БЕС АУЫЗ СӨЗ

14 қыркүйек 2023 3825 0
Оқу режимі

Бір: Алланың жіберген әр сынағына шүкір ет! Ең бастысы денің, аяқ-қолың сау. Өмір бір-ақ рет беріледі, ал мүмкіндік көп. Тәубеңе келіп жүр, тәубешіл пендесін құдай да сүйеді!

  Өтіп жатқан өміріңе  шүкір ет! Сенен де қиын жағдайда журген адамдар бар.

 Әр атқан таңыңа тәубе, батқан күніңе шүкір де. Ол ғажапты көре алмай жүрген зағиптар қаншама?!.

Екі: Айналаңа сүйсіне, тамсана қарайлай жүр.Осы тіршілікке ғашық болып ғұмыр кеш. Бұл жалған уақытша ғана. Көкірек керіп тепсіне берме.Қандай мықты болсаң да, көкірегіңді көр топырақтың зілі басатынын ұмытпа!

 Бұл бес-ақ күн - жалған өмір! Өзгемен «алысып» жүргенде өз бақытың мен уақытыңды өткізіп аласың. «Шаршадым!», деме. Ол – күпірлік! «Шаршағанды көрсетейін, білмей жүр екенсің!»,- деп, бейнетіңді еселей берсе не істей аласың!..

Үш: Басыңды қандай бұлт шалса да «тырс етпе».

Құдайдың дегені, Алланың пешенеге жазғаны бар, қашып құтыла алмайсың! Жыланып, жала жауып, жауласа берме, бәрі көкте жазулы тұр! Шыр айналдырып әкеліп өзіңнің басыңа бір күні барлық ЖАҚСЫЛЫҚТЫ үйіп-төгіп бере салады, немесе қалың сорды!

 Алланы зікір қылып Жүректі де, жаныңды да тыныштандыр, аласұрма, жанталаспа! Ешкімнің нақақ көз жасы мен наласын арқалама. Жалғыздың үнін Құдай ғана естиді, «Мен жалғызбын!»,- деп қамықпа!

Төрт: Жамандыққа жақсылықпен жауап бер. Кектеніп, өшпенділікпен өмір сүру өз туған перзенттеріңнің тамырын өз қолыңмен шапқанмен тең!

 Өз сәтсіздігің мен бақытсыздығыңды өзгеден көрме,өзіңнен ізде!

Жасаған жақсылығың кей пенделерден жамандықпен қайтады. Оған сен дайын бол!

Бес: Үлкен жақсылық пен байлық келерде Алла сені аямай сынаққа салады... Төзімің мен шүкіріңнің салмағын байқайды. Аспаннан алпыс түрлі пәле жауса да Құдайдан үмітіңді үзбе!

   Пенде... Пенделер адасады, шатасады, ұрыссады, қырылады... Ақыр соңында өзгеге не қылды?! - Соны өздері арқалап қайтады.

   Құдайсыз қурай да сынбайды, қар да жаумайды. Ендеше ауырды да жеңілді де көтере біл!

 Кешірімді болайық. Алла Тағала баршамыздан разы болып пендешілікпен біліп - білмей жасаған күнəларымызды кешірсін.

 

Пікірлер Кіру