«БАНДИТИЗМ РОМАНТИКАСЫ» ҺӘМ ҚОҒАМДАҒЫ ҚАТЫГЕЗДІК ЖАҒДАЙЛАР

22 қазан 2024 620 0
Оқу режимі

1. «Бандитизм романтикасы» терминінің анықтамасы мен көрінісі

«Бандитизм романтикасы» деп «қылмыстық әрекеттер немесе заңға қайшы іс-әрекетпен айналысатын адамдардың қоғамда, не болмаса, белгілі бір топтардың көз алдында тартымды кейіпке енетін құбылысты» айтады. Ол жағдайда бандиттер мен қарақшылар кейде қаһармандар, кейде қалыптасқан әділетсіз жүйеге қарсы күресушілер ретінде қабылданып, көбіне өмір тәжірибесі аз жастар арасында жанашырлық пен еліктеушілік тудырады. Мұндай көзқарастың қалыптасуына оның өнерде, кинода, бейнеленуі және медиа жүйесі арқылы оның қоғамда «оң құбылыс» ретінде насихатталуы ерекше ықпал етеді. Нәтижесінде, бандитизмнің қылмыстық сипатына қарамастан, қоғамда осыған тәуелді қоғамдық көңіл-күй қалыптасады. Ол, әсіресе, жасөспірімдер ен жастар арасында аса қатты белең алады. Бұл – сонысымен аса қауіпті!

2. «Бандитизм романтикасының» әлеуметтік құбылыс ретінде пайда болуы және тарихы: «ресми қарақшылық» дегеніміз не?

«Бандитизм романтикасы» тарихы ежелгі дәуірден басталады. Мәселен, антикалық кезеңде де қарақшылар мен теңіз қарақшылары «батыл әрі тәуелсіз тұлғалар» ретінде қабылданып, заңдарға және тәртіпке қарсылық көрсететіндер қатарында саналды. Мәселен, Ежелгі грек мифологиясында Рейдерлер деп жалдамалы пираттарды атаған. Оларды корольдің өзі жақтап, кеме мен қару‑жарақ берген. Рейдерлердің мақсаты жаудың кемесін тонау емес, оны суға батырып көзін құрту болған екен. Егер бұл қарақшылар кемені тонап кетсе, оны өз қожайындарына беретін болған. Міне, қазірге дейін «өзгенің мүлкіне шабуыл» деп саналатын рейдерлік осыдан шығады.

Орта ғасырдағы Еуропада Робин Гуд секілді тұлғалардың танымалдығы ‑ байларға қарсы шығып, кедейлерге көмек көрсететін «игі қарақшы» бейнесін қалыптастырды. Уақыт өте келе, мұндай бандитизм бейнелері әдебиетте, кинода және жаппай мәдениетте жалғасын тапты. Мысалы, ХХ ғасырда бұл құбылыс гангстерлер мен мафиозилерді күш пен ықпалдың символы ретіндегі бейнелерінде көрініс тапты. Бізге жақсы таныс итальяндық «Спрут» фильмінде белгілі актер Микело Плачидидің комиссар Каттани бейнесі тек бандитизммен күресті емес, сонымен бірге мафияның құдыреттілігін де қатар насихаттағаны рас.

Мұндай криминалды жағдай КСРО ыдыраған соң барлық тәуелсіз республикаларда пайда болды. Олар осы аймақта «рэкет» атымен танылды. Қазақстанда осы аттас фильм де түсірілді. Ол Қазақстанда ерекше болды, себебі, Қазақстан геолокация тұрғыда тек тауар транзитін ғана емес, сонымен бірге «рэкет транзитін» жүзеге асыра алушы еді. Сол себепті, бұрынғы Одақта қазақстандықтардың беделі де жоғары болды. Олар кеңестік кезден дәстүрлі беделі бар «грузиндік заңдастырылған қылмыс авторитеттерімен» теңесе алды десе болады. Бірақ, қоғамдық пікірде кейде, қазақстандық рэкетті «ел байлығын қорғаушылар» ретіндегі қаһарман ұлдарға теңестіру қалыптасып, олардың бейнесін геройландыру байқалады. Бірақ, бұл, негізінде, әрбір рэкеттік топтың өз территориясын қорғауының ғана көрінісі еді. Бұл – рэкетизмнің өмір сүру шарты.

Ал, тоқсаныншы жылдардың соңында мемлекет дамуы өз арнасына түсе бастады. Сөйтіп, «рэкет дәуірі» аяқталып, оның орнына жүйелі түрде билікпен сыбайласқан «ресми қарақшылық» келгені қазір көпке белгілі болып отыр. Ол ‑ Қазақстан бар байлығын «жекешелендіру» арқылы аяусыз ысырап етіп, мемлекетіміздің дамуын ондаған жылдар артқа шегерген авторитарлы жүйенің жемісі саналады. Қазір елімізде баяу болса да, осыған кері процесс жүруде. Ол бағдарлама заңсыз ұрланған, заңсыз иеленген мемлекеттік активтерді қайтаруды көздейді.  Осыған байланысты қоғам тарапынан құқықтық және әділетті мемлекет орнатуға деген талаптың артуы, қоғамның әділеттілік орнатуға күш салып жатуы ‑ соның айғағы. Әрине, бұл жағдайда «бандиттік романтика» өзін ашық көрсетуге батылы бармайды. Бандитизм – астыртын әрекет жағдайына көшеді...

Ал, Ресейде бұл әйгілі «Бригада» фильмінде анық көрінді. Жалпы, Ресейде қарақшылық туралы фильмдер өте көп түсіріліп, сол арқылы қарақшылыққа бейім жастардың топ‑тобы пайда болғаны құпия емес. Ресей мемлекеттік деңгейде оның зардабын әлі көруде және бұл ұзаққа созылатын сыңайлы...

3. «Бандитизм романтикасының» әлеуметтік себептері және психологиясы

«Бандитизм романтикасының» негізгі әлеуметтік себептері теңсіздікпен, әлеуметтік қақтығыстармен және қоғамдағы әділетсіздікпен байланысты. Адамдар билік тарапынан әділетсіздікке тап болғанда немесе кедейлік пен езгіні сезінгенде, бандиттер балама көшбасшылар немесе «ақиқат үшін күресушілер» ретінде қабылдануы мүмкін. Сонымен қатар, романтизация заң жүйелерінің әлсіздігі немесе сыбайлас жемқорлық арқылы туындауы мүмкін. Бұл билікке деген сенімнің азаюына және бандиттің тәуелсіз әрі батыл тұлға ретінде қабылдануына ықпал етеді.

Негізі, «романтикалық бандитизм» жеке‑дара өмір сүре алмайды. Ол міндетті түрде «үйірлік» сипатта болып, кландық қақтығыстарға араласады. Бұл, енді, бандитизмнің ең жоғарғы шыңы, оның интеллектуалдық Эвересті, қазақша айтсақ ‑Хан Тәңірі!

Ал, осы «интеллектуалды бандитизм» деп аталатын жалған романтиканың жергілікті көрінісі жабайы формада болуы заңды. Оған жергілікті топтың интеллектуалдық өресінің төмен болуы кедергі. Сондықтан, ауылдық және аудандық деңгейдегі мұндай топтардың тірлігі көбіне дөрекі тонаушылықпен ғана шектеледі. Алайда, коррупциялық жағдайда олар да жергілікті билікпен, қажет адамдармен сыбайлас болуға қабілетті екенін жоққа шығаруға болмас. Бұл ол топтың әрбір мүшесіне өздері «тобыр» санайтын қарапайым еңбек адамдарынан артықшылығын сездіретін «сиқырлы романтика». Сол себепті де ндай қылмысты топтар жас жеткіншектер арасынан өз жақтастарын тез табады, тез көбейеді. «Үйірлік сана» олардың бойына күш‑қуат береді...

Бандитизм романтикасының психологиясы адамдардың еркіндікке, билікке және тәуелсіздікке деген құштарлығына негізделген. Бандитизмді романтизациялайтындардың көзінде қылмыскерлер көбіне күшті тұлғалар ретінде қабылданады. Сөйтіп, ол «тұлғалар» қалыптасқан жүйеге қарсы тұрып, өз ережелерімен өмір сүреді. Бұл, әрине, әсіресе өзін-өзі танытуға ұмтылған немесе авторитарлық құрылымдарға қарсы шығуды көздеген жастарды қызықтыруы мүмкін. Бұл «бандитизмнің» романтикалық жағы. Бірақ, шынайы өмірде бәрі қарапайым... Себебі, біз бандитизмді қаншама әсірелесек те, ол бәрібір бандитизмнің тартымдылығы тез жетістікке жету, байлыққа кенелу және құрметке ие болу иллюзиясына негізделген болып қала береді... 

4. Бандитизм және мемлекет заңы: бұлыңғыр болашақ

Заң тұрғысынан бандитизм – бұл қоғам нормаларын бұзатын және азаматтардың қауіпсіздігіне қауіп төндіретін қылмыстық әрекет.

Мемлекет бандитизмді құқық тәртібі мен тұрақтылыққа қатер ретінде көреді және қылмыскерлерді заңға сәйкес жазалайды. Алайда, бандитизм мен құқық тәртібі арасындағы қақтығыс көбінесе бандиттерді романтизациялауды күшейтеді, әсіресе, заңдары әділетсіз және қатал болып тұрған қоғам үшін бұл тұрақты құбылыс десек болады. Мұндай жағдайда бандиттер белгілі бір топтарда езгіге түскендер үшін кек алушылар ретінде қабылдануы мүмкін.

Өкінішке орай, дәл осындай жағдай қазіргі «әділетті Қазақстанда» да кеңінен орын алып отыр. Кейінгі кезде бұл мүлдем күшейіп бара жатқандай әсер қалдырады. Мысалы, біздегі құқық қорғау жүйесі осы уақытқа дейін еліміздегі талап етіліп отырған демократиялық өзгерістерге даяр еместігін көрсетуде. Мәселен, елдегі «айыппұл көлемін» алар болсақ, ол халықтың экономикалық және құқықтық сауаттылығы көрсеткішіне сай емес. Соған сой, ол «ресми қарақшылықтың» бір түрі болып қабылданып жатыр...

Бұған әсіресе жастар жағы дайын емес. Сол себепті, әр жерлерде олардың астыртын ұйымдасқан қылмыстық топтары пайда болып, олар маңайын «өз тәртібімен» өмір сүруге, бұлардың айтқанымен жүруге мәжбүрлегісі келеді. Мұның мемлекеттік деңгейдегі көрінісі ретінде Қазақстан әскеріндегі болып жатқан «көксақалдық құбылысты» (дедовщина) айтар едік. Онда небір қылмыстық сорақылықтар орын алып, әскер қатарына «қылмыс әлемі романтикасы» дендеп ене бастады. Соңғы кездердегі жауынгерлердің өлімі, мүгедек болып қалуы, зорлықшылардың жауапкершілікке тартылмауы, әскери бөлімшенің қылмысты бүркемелеуі, «кемедегінің жаны бір» деп бір‑бірін қорғауы және тағы сондай құбылыстар осыны білдіреді...

Иә, мұндай жағдайлар енді мектептерде де орын ала бастады. Бұл мәселені қоғам болып талқылап, депутаттық деңгейде көтермесек – біз бұлыңғыр болашаққа бара жатқан сияқтымыз...

5. Бандитизмнің діни және мәдени аспектілері

Кейбір мәдениеттерде және діндерде «бандиттік бейне» батырлық немесе рухани қарсыласу тұрғысынан қаралуы мүмкін. Мысалы, әдебиетте және фольклорда бандиттер кейде, әділетсіздікпен күресетін және әлсіздерді қорғайтын адамдар ретінде суреттелетін образдар жеткілікті. Қоғам да олардың әрекеттеріне этикалық заңдылық береді – оны «ақылды тентек» деп әспеттеп, қоғам мінезінің жақсы жағы ретінде (характер) көрсетуге бейім. Бірақ, осылай дей отырып, қоғам ондай «мінездің» қоғамдық сипатына көңіл бөлуі тиіс. Ал, ол жоқ. Сол себепті, «тентектіктің» соңы «бандитизм элементтерімен» заңды түрде жалғасын тауып жататыны анық. Бұл – ежелден шынайы  өмірді дәріптейтін, адамның өз өмірінде ұрпағының адамгершілік бастауын «жақсы‑жаман», «обал», «ұят болады», мейірімді бол» (адам бол), «елдің баласы бол», «қатарыңның алды бол», «ата‑анаңды жерге қаратпа», «сұғанақ болма», «көлденең жатқан көк шыбықтан аттама» және т.т. адами қалыпты қалыптастырып тәрбиелеген қазақ халқының ұлттық тәрбиесі өз арнасын жоғалтып алып, оны қайта таба алмай жатқанының белгісі ме деуге болады...

Діни ілімдерде бандитизм әдетте айыпталады. Бірақ, барлық уақытта емес. Әсіресе, кейінгі кезде елімізге дендеп еніп жатқан, «мәдени қалыбы» бөтен радикалды діндердің уағызы Ұлттық болмысты қирату арқылы, жастар санасын қатыгездікке қарай бұруда. Өйткені олардың көп уағыздары қазақы қалыптағы моральдық және құқықтық нормаларды ескермейді. Мәселен, қазаққа тән туыстық бауырмалдылық дінде дәріптелмейді. Олар үшін космополиттік, яғни, «ұлтсызданған мұсылмандық» әлдеқайда маңызды. Ал, ондай «ұлтсызданған мұсылмандық» мемлекет пен ұлт қалыбынан тысқары тұратындықтан – нақты бір ұлттық тәрбиені, идиомаларды қабылдамайды. Тек абстарктілі ұғым күйінде қалады. Нәтижесінде, біздің көптеген жастарымыз «мұсылмандықты қорғауды» (ұлтын емес) парыз санап, әлемдегі діни соғыс ошақтарына өз еріктерімен аттанып кетті. Бұл, кең мағынасында, ешқандай да романтика емес, бұл «Халықаралық бандитизм» деп аталады. Ол, алдымен, саяси құбылыс.

Сондықтан, діни мифтерде немесе аңыздарда қылмыскерлерді қаһармандар ретінде қабылдау мүмкіндігі әлі де орын алуда. Өкінішке орай, ол діни аңыздардың көбінің қазақ халқының ұлттық мәдени ерекшеліктерімен, адамгершілік қалыбымен еш үйлестігі жоқ екені, қабыспайтыны күннен күнге айқын бола бастады...

6. Қоғамдағы бандитизм романтикасынан құтылу шаралары

Бандитизм романтизациясымен күресу үшін қоғамға кешенді ықпал ету қажет:

Басты шаралардың бірі – құқық қорғау институттарын нығайту және олардың әділдігі мен тиімділігін арттыру, осылайша адамдар қылмыскерлерді балама «қорғаушылар» ретінде көрмейтіндей жағдай жасау.

Екіншіден, жастар арасында сыни ойлау мен этикалық нормаларды қалыптастыруға бағытталған білім беру бағдарламалары, сондай-ақ әлеуметтік осал топтарды қолдау, оларға дер кезінде бағыт‑бағдар беру маңызды рөл атқарады.

Үшіншіден, бандитизмді тартымды етіп көрсетуі мүмкін насихат пен медиа-контентті бақылау қажет.

7. Халық және бандитизм: қайшылықтар

Қоғамның бандитизмге деген көзқарасы әрқашан екіұшты болады: Бір жағынан ‑ көпшілік оның адамды дұрыс жолдан бұзушы және қылмыстық табиғатын түсінеді;

Екінші жағынан – бандиттер кейде жанашырлық пен таңдану тудырады.

Бұл қайшылық көбінесе өте күрделі әлеуметтік проблемалар пайда болғанда туындайды. Адамдар қылмыскерлерді батыр немесе өз мүдделерін қорғаушылар ретінде көргісі келеді, әрі, солай көреді де. Ал, бандитизм романтизациясы, шын мәнінде, қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздікке шынайы қатер төндіретін иллюзия екенін атап өту маңызды.

8. Қазақстандағы балалар арасындағы бандитизм және суицид деңгейі – өте қауіпті құбылыс.

Қазақстанда соңғы жылдары балалар арасындағы бандитизм мен суицид деңгейінің өсуі байқалады. Мен бұл жерде адамдардың жүрегін ауыртпау үшін, арнайы статистикалық көрсеткіштерді жариялауды жөн көрмей отырмын. Онсыз да қорқынышты жағдайға тап болған қоғам үшін ол статистиканың өзі де зиянды екені анық.

Дегенмен, бұл құбылыстың себептеріне тоқталмай кетуге болмайды. Ол: әлеуметтік тұрақсыздық, тәрбиелік бағдарламалардың жетіспеушілігі, бұқаралық мәдениеттегі теріс бейнелердің әсері, сондай-ақ адам өміріне қоғам тарапынан мейірімнің азаюы және т.т. себептер жатады.

Қиын жағдайда қалған жастар кейде бандитизмді өз мәселелерін шешудің,  немесе, өзін-өзі дәлелдеу тәсілі ретінде қабылдайды.

Сонымен бірге, қазіргі діннің де «бұл өмірді жалған» деп жариялауы, «шын өмір тек о дүниеде» деп күндіз‑түні уағыздауы – санасы қалыптаспаған жастар арасында суицидтің болуына көптеп әсер етуде деп болжауға болады...

Сол себепті, елімізде қоғам болып, мектеп болып, ұжымдық деңгейде  қауіпті топтағы балаларды анықтауға және оларға көмек көрсетуге бағытталған қылмычстың алдын алу бағдарламаларын жүргізудің жедел әрі кешенді шараларын қолға алуымыз қажет.

Сондай-ақ жастар арасында «қылмысты романтизациялаумен» күресу де өте маңызды. Олар бір нәрсені анық білулері тиіс: Адам – табиғатынан қылмыскер емес. Оны осы жолға алып келетін жолдар адам тағдырынан тысқары тұратын себептер. Бірақ, ол адам барған қылмыс – ешқашанда ақтауға болмайтын күнә. Сондықтан, қылмыс жасаған міндетті түрде жазаланады әрі тек «қылмыскер» аталады. Ол адамның ешқашан «романтикалық герой» болуы мүмкін емес. Ол ‑ орта жолда тағдыры күйреген жан. Шындық осы.

Енді, осындай қауіпті «романтикадан» арылудың төте жолы:

1. Ұлттық тәрбиені күшейту және Құқықтық қоғам ерекшеліктерін жеткіншектерге үйрету;

2. Адамдар арасындағы құқықтық‑моралдік‑этикалық‑адамгершілік қатынастарды күшейту.

Бұл әрекеттер әрбір отбасыдан басталуы тиіс екені – айтпаса да түсінікті... Ал, осыған сай, мемлекеттің даму приоритеттері де «адам өмірі мен оның құндылығына» қарай бұрылуы қажет екенін ескертеміз.

 

Әбдірашит БӘКІРҰЛЫ,

философ

 

 

Пікірлер Кіру