Бала кішкентай болғанымен

06 қаңтар 2020 10622 0
Оқу режимі

Баланың өзі кішкентай болғанымен, қашан да ата-анаға жүктейтін жауапкершілігі үлкен. Осы орайда баланың әр жас шамасына қарай тәрбие негіздері де өзгеріп отыратынын ескеру керек. Мәселен, бес жасты алсақ, бұл жаста неге көңіл бөлген дұрыс? Ал алты жаста ше?

Бала тәрбиесінде бұл жаста баланың екінші «алтын кезеңі» басталатындығы айтылады. Бастаған ісін жартылай тастап кететін төрт жасар бала беске қадам басқанда ісіне тиянақты, үйреткен шаруаларды жайлап өзі атқара бастайтын жағдайға жетеді. Мысалы: тамақ жеу, ішу, жуыну, киіну, тістерін тазалау секілді жеке басының шаруаларын өзі тындыра алады. Дегенмен, кішігірім көмектерді қажетсінуі мүмкін. Әлі де әке-шешесіне тәуелді болғанымен, өзімен қатарлас балалармен ойнай алады. Велосипед айдау, жіппен секіру, доп ойнау секілді қимыл-қозғалысты ойындарды жақсы көрумен қатар, рөлдерге бөлініп ойнағанды да ұнатады. Ішкі жан дүниесін тұрақтылық билегенімен, бойында қорқыныш сезімі басымдау болып тұрады. Қараңғы жерден, жоғалып кетуден қорқады. Себебін өзі де түсінбейді. Төрт жастағы балада ұялу сезімінің ұшқыны пайда бола бастайды. Ал, бес жасында бұл сезім анағұрлым дами түседі. Баланың бойында ұяттың пайда болуы – саналылықтың алғашқы нышаны. Имам Ғазали баланың бойында ұяттың пайда болуын маңызды санап, былай деген: «Балада тәмииз (жақсы мен жаманды ажырата білу) белгілері байқалған уақыттан бастап, тәрбиесін жіті қолға алу керек. Оның алғашқы белгісі – ұяттың пайда болуы. Ұяла бастауы балада ақыл нұрының пайда болғанын көрсетеді. Ендігі жерде ол кейбір нәрселерді жаман, кейбіреуін жақсы деп қабылдайды. Кей жерде ұялмаса, кей жерде ұялады. Ұялу қасиеті – Алла тағаланың оған берген сыйы. Егер дұрыс тәрбиеленсе, болашақта мінез-құлқы биязы, жүрегі адал болатынының нышаны».

«Ұят – иманның бір бөлшегі» деген хадисті ескерсек, ұяттың оянуы арқылы бала бойында әлі де шынайы дәрежеде болмаса да иманның бүршік жарғанын байқаймыз. Бұл жастағы балаға Аллаға иманмен қоса пайғамбарларға иман және соңғы елші Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) өмірі мен сахабалар туралы қызықты оқиғаларды жиі әңгімелеп беру керек. Сонда жастайынан бала бойында оларға деген сүйіспеншілік қалыптасады.

Бір мұсылман ғалымы өзінің балалық шағының бір сәтін былайша әңгімелейді:

«Дінге көзімді ашқан кісі атам еді. Ол кісі маған діни әңгімелерді көп айтатын. Бірде хазірет Әлидің батырлығын әңгімелегенде, былай деп сұрағаным есімде:
–  Ата, Пайғамбарымыз күшті ме, әлде Әли күшті ме?
Сонда бес жасар баланың пәк көңілінен шыққан сұрағына атам әрі балаларды, әрі үлкендерді ойлантатындай былай деп жауап беріп еді:
–  Пайғамбарымыздың бойында қосымша пайғамбарлық күш бар емес пе?!
Атамның осы бір сөзін әлі күнге ұмытқан емеспін».

Бұл жерде айтпағымыз, 5-6 жасар баланың діни тәрбиесі. Кейбір ғалымдар балалардың барлық қабілеттерінің балалық шақта жетілетінін айтады. Мысалы, Америкалық ғалымдардың зерттеулері бойынша, бала санасындағы қабілеттердің жартысы 4 жасында, үштен екі бөлігі 6 жасқа келгенде қалыптасады. Сондықтан балалардың мінез-құлқына, кісілік тұлғасына әсер ететін нәрселерді үйрете берген жөн. Баланың бойында кісілік тұлғасының қалыптасуына себін тигізетін тәрбиенің бірі – жаратылысына сай істерге баулу. Мысалы, ұл балаларды атқа міну, садақ тарту, жүзу, күрес және жүгіру секілді спорттық ойындарға жаттықтырған жөн. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әкенің бала алдындағы міндеттерін баяндағанда, жақсы ат қою, құлағына азан шақыру, адал рызықпен тамақтандыру, жазуды үйретумен қатар садақ тарту, атқа міну, күрес және жүзуді үйретуді де қоса атайды. Бұлар ұл баланың денесін шынықтырады, батырлыққа, шыдамдылыққа, ептілікке жаттықтырады. Мұндай тәрбиемен өскен баланың бойында жастайынан ер жігітке тән мінез қалыптасады. Ал қыз баланы үй шаруасына, балаға қарауға үйрету мақсатымен осы тектес ойындарға тарту қажет. Ол үшін ойыншықтар мен қуыршақтар сатып алып берудің дұрыстығын ғалымдар құптаған.

Бес жастағы бала Алла тағаламен байланыс құрудың бір түрі дұға екенін түсіне бастайды. Кейбір дұғаларды жаттай алады. Олар әлемдегі барлық балалар дұға жасайды деп ойлайды. Дұғасында көбінесе өзіне керек материалдық нәрселерді сұрайды. Дұға жасау дағдысы қалыптасу үшін 5-6 жастағы балаларға белгілі бір уақыттарда, тамақтан бұрын, тамақтан кейін, ұйықтар алдында және кейбір жерлерде дұға жасауына мән беріп, қадағалап отыру керек.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде «Балаға 7 жасында намаз үйретіңдер» деген. Олай болса, біз, ата-аналар 7 жасқа келгенде шынайы көңілмен, өз қалауымен намаз үйренуі үшін балаға намазды көзтаныс, үйреншікті ету керек. Айналасындағылардың намаз оқығанын кішкентайынан көріп өскен бала саналы түрде оның қажеттігін ұғынады. 7 жасқа келгенде намаз оқуды қиынсынбайды. Сондықтан, шаңырағымыз мешіттің қызметін атқарып, сол «мешіттің» ішінде әрдайым намаз оқылып, пенденің Жаратқан иеге шүкіршілік ретінде құлшылық етуі тиіс екенін ұқтыратын атмосфера сезіліп тұрса, бала да реті келгенде өздігінен намазға жығылады.

Тағы бір мұсылман ғалымының пікірінше «4-5 жасында балаңызды саябақтармен қатар мешіттерге де апарыңыз. Мешітке кіріп, ондағы басқа мұсылмандардың да құлшылық жасағанын көреді. Құлшылықтың адамзаттың бәріне бұйырылған парыз екеніне көз жеткізеді. Мешітке баланы ертіп апару оның тұла-бойына мұсылмандық өмір-салтының сіңуіне көмектеседі. Әрі әкесімен немесе анасымен бірге барғандықтан, балалық шақтың ең ыстық сәттері ретінде жадында мәңгі сақталып қалады».

Ал, алты жасында былтырғыға қарағанда мінезі шатақтау болып, сырттай енжарлыққа бой алдырғандай көрінеді. Бірақ осы жаста бала әжептеуір жетістіктерге де қол жеткізеді. Өзі жуынып, киініп, түймелерін өзі қадай алады. Қырқу, жабыстыру, сурет салу, бояу секілді істер қолынан келеді. Оңы мен солын танып, кеше мен бүгінді ажыратып, үйрену талабы да арта түседі. Әріптер мен сандарды үйреніп, жазу, есептеуге кірісе бастайды. Мұсылман ғұламалары балалардың мектепке бару кезеңі ретінде 5-7 жас аралығын атайды.

Бірақ айта кететін жайт, мұсылман ғалымдары мектепке бару үшін белгілі бір жастан гөрі, баланың ақылы мен қабілеттерінің жетілуін басты назарға алады. Мысалы, хадисшілердің көпшілігі негізінен хадис тыңдауға болатын жас ретінде бес жасты атайды. Алиул-Қари көпшілік ғалымдардың: «Ең азы бес жасында хадис тыңдауы керек, одан кішкентайлардың тыңдауына болмайды» деген пікірін білдіре келіп, хадис сабақтарына балалардың бес жасынан бастап қатысуына болатындығын айтады. Сәхәуи болса, көбінесе бес жаста балалардың хадис тыңдай бастауына болатынын, бірақ одан ерте де, одан кеш те болуы мүмкіндігін айтады. Алиул-Қаридың пікірінше, хадисті үйрену үшін ең оңтайлы жас – тәмииз жасы. Тәмииз жасы дегеніміз, айтқандарды түсініп, дұрыс жауап бере алатын жас. Кейбір ғұламалар бала өзіне айтылғандарды түсініп, жауап бере алатын болса, бес жастан кіші болса да, тәмииз жасына кірген болып саналады деп есептеген. Дегенмен, көпшілік тәмииз жасын 7-8 жас деп белгілеген. Бірақ бұл өзгермейтін қағида емес. Ақыл-есінің дамуына қарай әр балада тәмииз жасы әр түрлі болып келеді. Мысалы, Имам Шафиғи кішкентай кезінен бастап, хадис, Құран, әдебиет, тіл, т.б. сабақтарды үйреніп, 15 жасына келгенде халықтың сұранысы бойынша діни мәселелерге пәтуа бере бастаған. Ал Ибн Синаның он жасында Құранды, әдебиетке қатысты білімді өте жақсы меңгеріп, дін методикасы (усулуд-дин), математика, алгебра сияқты ғылым салаларына қатысты мәліметтерді жатқа білгені айтылады. Тіпті ғалым Исмаил Хаққы Бурсауи: «Мұсылмандар баласын төрт жасында мектепке беруі немесе оған ұстаз тағайындауы керек» деген екен. Міне, осы айтылғандардан кейбір кісілердің балаларын өте ерте жастан мектепке немесе діни білімдерді үйренуге бергендерін көреміз. Хадис ғалымы И. Жанан осы тұрғыда өз көзқарасын былай баяндайды:

«Балалардың білімге қадам басуы, жас деңгейіне емес жеке даму ерекшеліктеріне байланысты ерте болуы да мүмкін. Балаларға кей нәрселерді кішкентай кезінде үйрету мүмкін болғанымен, кейбіреулерін үйрету оңайға түспейді. Кейбір дұға, сүрелерді кішкентай кезінен үйретуге болады. Оқу, есеп, грамматика, логика секілді ойлануды қажет ететін ілімдерді сәл есейгенде қолға алу керек».

Иә, баланы өсіру бір бөлек те, оны ізгі ұрпақ ретінде тәрбиелеу өзінше бөлек іс екені анық.

Құдайберді Бағашар

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру