БЕСІК ТОЙЫ

13 наурыз 2024 1771 0
Оқу режимі

Биесі құлындап, сиыры бұзауласа көтен асып, ырым жасайтын тойшыл-думаншыл қазақ сәбиді бесікке салғанда той жасамай, ойын-сауық өткізбей тұра ала ма? Жиған-тергенін халайық пен қонағына ақысыз-пұлсыз шашатын қазақ бесік тойының шығынына мәу демейді. Қайта аз болады, келгендер ренжіп қайтар деп кем-кетік жібермеуге барынша тырысады.

Бесікті арнайы ісмер жасайды. Жөргектен шығарып ит көйлек кигізілген сәбиді бесікке ауылдың кез келген әйелі салмайды. Бұған да ел-жұртына аяулы, ұрпақты бір бәйбіше лайық.

Бұрынғы шаман дінінің отқа табынған салты бойынша әлгі бәйбіше темірді отқа қыздыртып сәбидің маңына пәле-жала, жын-сайтан жоламасын деп бесіктің арқалығын бірнеше жерден қарайтып тұрып қариды.

Басқа бәйбішелер қырандай болсын деп бүркіттің тұяғын байлайды арқалыққа, кейбірі тұмар жаздырып тағады.

Бұл бесік дегеніңіз баланың тазалығы үшін, көшпелі елдің көші-қоны, ат үсті үшін табылмайтын қолайлы нәрсе. Баланың кәк етуі үшін, кіш етуі үшін түбектен қолайлы нәрсе жоқ.

Түбіне күл салынған осы бір киіз түбектің өзі де тым таза.

Бесіктегі бала көбінесе омыраудан шыққанша жатады. Ит көйлегі тозып, қарын шашы алынған бала талпынып, артынан бақа тірсегі бір бүктеліп, бір созылып еңбектей бастайды. Бұл кезде дөңбекшіп бесікке өзінің де жатқысы келмейді.

Бала бұл шамаға келген соң бесікті аса қадірлейтін қазақ әдемілеп тазалап, келешек ұрпақ тезірек келсін, енді сол жатады деп үйдің ең бір сенімді жеріне сақтайды. Бесікті қазақ құрметтейтіні, сақтайтыны соншалық, атасы жатқан бесікке немерелері жатады. Әсілі, қазақтың туған жерін алтын бесікке теңеуі осы ардақтаудан шыққан болар. Сондықтан да бесік тойы қазақ өмірінде үлкен орын алады.

Бесікке баланы қырқынан шыққан соң салады.

Оған дейін бала жөргекте болады. Өйткені оған ит көйлекті кигізу қиын.

 

Пікірлер Кіру