"БЕЙУАҚТА ҰЙЫҚТАМА", "БЕЙУАҚТА ЖЫЛАМА", "БЕЙУАҚТА ҰРЫС-КЕРІС ШЫҒАРМА", "БЕЙУАҚТА ҚОҚЫС ТӨКПЕ"... т.б

22 қаңтар 2024 1788 0
Оқу режимі

"Күңгірт көңілім сырласар, сұрғылт тартқан бейуақта..." - деп Абай ата айтқандай, бейуақ дегеніміз күннің соңғы шұғыласы сөніп, төңірек сұрғылт тартып күңгірттенген кез.

Бұл уақыт екі әлемнің -

Күн мен түннің, қараңғы мен жарықтың алмасатын, жаратылыстың сырын ішке бүккен тылсым шағы.

Назар аударсаңыз, "бейуақ" сөзінің мағынасы "мезгілсіз", "уақытсыз" болып шығады, яғни не күн емес, не түн емес, дүбәра өтпелі сәт. Ал өтпелі кезеңнің қандайы болсын бей-берекеті мол қиындықтарды ала келеді.

Бейуақ көпке созылмайды, аса аялдамай өте шығады, бірақ сол аз уақыттың ауырлығы мен қатері бар екені анық. Күннің күндізгі нұрлы қуаты бітіп, түн күшіне әлі кіре қоймаған өлі-арада Жер бетінде адамға беймәлім бір күштердің әсері белең алады екен. Жаратылыстың өзінен тағылым алып, табиғатпен үндесіп өмір сүрген көшпенді ата-бабаларымыз бейуақта болатын өзгерістерді білген. Білгендіктен ұрпағын сақтандырып тыйым айтқан. Айналаңызға зер салып, жіті қарасаңыз бейуақтағы тосын жайларды байқар едіңіз. Мысалы, дімкәс адамдардың ауруы қозады, қызуы күндізгіден көбірек көтеріледі, ал төсек тартып жатқан науқастардың өмірден озатыны осы кезде жиі кездеседі. Оқыс апаттар, қақтығыстар, қылмыс түрлері еселене түседі. Бейуақта ұйықтап қалған адамның бастырылып, булығатыны бар. "Қазан қайнағанша қоқыс төгіп келе қояйын", - деп пысықсыну да қауіпті. Өйткені қоқыс төгетін жер онсыз да былғаныш, зиянды энергияға толы,

ал бейуақта ол екі есеге көбейеді. Ол ауа толқынымен қосылып бойға дарып, кездейсоқ ауруға шалдығуың әбден мүмкін. Бұрындары "пері соғады - жын ұрады" дейтін үлкендердің тыйым сөзі - осы лас энергияның қуат-күшінің әсері.

...Өзге кездегі ұмытылса да, бала шақтағы көріністер санаңда таңбаланып, реті келгенде көлбең етіп шыға келетіні бар. Әлі есімде, біздің үймен іргелес көрші тұратын, анаммен абысындай араласатын Қамза дейтін апа бар еді. Балалар ол кісіні "Қазапа" дейтінбіз.

Сол кісі ылғи:

"Беуақта төбе бақпа деген, әне, шалдар төбеден түсе бастады, қолдарыңды жуып үйге кіріп, шам жағыңдар", - деп жүрер еді.

Сол заманда қариялар күнде мал өрістен қайтардың алдында, ауылдың желке тұсындағы төбеге жиналып алып әңгіме-дүкен құрып отыратын. Бейуақ бола бастағанда бәрі үйді-үйіне асығатын. Кейін түсіндік қой оның үлкен мәні барын... Кез келген есті адам бір сәт тынышталып шүкіршілік етіп, біліп-білмей істеген күнәлары үшін Жаратқаннан рақым сұрап тәубеге келсе, жаны мен тәніне мол рухани күш-қуат алады екен.

Зейнеп Ахметова "Күретамыр"

 

Пікірлер Кіру