БҰРЫНҒЫНЫҢ АДАМДАРЫ

20 қараша 2024 240 0
Оқу режимі

Менің бала кезімнің адамдары,

Баяғыдай аяулы маған бәрі.

Ұят нәрсе істеуге дәті бармай,

Ұрпағының қамы үшін алаңдады.

 

Ол кездегі адамның тілі қандай!

Ықыласына көк мұз да жылығандай.

Той жасаса, барлығын шақыратын,

Бүкіл ауыл баратын бірі қалмай.

 

Жамандарды жабылып жазалайтын,

Жан-жүрегін ел мұңы мазалайтын.

Біреу мәңгі бақиға сапар шексе,

Бүткіл ауыл-ел болып азалайтын.

 

Сондай еді,

«Мен» емес, «біз» дейтұғын,

Алдын кеспей үлкеннің, «Сіз» дейтұғын.

Жоғалған жан, тоналған малы болса,

Бүкіл ел боп жабылып іздейтұғын.

 

Ай тұтылса, айыры сайлы, сірә,

Аш болмайтын ол кездің байғұсы да.

Соғым сойса, барлығы ауыз тиер,

Қазаны да ортақ-ты, қайғысы да.

 

Ауыл болып малды да бағысатын,

Ағайын боп шөпті де шабысатын.

Отын жарып беретін, суын тасып,

Қорасын да, үйін де салысатын.

Есіктерін қақпастан еркін кіріп,

Емен-жарқын көңілмен барысатын.

Бақталастық, бәсеке болмайтұғын,

Тек жақсылық жасаудан жарысатын.

 

Абысындар аралас жүретұғын,

Бір-бірінің сыр-мұңын білетұғын.

Киіз басып, жүн түтіп, өрмек тоқып,

Ағаш үйді жабылып тігетұғын.

 

Инабат пен ибадан жаралған-ды,

Тәрбие мен тәлімнен нәр алған-ды.

Сүтті сұрап алатын шәйға құяр,

Ақшасына сатпайтын ағарғанды.

 

Жасы үлкеннің алдынан жан өтпейтін,

«Шаштың ағын сыйлауың керек» дейтін.

Аттың майын аямай беретұғын,

Ақысына ештеңе дәметпейтін.

 

Ақ пен қараны айырып, сүзе алатын,

Адалдықпен көгені ұзаратын.

Жазатайым жаңылыс іс істесе,

Екі беті ду етіп қызаратын.

 

Әр жүректе жайғанда Күн қанатын,

Жыртық үй де жылумен нұрланатын.

Шын ұялып, шын күліп, шын қуанып,

Қайғырғанда қара аспан шұлғанатын.

 

Жүгенсіздер жүрмейтін дүрмек құрып,

Көзге өтірік мақтамас тілдеп тұрып.

Қара суды сатпайтын қазіргідей,

Қарасуды бір-біріне міндет қылып.

 

Қағаз жазып, сыртынан қараласып,

Қарғап-сілеп жатпайтын қара басып.

Руын да, ұлтын да сұрамастан,

Риясыз көңілмен араласып.

 

Дарынсызды дақпыртпен мақтамайтын,

Жалынсызды мүсіркеп, ақтамайтын.

Аталардың жолынан ауытқымай,

Ала жібін ешкімнің аттамайтын.

 

Арсыздарға айтасың несіне сын?!

Адасқанды амалсыз кешіресің.

Ата-баба әруағын саудаламай,

Ақтан әркім теретін несібесін.

 

Адамдарды алалап, бөлмейтінсің,

Еңбек етіп тек қана терлейтінсің.

Екі қолға бір күрек табылатын,

Жүрген жанды жұмыссыз көрмейтінсің.

 

Ауылдастың аты озса, сүйінетін,

Араздыққа қабағы түйілетін.

Ала-құла емес-ті қазіргідей,

Бәрі қарапайым боп киінетін.

 

Арды ойлайтын алдымен, малын емес,

Намыстарын күйттейтін, нанын емес.

«Адамға адам – дос, жолдас және бауыр»,

Қазіргідей «мырза» мен «ханым» емес.

 

Мойынсұнып жазмыштың жарлығына,

Тәубе, шүкір қылатын тағдырына.

Кек сақтамас, арты жоқ ашуының,

Кешірімшіл келетін барлығы да.

 

Қайран мейір – жаныңды бау қылатын!

Қайран пейіл – төбені тау қылатын!

Келіндері иіліп сәлем етіп,

Кемпірлері алғысын жаудыратын.

 

Қатар-құрбы қалжыңы жарасатын,

Татулықпен әрдайым тарасатын.

Құлақ берсе, қуанып жейтін балдар

Қолға су да құюға таласатын.

 

Сәби көңіл қылығы аңқаңды ашар,

Қолғанат боп шешеге томпаңдасар:

Таңмен талас оянып, мал өргізіп,

Көрші үйдің де ботасын арқандасар.

 

Кең сияқты ол кездің далалары,

Биік сынды бізге арман қалалары.

Еш алаңсыз, ертеңін уайымдамай,

Асыр салып ойнайтын балалары.

 

Не істесе де, бірігіп істейтұғын,

Бір-бірінен бөлек ас ішпейтұғын.

Бала үшін бас салып ащыласып,

Үлкендері араға түспейтұғын.

 

Жылына бір болмаса, қол алмайтын,

Қонақжайлық шашпалық саналмайтын.

Бірі кіріп жататын, бірі шығып,

Төрт қабырғаға ешкім де қамалмайтын.

 

Кешкі аспанның көгінде өнер самғар,

Түн ортасы ауғанда сөнер шамдар...

Мұғалімнен ауылда сыйлы адам жоқ,

«Молда бол!» деп батасын берер шалдар.

 

Білмей тұрып бірдеңе жасалмайтын,

Баласы да кітаптан бас алмайтын.

Басшысы да, қосшысы, басқасы да

Ақсақалдан ешқайсы аса алмайтын.

 

Абыздарым айтатын бар ақылын,

Абыройын иманмен жабатұғын.

Телісі мен тентегін тезге салып,

Шалдар өзі шешімін табатұғын.

Алдыменен ханның да, заңның да емес,

Ардың ғана сотына салатұғын.

Отыз-қырық жыл бұрын ол кездердің

Адамдары осындай болатұғын.

 

Ешкімге мін орынсыз тақпайтұғын,

Еңбегін де ешқашан сатпайтұғын.

Не істесе де, алғаусыз араласып,

Ар жағында арамдық жатпайтұғын.

 

Бір-бірінен кінәні көрмейтұғын,

Кемшілігін өзгенің термейтұғын.

Уәдені берсе егер орындайтын,

Істей алмаса, уәде бермейтұғын.

 

Күзет қойып аузына, иба қылар,

Сыйласқанға сыпыра сый да қылар.

Ойларында – отбасы, Отан қамы,

Бойларында ұят пен иманы бар.

 

Ол уақыттың еркегі мәрт келетін,

Абыройды айрықша бақ көретін.

Екісөзді, екіжүз емес еді,

Алдап кеткен адамды сарт көретін.

 

Ұмсынғанын қол жетіп алар еді,

Бағытына қалаған барар еді.

Талаптыға болатын тау да аласа,

Саудагері де ол кездің адал еді.

 

Әділдікпен қара қыл жаратұғын,

Адал жолмен қамал да алатұғын.

Ешкім құлып салмайтын есігіне,

Иті де адал ол кездің болатұғын.

 

Бір Құдайдың бергенін «несіп» дейтін,

Екі дүниенің ортасын «есік» дейтін.

Екі-үш сағат ешқашан күттірмейтін,

Ешкім барар жеріне кешікпейтін.

 

Сам жамырай шам біткен жағылатын,

Жұлдызды аспан моншағын тағынатын.

Қазіргідей ит қосып іздеп жүрмей,

Барлық адам үйінен табылатын.

 

Ақ көйлектің етегін жел түрмейтін,

Ата-анаға ешкім сөз келтірмейтін. 

 «Күлтөбенің басында күнде жиын»,

Бос сөзбенен уақыт өлтірмейтін.

 

Атқа мінсе, асқақтап, сызданбайтын,

Таққа қонса, талтаңдап, мұзданбайтын.

Бір-бірінің уақытын қадірлейтін,

Бір-бірінің бақытын қызғанбайтын.

 

Не көрсе де, елімен көретұғын,

Ертеңіне секемсіз сенетұғын.

Аманатқа қиянат жасамайтын,

Алған затын қайтарып беретұғын.

 

Ақыр түбі қабірге кіретінін,

Ақиретте сұраудың жүретінін;

Ардақтаған жаныңды ертелі-кеш

Ажал келіп, торғайдай ілетінін;

Абыз шалдар ескертіп отыратын

Азғана күн адамзат сүретінін.

Қара нанның қадірін дана түгіл,

Алты жасар бала да білетұғын.

 

Ұлылардан ұлағат таралатын,

Уағызынан шапағат, нәр алатын.

Өлілердің мекені – өзгеше әлем,

Қауым басы қастерлі саналатын.

 

Әлсіздерге тізесін батырмайтын,

Келімсекке кесек те татырмайтын.

Табанының астында жер түгілі,

Таудың түйір тасы да сатылмайтын.

 

Шекарасын шегендеп, нықтайтұғын,

Ту түгілі, тұғырын жықпайтұғын.

Бала сату, басқаны сату түгіл,

Сынық шеге несие шықпайтұғын.

 

Отанына арнаумен махаббатын,

Алғы күнге арманы апаратын.

Игіліктің барлығы – халықтікі,

Иесі оның мемлекет аталатын.

 

Әтеші де уақтылы шақыратын,

Есегі де орнымен бақыратын.

Әр нәрсенің өзінің иесі бар,

Әркім өзі орнында отыратын.

 

Қостілділік, үш тілдік тақырыпта

Үйретпейтін ұлтты ешкім ақырып та.

Айыр тілді болмайтын адамдары,

Өз тілінде сөйлейтін мақұлық та.

 

Арқар мүйіз топ бастар ерім болды,

Арқа сүйер асқар тау елім болды.

Аяғымның астында – атамекен,

Аспанымда ақша бұлт, көгім болды.

Айдынына қаз қонып, аққу ұшқан,

Аққайыңдар көмкерген көлім болды.

Азат өмір, адамның бәрі де тең,

Ең бастысы – адамға сенім болды.

 

Ашылмаған ынсапсыз арандары,

Арды ойлаған анадан жаралғалы.

Тату еді татаусыз, тақуа еді,

Таза еді ғой ол кездің адамдары.

 

Аузын ашса, «ақша» деп қақсамайтын,

Алланың тек бергенін тоқ санайтын.

Сатусыз-ақ, саудасыз араласып,

Сау-саламат көргенін бақ санайтын.

 

Олар бәрін жанын да салып істей,

Ақиқатты мойындап, танып іштей;

Бір көсемге саясат құл қылса да,

Бір Құдайдан қорқатын бәрі де іштей.

 

Әрқайсысы бір биік белес-тұғын,

Өресімен олардың теңесті кім?!

Қазақ еді кәдімгі қарға тамыр,

Қайыры жоқ қазіргі еместұғын.

 

Олар – өзін борыштар санағандар,

Ізгіліктің күмбезін қалағандар.

«Адам» деген ардақты атқа лайық,

Міне, сондай еді ғой ол Адамдар!

 

Бүгінгіні ғайбаттап неғыламын?!

Пешенеме жазғанға бағынамын.

Адамдар-ай,

Сол кездің адамдары-ай!

Мен сендерді әлі де сағынамын.

 

Тамырында тулаған бабам қаны,

Қайырымға бастаған қадамдары;

Шектен шығып ешқашан іс қылмайтын

Шетке шыққан ең нағыз жамандары.

Ертелі-кеш еңкейіп, белін жазбай,

Еңбекпенен ойылған табандары;

Қиянаттан бойларын аулақ ұстап,

Бар жақсыны сіңірген ғаламдағы.

Сондықтан да қымбат қой олар маған,

Сондай еді-ау ол кездің адамдары...

 

Рахат ҚОСБАРМАҚ

2018 жыл, 15 қараша, бейсенбі.

Ақтау қаласы.

Пікірлер Кіру