БАҚСЫ-БӘЛІГЕР, КӨРІПКЕЛ, ҚҰМАЛАҚШЫ, ҚАРТАШЫ, ЕМШІ, ТАМЫРШЫ, ЖАУРЫНШЫ, СЫНЫҚШЫ ДЕГЕНДЕР КІМДЕР? ОЛАРДЫҢ АЙЫРМАШЫЛЫҚТАРЫ БАР МА?

26 маусым 2024 1739 0
Оқу режимі

Айырмашылықтарын айтып берсеңіз және ислам діні ілімінде бұларға қалай қарайды?- деп сұрақ жолдапты.

Менің берген жауаптарым:

Әрбір терминнің анықтамасын және олардың арасындағы айырмашылықты нақтырақ анықтап, жеке-жеке талдап шама келгенше айтып беремін.

Бақсы-бәлігер

Бақсы – дәстүрлі түркі халықтары мәдениетінде есте жоқ ескі замандардан бастау алып келе жатқан рухтармен байланыс орнату арқылы ауырңан адамдарды емдейтін, болашақты болжайтын және жын-шайтанды қууға қабілетті тұлға деп танылған адам. Бақсы көбіне дәстүрлі музыка аспаптарын (мысалы, қобыз) пайдаланып, рухани әлеммен байланысқа түседі. Қамшы алып, көсеу қыздырып, отпен, сумен, шөппен, малдың қан-жынымен селкілдеп зікір салып, бурадай бұрқылдап, текедей бақылдап, лақтай ойнақ салып секіріп, зікіріп ұшық салып, құтырына арбаң-құрбаң етіп билеп жүріп адам емдеп не жоғалған затты, малды болжап табады. Міне осындай бұрқы-шайқы, кіресалы-шығасалы есі бар, жындармен тілдесетін не жындарды өзіне тәуелді етіп бағындырған адамды-“Бақсы” деп атаған.

Бәлігер

Бәлігер – рухани күші бар, көріпкелдік және емшілік қасиеттерге ие тілсім қаблетті адам. Бәлігерлер бақсылық дәстүрді жалғастыра отырып, жын-шайтанмен күресіп, болашақты болжайды, ауырған адамдарды емдейді. Дем салады, ұшықтайды, ішірткілер береді, ауыруының неден болғанын болжап айтады. Міне осындай қасиеті бар адамды-“Бәлігер” деп атайды.

Көріпкел

Көріпкел – болашақты болжайтын, адамдардың өткен және алдағы тағдырын болжап, долбарлап алатын адам. Көріпкелдер де әртүрлі әдістер көзге көрінбейтін жындардың көмегі арқылы (түс жору, аян, интуиция) олардан алдына келіп отырған адамдардың болашағы туралы ақпарат алады. Қарта ашады, құмалақ салады, басқада заттардан пайдаланады. Олар алдына барған адамның атын, әке-шешесінің есімдерін және туылған күн, ай, жылдарын сұрап сосын соған сүйене отырып, жындардан көмек сұрап, құлағына сыбырлаған жындардың жеткізген хабарынан пайдаланып, алдында отырған адамдардың писихологиясына бағып болжам айтады. Осындайларды-“Көріпкел” деп атайды.

Құмалақшы

Құмалақшы – ақ сара бас қойдың кепкен 41 не 9 құмалағын шәшіп, жаймалап салып, содан пайдаланып болашақты болжайтын адам. Құмалақшылар құмалақтарды арнайы тәсілмен тастап, олардың орналасуына қарап, болашақ туралы ақпараттар айтады. Осындай адамдарды-“Құмалақшы” деп атайды.

Қарташы

Қарташы – карталарды пайдаланып, қарта ашып болашақты болжайтын адам. Қарташылар карталардың мағыналарын түсініп, олар арқылы адамның тағдыры мен болашағы туралы ақпараттар береді. Қартаның сиқырына сенетін және оны кәсіп ететін жынға жақын адамдарды-“Қарташы” деп атайды.

Емші

Емші –халық тәжірибесіндегі емдік шараларға сүйеніп, дәстүрлі әдістермен ауруларды емдейтін адам. Емшілер шөптер, түрлі өсімдіктер, жануарлар өнімдері, дәстүрлі рәсімдер арқылы адамдардың денсаулығын қалпына келтіреді. Осындай адамдарды”Емші” не “Халық емшісі” деп атайды.

Тамыршы

Тамыршы – дәстүрлі қазақ медицинасының білгірі, халық емшісі. Тамыршының басты қызметі адамның тамырын ұстап, оның бойындағы сырқаттарды анықтау және емдеу. Тамыршы адамның жүрек соғуын, қан қысымын және басқа да физиологиялық белгілерін зерттеп, диагноз қояды.

Тамыршының жұмысы табиғаттың құбылыстарымен, адамның рухани және физикалық жағдайымен тығыз байланысты. Олар емдеуде шөптер, минералдар, диеталар және басқа да табиғи дәрілерді пайдаланады. Қазақ халқының тарихында тамыршылардың орны ерекше, олар ұзақ уақыт бойы медициналық көмек көрсетіп, халықтың денсаулығын сақтауға атсалысқан. Осындай адамды-“Тамыршы” деп атайды.

Жаурыншы

Жаурыншы – малдың жауырыны (жаурын сүйегі) арқылы болашақты болжайтын адам. Жаурыншылар жауырын сүйегін отқа май жағып қыздырып немесе арнайы тәсілмен қарап, оның бетінде пайда болатын сызықтар мен белгілер арқылы болжам айтатын адамдарды-“Жаурыншы” деп атайды.

Сынықшы

Сынықшы – сүйек, буын, сынған жерлерді орнына келтіретін шебер емші. Сынықшылар дәстүрлі әдістермен, қолмен сүйектерді түзетіп, емдеу жұмыстарын жүргізеді. Осындай адамдарды”Сынықшы” деп атайды.

Айырмашылықтары

. Бақсы-бәлігерлер: рухани әлеммен байланыс орнатып, жын-шайтанмен күреседі және болашақты болжайды, көбіне дәстүрлі музыка аспаптарын пайдаланады.

Көріпкелдер** болашақты болжайды және аян, түс жору арқылы ақпарат алады.

. Құмалақшылар: қойдың құмалағын пайдаланып, болашақты болжайды.

. Қарташылар: карталар арқылы болашақты болжайды.

. Емшілер: дәстүрлі әдістермен ауруларды емдейді.

. Тамыршылар: ауырған адамның тамырын ұстап ауыруын табатын адам.

. Жаурыншылар: жауырын сүйегін пайдаланып, болашақты болжайды.

Сынықшылар: сүйек, буын, сынған жерлерді түзетіп, емдейді.

Емшілік, сынықшылық сияқты практикалар көбінесе дәстүрлі немесе халық медицинасы мен эзотерикалық білім жүйесіне жатады. Бұл білім жүйелері ежелден бері келе жатқан, көп жағдайда рухани, мәдени және әлеуметтік наным - сеніммен, ұзақ жылдық тәжірибеленге негізделген.

Ислам діні ілімі

Ислам дінінде бақсы-бәлігерлік, қарташылық, көріпкелдік, жауырыншылық, жұлдызшылық сияқты әрекеттерге қатаң тыйым салынады және олар ауыр күнә ретінде қарастырылады. Бұл әрекеттердің тыйым салынуының басты себебі – олардың Аллаға серік қосу (ширк) ретінде саналуында және адамдардың тағдырын, болашағын тек Алла ғана біледі деген сенімге қайшы келуінде.

Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) былай деген: «Кімде-кім көріпкелге барып, оның айтқандарына сенсе, ол адам Алла түсірген (Ислам) дінін теріске шығарған болады» (Муслим).

Ислам шариғатында бақсы-бәлігерлер, көріпкелдер және жұлдызшылар Алланың еркіне қарсы келіп, адамдарды алдап, оларды дұрыс жолдан тайдырады деп саналады. Мұсылмандарға тек қана Аллаға сеніп, одан көмек сұрау, дертке шипа тілегенде дұға жасау ұсынылады. Сондықтан да, бақсы-бәлігерлік, қарташылық, көріпкелдік, жауырыншылық және жұлдызшылық сияқты әрекеттер ислам дінінде қабылданбайды және олардан аулақ болу қажет деп есептеледі.

Болат БОПАЙҰЛЫ

 

Пікірлер Кіру