Бір құты айран және Сүлейман мешіті

24 ақпан 2021 7162 0
Оқу режимі

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мұсылманның ниеті – жасаған амалынан қайырлы», – дейді. Басқа хадисінде: «Расында, Алла Тағала сендердің дене-бітімдеріңе, түр-сипаттарыңа қарамайды. Ол жүрекке және жасаған амалдарыңа қарайды», – дейді. Иә, Алла Тағала пендесінің көркем келбетіне, дүние-мүлкіне, атақ-даңқына, шен-шекпеніне қарамайды. Ол бай-жарлы, денелі, яки арық, деп бөле-жарып дәреже бермейді. Хақ Тағала құлының жүрегіне, Өзіне деген ыстық ықыласына, ниетіне, сүйіспеншілігіне қарап баға береді. Сондықтан да кейде мысқалдай ниет батпандай амалдан әлдеқайда қайырлы келуі мүмкін. Мысалы, біреу абырой үшін мешіт салуы мүмкін. Енді бір жарлы адам сол мешітке қарап «шіркін-ай, менің де шамам келгенде дәл осындай мешіт салар едім» деп іштей армандап ниеттенсе, әлгі адам сол мешітті салғандай батпандай сауап алып, ал, салушы ниеті бұзық болса, мысқалдай да сауап алмауы мүмкін.

Түркияда әлі күнге дейін туристердің, әсіресе, еуропа мен жапон туристері арнайы келіп көретін алып Сүлеймания деген мешіт бар. Сол мешіт салынарда мынадай бір қызықты оқиға болады. Сол елдің Сүлейман деген патшасы бір күні үлкен сауапқа өзі ғана кенелгісі келіп, Алла үшін қияметке дейін шыдайтын мешіт салғысы келеді. Шартараптан небір атақты шебер ұсталарды шақыртып: «Мен иншаллаһ қияметке дейін шыдас беретін мешіт салғым келіп отыр. Осы істі сендерге тапсырамын. Оның қаржысын мемлекеттен емес, бәрін де өзім төлеймін. Байқаңдар! Ешбір тірі пендеден бір тиын да алушы болмаңдар!», – деп қатаң ескертеді. Сонымен мешіт құрылысы қызу түрде басталып та кетеді. Құрылысшылар ешкімнен соқыр тиын да алмай, қаққан әрбір қазығының қаржысын патшаның тікелей өзінен алып отырады. Көп ұзамай-ақ алыстан менмұндалап зәулім мешіт бой көтере бастайды. Бірақ, осы құрылысқа жақын маңдағы бір кепеде жалғызбасты бір кемпір өмір сүретін. Оның өмірдегі бар байлығы қорасындағы жалғыз ешкісі ғана еді. Ол сол ешкісін далаға жайып, соның сүтін сауып, ұйытып айран етіп, базарға сатып күнелтетін. Әлбетте, үйінің жанындағы құрылысты ол да күнде көріп, көп ұзамай алып мешітке көрші болатынын сезіп іштей қуанып жүруші еді.

Бірде ол жалғыз ешкісін сауып жатып: «Дәл үйімнің іргесінде көптен бері мешіт салынып жатыр. Одан бейхабар жандай қалай жүрмекпін. Менің  де соған қосарым болуы керек қой», – деп ойлайды. «Сорлы-ау, неңді берейін деп едің?! Оны салдырып жатқан осы елдің патшасы. Ал сен неңді қосасың? Мына жалғыз ешкіңді сатсаң да оның бір кірпішін сатып алуға шамаң жетпес. Ал ешкіңді сатсаң ертең қайтіп күн көрмексің?», – дейді өз ішінен қасарысқан бір дауыс. «Несі бар. Ешкімді сатпасам да өзімнің бір күндік тапқан табысымды қосармын», – дейді ол өз-өзіне жауап қатқандай. Ол осылайша сауған сүтін бір құты айран етіп, түс әлетінде құрылысшыларға апарып береді. Түстік асына кірісіп кеткен бір топ құрылысшылар мен шеберлер оның мына құты айранын алады да сол сәтте-ақ қотарады. Ұсталардың ешбіріне мынау сауапқа ортақ нәрсе деген ой келмейді. Тіпті әжейдің келіп-кеткенін байқамай да қалады.

Дәл сол түні Сүлейман патша түс көреді. Түсінде қиямет болып, барша адамзат қайта тіріліп, Махшарға жиналып, жақсылықтары мен жамандықтары таразыға тартыла бастайды. Бір кезде таразының бір басына Сүлеймания мешіті, бір басына бір құты айран қойылып тартылады. Сол кезде Сүлеймен мешіті жеңіл тартып, бір құты айран ауыр басады. Сүлейман патша таң қылаң бергенде азан дауысынан оянып кетіп, көпке дейін өзінің қай әлемде тұрғанын білмей, түс сезімінен айыға алмай жатады. Артынша дереу шеберлерді түгел шақыртып: «Мешітке кім жәрдем етті?», – деп сұрайды. Барлығы бірдей: «Жо-оқ, патшам! Ешкім жәрдем еткен жоқ. Сіздің жарлығыңыз бойынша ешкімнің көмегін қабылдамадық»,– дейді. Патша оларға сенбей іздеу салады. Барлығы да ойланып тұрып: «Ешкім жәрдем еткен жоқ. Тіпті кеше сырттан келген бөтен адам болмады. Тек мына кепеде жалғыз тұратын бір кәрі әжей келіп, түс әлетінде бір құты айран бергені болмаса»,– дейді. Қатты ойға батып отырған патша «бір құты айран» деген сөзді байқап қалып: «Бір құты айран!»,– деп дауыстап жібереді.  

Иә, «Мұсылманның ниеті – жасаған амалынан қайырлы», кейде мысқалдай ниет батпандай амалдан әлдеқайда ауыр деген осы. Жалғыз басты, жарлы кәрі кісінің амалы бір құты болғанмен, Хақ Тағалаға деген ыстық ықыласы зәулім мешіттің салмағындай, тіпті одан да ауыр болған. Сол себепті, иншаллаһ, қияметке дейінгі сол мешітте оқылған Құран мен намаздың сауабы Сүлейман патша мен бірге әлгі кәрі кісіге де бірдей арттарынан жазылып тұрмақ. Бұл да Құдай Тағаланың құлдарына деген шексіз рақымдылығы мен шарапаты.

Иә, Ұлы Жаратушы қашан да пендесінің жүрегіне назар салмақ. Әлемде небір дінді терең білетін ғалымдар бар. Сондай-ақ, ел арасында Исламнан ілімі таяз адамдар да бар. Міне, Жаратушы Жаппар Иеміз ғалымдардың іліміне яки кей адамның ілім таяздықтарына емес, ең бастысы Өзіне деген қаншалықты жақындығына қарамақ. 

Хазіреті Мұса (ғ.с.) бір күні жолда кетіп бара жатып, бір шопанға жолығады. Шопан: «Ей, жомарт Иесі Аллам! Сен қайдасың? Мен саған құл, жолыңа құрбан болғым келеді. Аяқкиіміңді тігіп, шаштарыңды тарайын. Киімдеріңді жуып, биттеріңді сығайын. Ей, Ұлы Раббым Алла! Саған сүт берейін. Барлық ешкілерім саған құрбан болсын!», – деп тұрған еді. Хазіреті Мұса (ғ.с.): «Сен кіммен сөйлесіп тұрсың?»,– деп сұрайды. Сонда шопан: «Жер мен көкті жаратқан Алла Тағаламмен тілдесіп тұрмын»,– деп жауап қатады. Хазіреті Мұса (ғ.с.) осыны естіп оған қатты ашуланып, Алла Тағалаға бұлай айтуға болмайтындығын бетіне басады. Шопан істеген қылығына қатты өкініп, басын төмен салып, сахараға жүгіре жөнеледі.

Аздан соң хазіреті Мұсаға (ғ.с.) «Құлымды Бізден жырақтаттың. Біз пенденің сөзіне емес, жүрегіне, көңіліне қараймыз» деген Алла Тағаладан уахи-хабар келеді. Хазіреті Мұса (ғ.с.) дереу сахараны шарлап, әлгі шопанды тауып алып, айтылған қуанышты хабарды жеткізеді.

Хазіреті Мұса (ғ.с.) айтқандай, әрине, Хақ Тағаланы пенде тәрізді елестетуге болмайды. Рақымы мол ғаламзаттың Жаратушысы құлының ықыласы үшін кешірмек. Кейде біреулер Құдай Тағаланы құрдасындай етіп әзілге қосады. Бұндай нәрсені айтқан адам тәубе етпесе, Алла Тағала кешірмейді. Өйткені мұндай сөз – нағыз күпірлік. Мұндай адамның жүрегі де таза емес. «Аңдамай сөйлегеннің ауырмай өлуі», сірә, осындай кісілерге айтылған болса керек. Адам қай мәселені де әзілге бұруы мүмкін. Бірақ Құдай, пайғамбарлар, дін хақында әсте мүмкін емес. Ол адамның бұл өмірімен қоса ақыретін де жермен-жексен етеді. Мысалы, «намаздан қайыр жоқ» деген адам сол күні апатқа ұшырап, ғұмыр бойы мүгедек болып қалса, ол кінәні өзінен іздегені дұрыс. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Адам денесінде бір тұтам ет бар. Ол жақсарса, денесі түгелімен жақсарады. Ол бұзылса, денесі түгелімен бұзылады. Абай болыңдар! Ол – жүрек», – дейді. Сондықтан адам қашан да жүрегін таза ұстауға күш салуы тиіс. Өйткені, бұл – оның барша ғұмырының мән-мағынасы.

Мұхитдин Исаұлы

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру