Баланы көркем мінезділікке тәрбиелеудің маңызы

09 қаңтар 2021 7678 0
Оқу режимі

Асыл дінімізде өмірдің барлық қыры қамтылған кемелділік бар. Яғни, адам өмірінің барлық сатысы осы діннің аясында қарастырылады. Бұның ішінде бала тәрбиесінің де маңызы айрықша. Бүгінгі таңда жастар мен кәмелетке толмағандардың қылмыс істеу көрсеткішінің жоғары болуы біздегі бала тәрбиесінің осалдығын көрсетсе керек.

Ендеше Ислам діні аясында Алла Елшісінің (с.ғ.с) өнегесі бойынша бала тәрбиесін қарастырып көрейік. Ислам дінінде кез келген мәселенің өнегесі Құранда баяндалалды. Құран Кәрімнің «Лұқман» сүресінің 13-17-аяттарында Лұқман хакімнің мынадай ғибратты қиссасы былайша баяндалады: «Сол уақытта Лұқман өз ұлына үгіт бере отырып: «Әй, балақаным! Аллаға серік қоспа! Күдіксіз ортақ қосу – зор зұлымдық... Әй, балақаным! Намазды толық орында. Дұрыстыққа бұйырып, бұрыстықтан тый. Басыңа келген ауыршылыққа сабыр ет. Рас бұлар маңызды істерден» (дейді)».

Жүсіп (ғ.с) пайғамбар бала кезінде көрген түсін әкесі Жақып (ғ.с) пайғамбарға айтқанда, байыппен тыңдаған әкесі: «Балапаным, түсіңді бауырларыңа айтпа. Әйтпесе олар саған қастандық жасауы мүмкін»[1], дейді.

Бұл аяттардағы Лұқман мен Жүсіп (ғ.с) қиссасынан баланы тәрбиелеу методикасы мен тәрбие кезеңдерін білуге болады. «Әй, балақаным!», «ей, ботақаным» т.б баланы баурап алар жылы сөздерден бастау керек екенін көреміз. «Жақсы сөз – жарым ырыс» дегендей. жылы сөз арқылы бала ата-анаға махаббат байлайды. Қандай қателік болса да, «жылы-жылы сөйлесе жылан інінен шығады» деген сөз бар.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір хадисінде «Мен жер бетіне адамзатқа ұстаз етіп жіберілдім», – десе, тағы бір хадисінде «Мен көркем мінезді толықтырып, кемелдендіру үшін жіберілдім», – дейді. Исламның ең басты мақсаты да – адамзатты тәрбиелеу. Ендеше, адамзатты тәрбиелеудің ұлы мұраты баланың қалай тәрбиеленуінен бастау алады. Мағжан Жұмабаев бала тәрбиесі жайында өзінің даңқты еңбегі «Педагогика» атты кітабында «туғанда іңгәлаған айғайы мол бір кесек ет, ақылы жоқ, есі жоқ» адам баласы осы тәрбие арқылы тұлға болып өсіп жетілетінін баяндайды. Бұл біздің халқымыздың бала тәрбиесіне бей-жай қарамағанын білдіреді.

Исламдағы дәріптелетін баянды, ақ некенің маңызды мақсаттарының бірі де, өмірге тәрбиелі ұрпақ әкелу, иманды, салихалы бала тәрбиелеу. Ардақты Алла Елшісі (с.ғ.с) өзінің өнегелі хадис шәрифінде «Әкесінің баласына жасаған жақсылықтарының ең бағалысы – жақсы тәрбие», «балаға бір мәрте көңіл бөліп, тәрбие беру – бір сағ (2120 граммға тең) көлемінде садақа бергеннен де жақсы» деу арқылы бала тәрбиесінің қоғамдық маңызының қаншалықты екенін жеткізген.

Бұл тұрғыда Ислам құндылықтарындағы насихатталатын асыл қасиеттерін сіңірудің пайдасы орасан. Ол үшін ата-анасының да жауапкершілігі айырықша. Бұл жайында хадистерде «әр қайсыларыңыз жауаптысыздар. Қарамағыңыздағыдан қиямет күні есеп бересіздер... Отағасы отбасынан сұралады» деп ескерткен.

Тағы Мағжан Жұмабаевша айтсақ, «тәрбиелеудегі мақсұт – адамды һәм сол адамның ұлтын, асса, барлық адамзат дүниесін бақытты қылу». Осы бақыттың жолын Ислам баламен болған көркем қарым-қатынастан, мейірім мен жанұя жылуынан қарастырады. Адамзатты жетілдіру үшін жіберілген соңғы дін – мейірімділік пен ізгілік діні. Сондықтан ең бірінші, ата-ана мейірімді болу керек. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) заманында сахабаларға мейірімділік ететіні соншалықты. Неше мың сахаба бар. Соның бәрі де Пайғамбардың (с.ғ.с) ең жақсы көрген адамы мен шығармын деп ойлап қалады екен.

Міне, осындай көркем мінезбен, жұмсақтықпен тәрбиелеу лазым.

Сәбит Ережепов

 


[1] «Жүсіп» сүресі, 5-аят.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру