БЕРЕКЕСІЗДІК – ЕШҚАШАН ЖЕМІС БЕРМЕЙДІ

26 сәуір 2024 1340 0
Оқу режимі

Ел ішінде болатын берекесіздіктен сақтану жайлы қасиетті Құран мен пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сүннетінде нақты нұсқаулар бар. Жалпы адам баласы бар да қандай да бір әртүрлі толқудың болмай қалуы мүмкін емес. Оның пайда болатыны жайлы пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадистерінде айтып кеткен. Сондықтан да, болуы мүмкін берекесіздіктен сақтану, оған әзір болу пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сүннетінен болып табылады. Ол үшін алдымен – білім, ақыл, хикмет (даналық), дұрыс амал, сабыр, ыждахат керек.

Имам Әл-Бұхари сахих хадистер жинағының «Фитна кітабы» атты тарауында: Алла Тағаланың «Сендерден тек залымдарға ғана кесірі тиіп қалмайтын берекесіздіктен (фитнадан) сақтаныңдар» («Әнфәл» сүресі, аят-25) деген аятын және пайғамбарымыздың мына бір сахих хадисін «Сендер мен көріп тұрғанды көре аласыңдар ма?! Мен сендердің үйлеріңнің арасында жаңбыр сияқты фитна жүргенін көріп тұрмын» дегенін келтіреді. (Бұхари, Мүслим)

Имам Науауи бұл хадисті тәпсірлегенде: бүлікті жаңбырмен теңеу – оның көпті қамтитынын білдіреді, яғни оның кесірі адамдардың барлығына тиеді, ешбір қауымды бұл кесел айналып өтпейді, деп түсіндірген. Сол сияқты имам Әбу Даудтың хадистер жинағында Пайғамбарымыздың (с.ғ.с): «Ең бақытты адам – пайда болған берекесіздікке қосылмай аман қалған және Алланың сынағына шыдаған адам» деген сөзін риуаят етіпті. Кез келген аурудың алдан алып емделу жақсы екенін әрбір саналы адам түсінеді. Сол сияқты, кесел басталған соң сақтанудан оның алдын алған әлдеқайда артық.

Осы орайда, сахаба-халиф Омар ибн әл-Хаттаб (р.а): «Надандықты көріп (бүлікті) одан ғибрат алмаған адамның исламы түйіршік-түйіршік болып жойылып кетеді» деп айтқан. Жалпы мұсылман ғалымдары берекесіздіктің зияны жайлы былай дейді:

1. Адамдарды қызықтырады. Имам Ибн Хазм: «Берекесіздіктің гүлі ешқашан жеміс бермейді» деген. Яғни, ол басталғанда гүл сияқты алдамшы кейіпте адамдарды қызықтырып өзіне тартып тұрады. Адамдар оны жақсылықтың нышаны сияқты көріп, болашақта көп жеміс беретіндей үміттенеді. Бірақ бұзылған береке ешқашан жеміс бермейді.

2. Ақыл-есті кетіреді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с): «Ақыл-есті кетіретін берекесіздіктер келеді. Ол келгенде бірде-бір ақыл-есі дұрыс адам таба алмай қаласыңдар» деген хадисі бар. Осы хадисті риуаят еткен мұхадис оқымыстылар «Арақ-шарап бүлік сияқты мас қылмайды, бүлікке мас болу одан да қатты ақыл-есті кетіреді» деп тәпсірлеген. Және кімде-кім харамды халал деп, ал халалды харам дейтін болса, ол адамның берекесіздікке ұрынғаны, деген.

3. Жаппай жояды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айтқан хадис-қиссада: «Бір қауым кемеге мінеді. Жартысы үстіңгі қабатта қалады да, ал екінші жартысы төменге түседі. Кеменің түбіндегілер шөлдеген сайын үстіндегілерден барып су сұрап мазаларын алады. Жоғарыдағылар ренжіп су бермей қояды. Кеменің түбіндегілер: «Кеменің астында су бар емес пе, мына жерді тесейік те, аналарды мазаламай, суды емін-еркін ішіп отыра берейік» дейді. Сөйтіп, біреуі айбалтамен кеменің түб ағашын шаба бастайды. Егер де, бұл ақымақты еркіне қалдырса, барлығы құриды, ал тоқтатса, барлығы құтылады».(Бұхари, Термези, Ахмад). Осы хадисті тәпсірлеген ибн Башир: «Бүлікшілер кеменің астыңғы қабатындағы адамдар сияқты, олардың қолындағы балтаны алыңдар» дейді.

Ал қазір адамдар ¬ тілімен, саяси таяздығымен, надандығымен, әсіре ұлтшылдығымен айбалтадан да қатты зиян келтіріп жатыр. Оның себебінен: татулық, береке, ынтымақ жойылуы мүмкін. Себебі, жалған үрей адамдарға күмән салады, жақсы ниеттерінен қайтарады, достарды араздастырады және күнәға итермелейді. Сөйте тұра осындай бүлікке ұрынған пенделер – ниетім жақсы, ұлтымның қамы, қазақтың болашағы деп ақталады һәм солай ойлайды. Бірақ олар кеменің тесіліп қалғанын түсінбейді. Кез келген амалды істемес бұрын адам ниетін дұрыстап, оның өзіне, қоғамға пайдасы мен зиянын өлшеу керек. Жалпы, демократия дегенге елітіп, кеменің бүлінуіне еркіндік беруге болмайды.

Алда-жалда бүлік басталып кетсе ақылы бар адамдардың өзі ақымақтарды тоқтата алмайды. Сондықтан да Алла Тағала «Әнфәл» сүресі, 25 - аятында: «Сендерден тек залымдарға ғана кесірі тиіп қалмайтын бүліктен сақтаныңдар» деп ақылы бар адам баласына үкім еткен. Жалпы берекесіздік болмағаны дұрыс. Отаны мен отбасының тыныштығын ойлайтын әрбір қазақ азаматы бүлікке ұрынбасын. Бізге тұрақтылық ауадай қажет ағайын!

 

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ

Пікірлер Кіру