Басқа бәле – тілден

11 қараша 2020 9952 0
Оқу режимі

Қазақ – бір ауыз сөздің қадірі мен қасиетіне терең бойлай білген халық. Сондықтан болар, сөз сүйектен өтеді деп дана ата-бабаларымыз текке айтпаған. Расында сөздің қасиеті терең, өрісі кең, өресі биік. Қасиетті Құранның «Қаф» сүресінің 18-аятында: «Аузынан бір сөз шығарса-ақ болды алдында аңдушы дайын», – делінеді. Демек, еш пайдасыз сөз пендесін Алладан алыстатып, адам жүрегін қатайтатыны анық. Сөз қадірін өз қадірінен жоғары қоятын текті халық қандай әрекет етсе де, бір ауыз сөз айтса да Алласын ауызға алмай іс бастаған емес. Қазақы тәрбие шариғатпен тікелей байланысуының өзі біздің ислам дініне деген құрметімізді көрсетеді.

Адам баласының аузынан шыққан әр сөздің аңдушысы дайын екенін жоғарыдағы Құран сөзінен келтірдік. Демек, қасиетті кітаптағы айтылған сүренің түп мақсаты – сөйлейтін сөзіңе есеп беру дегенге келеді. Мәселен, орынды орынсыз сөйлеу де адамның мәдениеттілігінен хабардар береді. Көп жағдайда үнсіздікке бой алдыру да даналықтың бір белгісіне жатады. Ал аңдамай сөйлеп жататындар ауырмай өлетінін атам қазақ о бастан-ақ айтып кеткенін көпшілік жақсы біледі. Адамның көңілі қымбат. Мұсылман адам ешкімге жамандық жасамауы керек. Әсіресе, жүрекке ауыр тиетін сөз айтудан аулақ болғаны жөн.

«ОН ПӘЛЕНІҢ ТОҒЫЗЫ ТІЛДЕН». Адам шынымен күнәнің көбін тілінен табады екен. Қазір көпшілік әлеуметтік желіні оңды солды пайдалануға көшті. Барлығы ақылгөйсіп, биліктегі азаматтарға сөз тигізіп, саясатқа араласуға құмартып кеткендей. Шындықты бетке айттым деп еш негізсіз ғайбаттау көріністерінің тым өршіп кеткенін күнде көріп жатқанымыз ащы да болса шындық. Егер көпшілік жаңағы адамның істеген әрекетін қолпаштап жатса ол одан ары адал адамды қаралай түсіп, өзі осы қылығы арқылы күнәға батып жатқанын білмей қалады. Соңынан құзырлы орган өкілдері тергеп, Заң жүзінде жазалайтын болып жатса, бейнеүндеу арқылы халықтан кешірім сұрап, аңдамай сөйлегенінің нәтижесінде орын алған оқиғаға өкінетіндігін жеткізіп жататын жағдайлар да орын алып тұрады біздің қоғамда. Мұндай оқиғадан әр адам өзіне қорытынды шығару кеерк. Ең бастысы – сөздің қадіріне жете білу керек. Сөз де киелі екенін естен шығармайық.

«ШЫНШЫЛДЫҚ ЖАҚСЫЛЫҚҚА, ІЗГІЛІК ЖӘННАТҚА АЛЫП БАРАДЫ. ӨТІРІК ЖАМАНДЫҚҚА, ЖАМАНДЫҚ ТОЗАҚҚА ЖЕТЕЛЕЙДІ» деген хадис бар. Енді осы хадис төңірегінде әңгімемізді өрбітсек деймін. Әрбір адам қандай да бір іс істеу үшін оның не жақсы, не жаман екенін ажыратуы тиіс. Адам өмірінде қандай да бір жағдай орын алса да ол ең бірінші шыншылдыққа бүйрегі бұрып тұруы керек. Өйткені, қандай сәт болса да түбі шындық жеңіп шығады. Мүмкін әділетсіздік орын алып, шындық өтіріктің көлеңкесінде қалып қалар. Бірақ адам Жаратқанның алдында, өзінің ар-ұятының алдында өтірікке аяқ баспауы керек. Жақсы ойлап, жақсы сөйлеп, жақсы дұға жасап, жақсы іс істеу арқылы Жаратқанның пендесі жәннатқа асығады. Осы ізгі амалдарына қарай Алла Тағала сүйікті құлына жәннаттың төрінен орын беруі бек мүмкін.  Бірақ адам сол жолда ниет етіп, жақсы амалдар жасауға асықса ғана үлкен олжаға кенеледі. Құрғақ сөзбен ешқандай да дүниенің шешілмейтінін естен шығармайық. Тек адамның ниеті, ойы пейілі бұзылмаса болғаны. Ал, өтіріктің соңы ешқашан да жақсылыққа алып келмейтіні дәлелдеуді қажет етпейтін шындық. Қазақ осыны о баста «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» деп бір-ақ ауыз сөзбен түйіндеген. Өтірік айтудың, ғайбат сөйлеудің, өсек тасудың соңы тек жамандықпен аяқталады. Жаман жолға түскен адамның болашағы бұлыңғыр болатыны ақиқат. Адамзатты жоқтан бар етіп жаратқан Алла Тағаланың алдындағы сынаққа баратынымыз да ақиқат. Сол сәтте амал дәптеріміз жаман іске емес, жақсылыққа толы болып тұрғаны пенде үшін үлкен олжа емес пе?  Олай болса, жамандықтан жиреніп, жақсылықтан үйренуге асығайық.

Хәкім Абай атамыз: «ӨСЕК, ӨТІРІК, МАҚТАНШАҚ, ЕРІНШЕК БЕКЕР МАЛ ШАШПАҚ. БЕС ДҰШПАНДЫ БІЛСЕҢІЗ», – деп текке айтпаған. Қазақтың ұлы ақыны айтқан ӨСЕК, ӨТІРІК, МАҚТАНШАҚТЫҚ тек тілмен өрбитінін сол заманда-ақ тайға таңба басқандай етіп айтып кетті. Алайда, қазіргі таңда бұл әдеттен жиреніп жатқандар шамалы. Бұл жағдайдың біздің қоғамда орын алғанына әрине қынжыламыз. Шама шарқымыз келгенше ақыл-кеңес айтып, бес дұшпаннан бездірген, бес асыл іске шақырған Құнанбайдың Абайы айтқан кеңеске келіп тоқталамыз. Бірақ бұл сөзден нәтиже шығару әрбір пенденің өзіне артылатын үлкен жауапкершілік.

Адам баласы үш нәрсенің есебінен азапталады. Біріншісі – ғайбат, екіншісі – сөз тасудан, үшіншісі – кіші дәреттегі ұқыпсыздықтан. Мұны ғұламалар хадистерден алған насихаттарында көрсетеді. Енді қараңыз, пенде үшін ең бірінші азап ҒАЙБАТ деп текке көрсетілмей тұр. Себебі біз сөйлеп, өзге адамның кемшілігі туралы айтқанда нәпсімізге ие бола алмай қаламыз. Осы сәл ғана әлсіздігімізді пайдаланған шайтан бізді азғырып, ғайбат, өсек, өтірік айтуға дейін алып келеді. Демек, ғайбат айту мен сөз тасу ЕҢ АУЫР КҮНӘЛАРДЫҢ қатарында деген сөз. Сол үшін ауыздан шығатын сөзге емес әрбір әріпке асқан мұқияттылықпен зер салғанымыз жөн. Себебі ертең осы бір ауыз сөзіңіз үшін үлкен азапты арқалауыңыз бек мүмкін.

Жалған өмірдің жетегіне еріп, қызылды-жасылды, жалт-жұлт еткен алдамшы өмірдің қызығына тоймай жүрсеңіз күнәдан ешқашан тазармайсыз. Егер де ақырет күніңіздің қамын ойлап, тозақтың қақпасынан аттап кіру қорқынышын сезінсеңіз, тозақ отына шыжғырылудан қорықсаңыз, ғайбат сөйлемек түгелі артық сөз айтудан қорқатын едіңіз. Нағыз мұсылман адам, жүрегінде иман нұры төгіліп тұрған пенде, Жаратқанның әміріне қарсы келмейтін ұрпақ болмашы әрекеттің соңында үлкен күнә барын біліп, ғайбат сөйлеу мен сөз тасу азабының ауыр екенін түсініп, өзін, ойын, әрекетін жақсы жаққа қарай бұрары анық. Олай болса, ауыздан шыққан әр сөзге асқан жауапкершілікпен мұқият көңіл бөлейік. Қарғыс алмай, алғыс арқалайық. Басқа бәле тек тілден келетінін естен шығармайық. Сонда ғана біз Алла Тағалынң сүйген құлы, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленген жақсы адамдар қатарын толықтырып, жақсы өмір сүретін боламыз.  Барлық адамзатқа Алла амандық беріп, жақсылығын нәсіп етсін деп тілеймін. Әмин!

Рахматулла Оразұлы
С.Ғылмани мешітің наиб имамы

Пікірлер Кіру