БАСШЫҒА БАҒЫНУ

07 желтоқсан 2022 5854 0
Оқу режимі

Қазақ халқында «Ел ағасыз болмайды, Тон жағасыз болмайды» деген нақыл сөз бар. Бұл сөзден халқымыздың ел басшысын өзінің «ағасындай» көріп, қадірлейтіндігін ұғынамыз. Мұны Абай атамыздың мына бір сөзі де қуаттай түседі. Абай атамыз отыз тоғызыншы қара сөзінде былай деген:

«Рас, бұрынғы біздің ата-бабаларымыздың бұл замандағылардан білімі, күтімі, сыпайылығы, тазалығы төмен болған, бірақ бұл замандағылардан артық екі мінезі бар екен. Ендігі жұрт ата-бабаларымыздың мінді ісін бір-бірлеп тастап келеміз, әлгі екі мінезін біржола жоғалтып алдық. Осы күнгілер өзге мінезге осы өрмелеп ілгері бара жатқанына қарай, сол аталарымыздың екі ғана тәуір мінезін жоғалтпай тұрсақ, біз де ел қатарына кірер едік. Сол екі мінез жоқ болған соң, әлгі үйренген өнеріміздің бәрі де адамшылыққа ұқсамайды, сайтандыққа тартып барады. Жұрттықтан кетіп бара жатқанымыздың бір үлкен себебі сол көрінеді.

Ол екі мінезі қайсы десең, әуелі — ол заманда ел басы, топ басы деген кісілер болады екен. Көш-қонды болса, дау-жанжалды болса, билік соларда болады екен. Өзге қара жұрт жақсы-жаман өздерінің шаруасымен жүре береді екен. Ол ел басы, топ басылары қалай қылса, қалай бітірсе, халық та оны сынамақ, бірден бірге жүгірмек болмайды екен. «Қой асығын қолыңа ал, қолайыңа жақса, сақа қой», «Бас-басыңа би болсаң, манар тауға сыймассың, басалқаңыз бар болса, жанған отқа күймессің» деп, мал айтып тілеу қылып, екі тізгін, бір шылбырды бердік саған, берген соң, қайтып бұзылмақ түгіл, жетпегеніңді жетілтемін деп, жамандығын жасырып, жақсылығын асырамын деп тырысады екен. Оны зор тұтып, әулие тұтып, онан соң жақсылары да көп азбайды екен. Бәрі өз бауры, бәрі өз малы болған соң, шыныменен жетесінде жоқ болмаса, солардың қамын жемей қайтеді?».

Бұл біздің дархан көңіл бабаларымыздың ізгі мінездерінің бірі еді. Ал, шариғи тұрғыдан келетін болсақ, қандай да бір елдің немесе бір құзіретті мекеменің басшысының бұйрығы шариғат талаптары мен адамгершілік қағидаттарына қайшы келмеген жағдайда міндетті түрде орындалуы керек. Бұл өмір заңдылықтарына да үйлесімді нәрсе. Өйткені, «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмай   ды» деп Бауыржан Момышұлы бабамыз айтқандай, тәртіпсіздік орнап, себепсізден-себепсіз басшылыққа бағынбау елдіктен айырылып қалуға әкелетіндігін түсінеміз.

Басшыға бағыну – Құранның да әмірі. Алла Тағала Ниса сүресінің 59-аятында былай дейді: «Уа, иман келтіргендер! Аллаға бағыныңдар, Расулға (Пайғамбарға) бағыныңдар, сондай-ақ өз араларыңдағы басшыларыңа бағыныңдар. Ал, қандай да бір мәселе жөнінде таласып қалсаңдар, егер Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болсаңдар, Аллаға және Алла елшісіне жүгініңдер. Осылай істеулерің әлдеқайда жақсы және ақыры да қайырлы болады».

Бұл аят басшылар туралыққа бұйырса ғана бұған бойұсынудың міндетті екендігін, ал, ақиқатқа қайшы нәрсеге бұйырса, бойұсынуға болмайтындығына дәлел болады. Себебі, Алла елшісі (с.ғ.с.) «Жаратушыға қарсы нәрседе жаратылғанға бойұсыну жоқ», - деп ескерткен[1].

Мәсләмә ибн Абдулмәлик ибн Мәруан есімді Умәуи халифасы Әбу Хазим есімді ғалымға: «Алла Тағаланың «Өз араларыңдағы басшыларыңа бағыныңдар» деген аяты арқылы сендер бізге бойұсынуға бұйырылдыңдар емес пе?!» - дейді. Сонда Әбу Хазим «Аяттың жалғасындағы «Ал, қандай да бір мәселе жөнінде таласып қалсаңдар, егер Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болсаңдар, Аллаға және Алла елшісіне жүгініңдер» деген сөзінде сендер ақиқатқа қайшы келген уақытта сендерге бойұсынылмайтындығы айтылып тұр емес пе?!» – деп жауап берген екен.[2]

Дегенмен, бұл аят басшы ақиқаттан ауытқыса оған мүлдем бойұсынуға болмайды дегенді білдірмейді. Тек оның ақиқатқа қайшы әмірлеріне ғана бағынуға болмайтындығын көрсетеді. Ал, басшы залым болғанымен, оның ақиқатқа қайшы келмейтін әмірлеріне бойұсыну керек. Бұл турасында Алла елшісінің (с.ғ.с.) бір хадисінде былай баяндалады:

Бірде Сәләмә ибн Иәзид есімді сахабасы Алла елшісінен: «Уа, Алланың пайғамбары! Бізге өзі құқықтарын талап етіп, біздің құқымызды бермейтін кісі басшы болса не істеуіміз керек?» - деп сұрайды. Пайғамбарымыз үндемей жүзін бұрып әкетеді. Әлгі кісі сұрағын қайта қояды. Сонда Пайғамбарымыз: «Тыңдаңдар! Бойұсыныңдар! Себебі, сендер өздеріңе жауаптысыңдар. Олар өздері үшін жауапты», - деп жауап береді (Сахих Муслим риуаяты).

Басқа бір риуаятта Алла елшісі (с.ғ.с) «Сендер өз міндеттеріңді орындайсыңдар да, өздеріңе тиесілі ақыларыңды Алладан сұрайсыңдар», - дейді (Сахих Бұхари, Муслим риуаяты).

Бұл хадистерден басшы өз міндетін толық атқармаған күннің өзінде қол астындағылар оған бойұсыну қажет екендігін ұғамыз. Неге десеңіз, басшы бір міндетін дұрыс орындамады екен деп басқа адамдар да өз міндеттеріне селқостық танытса, қоғамда жүйесіздік орын алып, елдің берекесі кетері сөзсіз. Ал, әр адамның қоғамның берекесі тұрғысынан өз жауапкершілігі бар екендігін ескерсек, қандай жағдай болмасын, әркім өз міндетін адал атқарып, адамгершіліктен аттамауы қажет екендігін түсінеміз.

Алайда, бұл басшылар білгенін істесін, қарапайым адамдар езгіде өмір сүре берсін дегенді де білдірмейді. Қашан да мәселеге екі жағынан да қарап, әділдікті ту ететін дініміз басшылыққа көркем насихат айтып, оларды ізгілікке шақыруға үндеп, керек жерінде батырып та айтуға болатындығын баяндайды.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Ең абзал жиһад (Алла жолындағы күрес) – залым (әділетсіз) басшының жанында ақиқатты айту», - деген (Тирмизи, Әбу Дәуід және Ибн Мәжә риуаяттары). Ал, басқа бір хадисінде «Шейіттердің мырзасы Хамза ибн Абдулмутталиб (Пайғамбарымыздың көкесі, Ухуд шайқасында қаза тапқан) және залым басшыға барып жақсылық жасауды насихаттап, жамандықтан қайтарған, сол ісі үшін залымның қолынан өлген кісі», – дейді (Ибн Хиббан, Хаким және дәйләми риуаяты).

Алла елшісінің (с.ғ.с.) бұл хадисіне түсініктеме берген әйгілі Ислам ғұламасы Имам Ғазали былай дейді: «Залым патшаға жақсылықты бұйырып, жамандықтан қайтарудың 4 жолы бар. Бірінші – бұл іс жақсы емес, мынадай-мынадай қиянаттар болып жатыр дегендей хабар беру. Екінші – көркем насихат айту. Үшінші – «Әй, залым! Құдайдан қорықпайтын неме!» - деген сияқты қатты-қатты сөздер айту. Төртінші – қару алып басшыға қарсы көтеріліс ұйымдастыру.

Мұның алғашқы екеуі рұқсат. Соңғысына рұқсат жоқ. Себебі, бұл одан да үлкен бүліктерге, орны толмас өкініштерге алып келуі мүмкін. Ал, үшіншісі егер мұның зияны тек өз басына тиетін болса рұқсат, тіптен сауап болады, ал, басқа біреулерге де зарары тиіп кететін болса, бұған да рұқсат жоқ» (Мұхаммед Ғазали, Ихиа улумиддин).

Қорыта айтқанда ардақты Пайғамбарымыз «Барлықтарың бақташысыңдар және әркім қарамағындағыға жауапты. Басшы да бақташы және ол қарамағындағыларға жауапты. Ер кісі де отбасы мүшелерінің бақташысы. Ол да қарамағындыларға жауапты. Әйел де күйеуінің үйіне бақташы. Ендеше ол да қарамағындағыға жауапты. Қызметші де қожайынының дүниесіне бақташы. Ендеше ол да қарамағындағыға жауапты» деп ескерткеніндей, (Бұхари және Муслим риуаяты) қоғамның әрбір мүшесі, басшысы да, қарапайым халқы да өз мойнындағы жауапкершілікті сезініп, соны адал атқаратын болса, мұндай қоғамның көші алға жылжитындығы сөзсіз.

 


[1] Ахмед ибн Ханбал, Муснәд, 1/409, 5/66.
[2] Нәсәфи тәпсірі, 1 том, 368 бет.

Дереккөз: Muslim.kz порталы

Пікірлер Кіру