылар аз кездеспейді. Босағаны пәк аттамайтын қыздар да жоқ емес. Сондықтан күйеулері кейде әйелінен безінеді. Ал Ислам діні ер мен әйелді әрдайым адалдыққа, ар-намысына кір жұқтырмауға шақырады. Зина күнәсін жасамау былай тұрсын, зинаға апаратын жолға жақындамауды бұйырады. Сондықтан келешектен үміті бар қыздар жеңіл жүріске салынбай, етек-жеңіне қарап, ар сызығын аттамай жүруге көңіл бөлгені жөн.

Ерлі-зайыптылардың перзент сүймеуі де шаңырақ шайқалуына әкеліп жатады. Өйткені бала ата-ананың көз қуанышы. Перзентсіз отбасында уайым-қайғы көп болады. Келіндердің құрсақ көтермеуіне олардың қалай болса солай, ашық-шашық, жеңіл киініп жүріп, жатырларына суық тигізулері де бір себеп. Ал негізінде перзент сүймеу ажырасуға түрткі бола алмайды. Ондай күйдегі отбасылар Алладан перзент сұрап дұға етулерін тоқтатпағандары дұрыс. Құранда Зәкәрия пайғамбардың қартайған шағының өзінде: «Уа, Раббым, сүйегім қаусап, шашым ағарды. Уа, Раббым, Саған тілек етіп жалбарынудан күдер үзген емеспін. Шынында, мен артымда қалатын жақындарымнан (мұрагер бола алмайды деп) қауіптенем. Ал әйелім бала көтеруден қалған. Сонда да, өз құзырыңнан бір перзент нәсіп ете гөр!» деп дұға етті. Сонда Алла Тағала сондай қаусаған кәріліктеріне қарамай келешекте пайғамбар болатын Йяхья атты ұл нәсіп етті.

Кейде ер мен әйелдің бойдақ кездеріндегі арман-қиялдары отбасы құрған кездерінде жүзеге аспай қалса, соған бола ажырасып кететіндер де бар. Мысалы, тұрмыс құрған соң, тек күйеуімен жеке өмір сүруді, тапқан табыстарын тек өздеріне ғана жұмсауды армандаған қыз баланың алдынан ата-ене, қайын жұрт деген мәселелер шығады. Күйеуі ата-анасына қарауға, олардың қас-қабағын бағуға көңіл бөлетін адам боп шығады. Көптеген ұрыс-керістер осыдан шығады. Ал негізінде, әрбір адам отбасындағы берекенің қайнар көзі қария кісілер екеніне көңіл бөлгені жөн. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кішілерімізге мейірім көрсетіп, үлкендерімізді құрметтемеген адам бізден емес» деп ескерткен. Демек, ата-енені сыйламау мұсылмандыққа сын. Әйел кісілер өз күйеуін қалай сыйласа, оның ата-анасы мен туыстарын солай құрметтеуі тиіс. Ер адам да әйелінің туыстарына дәл сондай құрметпен қарауы керек.

Күйеуінің өз әйелін жөн-жосықсық ұрып-соғып, орынсыз тоқпақтай беруі де бір күні әйелдің ажырасуға тілек білдіруіне себеп болады. Негізінде, әйел ұрып-соғумен тәрбиеленбейді. Оны Алланың дінін, иман негіздерін, шариғат қағидаларын үйрету арқылы тәрбиелеу керек. Күйеуін дұрыстап сыйламаса, ақыретте не күтіп тұрғанын түсіндірген дұрыс. Алладан, ақыреттен қорықпайтын адамды ұрып-соғып тәрбиелеймін деу бекершілік. 

Үй иесінің маскүнемдікке немесе нашақорлыққа салынуы, құмар ойындарына беріліп кетуі, ұрлық жасауға әдеттеніп кетуі, бала-шағаның қажеттіліктерін мүлде ескермеуі көп жағдайда отбасының ажырасуымен аяқталады. Бұл аталған әдеттердің бәрі дінімізде қатаң тыйым салынған күнәлі істер. Ислам діні ажырасу секілді сүйкімсіз істердің орын алмауы үшін, қоғамның тыныш әрі салауатты болуы үшін бұл күнәларға тыйым салған. Демек, бұл да шешілсе, тек мұсылмандықпен шешілетін проблема. Бұрын бұзақылықтың түр-түрін әдет еткен адамдардың мұсылмандыққа берілу арқылы қатты өзгеріп, мінезін түзеткені жайлы қуанышты жайттарды көп естиміз. Бұл да асыл дініміздің кәмілдігі мен адам тәрбиелегіш қуатының жарқын белгісі.

Сондай-ақ кейде жаңа құрылған отбасының бұзылуына екі жастың туыстарының арасындағы түсініспеушілік те себеп болатыны өкінішті. Дұрыс той жасамады, жақсы киіт кигізбеді, құдалықты жақсы күтпеді деген секілді болмашы сөздер ерлі-зайыптылардың бүкіл өмірін қор етеді. Отбасылық тату-тәтті өмірмен салыстырғанда бұл кәделердің түкке алғысыз екендігін құдандалы ата-аналар естен шығармаса екен.

Отбасын құрған ер мен әйелдің бірі өз бақытын сырттан, көшеден, өзге адамнан іздейтін жағдайлары да бүгінгі қоғамда жоқ емес. Ер адамның өз отбасын тастап, өзге әйелмен қол ұстасып кетуі де көп кездеседі. Бала-шағасын қараусыз қалдырып кету ата-ананың қай-қайсысына болса да сын. Алла тағала Ақыретте бұл істің есебін сұрайды. Перзенттердің өзі де Алланың алдында өздерін тастап кеткен әкесі немесе шешесінен ақысын талап етеді. Мұсылман адам сол күнгі халі туралы ойланғаны жөн.

Қысқасын айтқанда, ажырасудың мың сан себептері бар. Оның бәрін де Ислам дінінің құндылықтары арқылы шешуге болады. Сондықтан отбасын құрған ерлі зайыптылар өз өмірлерін асыл дініміздің шарттарына қарай құрғандары дұрыс.

Асылбек Әуезханұлы

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру