ДІН КИІМ ЕМЕС, КИІП, НЕ ШЕШІП БЕРЕТІН...

13 маусым 2024 1365 0
Оқу режимі

Имам Мәликтің мынадай бір сөзі бар:

«Кімде-кім тасаууф ілімін алып, фиқһ ілімін үйренбейтін болса, ол адам зындық болады. Ал фиқһ ілімін оқып, тасаууф ілімін алмайтын болса, пасық болады. Тек екеуінің басын қосқан адам ғана хаққа жетеді, хақиқат иесі болады».

Зындық дегеніміз – күпірлікке, дінсіздікке жақын дінбұзар. Ал пасық күнәні тартынбай, қысылмай, ашықтан-ашық жасайтын күнәһар.

Ғалымдар фиқһ ілімін “заһир-и шариғат” десе, тасаууф ілімін “батын-и шариғат” дейді. Яғни, фиқһ жаңғақтың қабығы болса, тасаууф жаңғақтың дәні тәрізді. Қабығын аршымай, дәнге жете алмайтының секілді, фиқһты меңгермей, тасаууф ілімінің ақиқатына жете алмайсың. Ал дәнін жемей, тек қабығына ғана қанағат қылғаннан не пайда?

Бүгінде қоғамда екі топтың да өкілдерін жиі көреміз. Фиқһ меңгеріп алып, тасаууфқа қырын қарайтындар, сопылыққа сыншы келеді. “Сопымын” деп, фиқһты елемейтіндер, сопылықтың атына кір келтіріп жүр. Ал екеуінің басын біріктіре алғандар некенсаяқ.

Өкінішке қарай, сопылыққа сын айтатындардың көбі уаһһабилік дертіне шалдыққандар, не вирусын жұқтырғандар. Себебі, уаһһабиліктің шығуында тасаууфты жою миссиясы да бар еді. Яғни, Исламды руханиятсыз қалдырып, қатаң құқықтық нормалардан, қасаң қағидалардан ғана тұратын бір дін ретінде көрсету еді мақсаттары. Ал бұл дінді қоғамнан алыстату, секуляризация процесін жеделдету үшін қажетті алғышарт.

Сол үшін де бүгінгі қоғамда Ислам десе адамдардың ойына бейбітшілік, махаббат, ғашықтық, мейірімділік, парасаттылық, көркемдік, әсемдіктен гөрі, халал, харам, бидғат, күпір, мұсылман, кәпір деген ұғымдар көбірек орағытады.

Қазіргі қоғам діндегі дау-дамайдан, талас-тартыстан шаршады, жалықты. Дін өкілдері көркем дінді көркем жеткізуге мұқтаж. Әр нәрсеге маркетинг қажет болғаны секілді, дінге де маркетинг қажет. Маркетинг дегеніміз “сату” емес, қажеттілігін сезіндіру. Дін киім емес, керек кезде киіп, керек емес кезде шешіп кете беретін. Дін – руханият, рухтың азығы! Дін – ихсан, Құдайдың назарында жүргендей санаға жеткізу. Мұндай санадағы қоғамда азғындық, та қылмыс та азаяды. Махаббат пен мейірімділік ете жаяды. Тасаууф осыған шақырады!

 

Салтан САЙРАНҰЛЫ

Пікірлер Кіру