Дін тағылымындағы бабалар тәжірибесі

03 маусым 2020 7461 0
Оқу режимі

Ибрагим Келдібайұлы 
«Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы

– Ассалаумағалейкүм, Ибрагим қажы. Сұхбатымызды «Бабаларымыздың діни ұстанымы қандай бағытта болды?» деген сұрақтан бастасақ. Себебі, әлеуметтік желіде «бабаларымыз Ислам дінінде болмаған» деген сыңайлы түрлі жазбалар таралып жүр...

– Бабаларымыз тәуелсіздік жылдарынан бұрын да Ислам дінін ұстанып, шынайы әһлі сүннет жолында болды. Нақтырақ айтар болсақ, амалда сүнниттік Ханафи мәзһабын, сенім мәселесінде Әбу Мансур әл-Матруди мектебін ұстанды. Тарихқа үңілсек, Дешті Қыпшақ даласында көптеген ханафи ғалымдары жетіліп, бұл аймақ ханафи мәзһабының орталығына айналды.

Сондықтан біз ежелден Ислам дінін берік ұстанған ғана халық емеспіз. Біз –асыл діннің өркендеуіне өзіндік үлес қосқан халықпыз.

Қазақ жерінен шыққан Қожа Ахмет Яссауи (Х ғ.), Әбу Ибраһим Исхақ әл-Фараби (Х ғ.), Исмайл әл-Жауһари әл-Фараби (ХІ ғ.), Һибатулла әт-Тарази, Хусам ад-дин әс-Сығнақи, Қауам ад-дин әл-Итқани әл-Фараби әт-Түркістани (ХIV ғ.), Мұхаммед ибн Бәззәз әл-Кердери, Мұхаммед Хайдар Дулати (ХVI ғ.), берісі Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп т.б. – бәрі де фиқһта ханафи мәзһабын, ақидада (сенімде) матуриди мектебін ұстанған. Кешегі Марал Ишан, Науан Хазірет, Досжан Хазірет, Ғұмар Қараш, Ақыт Үлімжіұлы, Сәдуақас Ғылмани сынды діни қайраткерлеріміз қазақ даласында сол дәстүрді үзбей жалғады.

Сондай-ақ, қазақ елінің көне құқықтық қағидалары, заңнамалары, атап айтсақ, «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Жеті жарғы» заңдары Әбу Ханифа мәзһабына негізделді. Ал, бүгінгі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұстанып отырған бағыты да – осы.

Кешегі Шәкәрімнің «Мұсылмандық кітабы («Мұсылмандық шарты» деп те аталып жүр)», Ы.Алтынсари атамыздың «Мұсылмандық тұтқасы» еңбектеріндегі амал мәселері Әбу Ханифа мәзһабын негіз етсе, сенім мәселесінде Матуриди ақидасымен үндесіп жатыр.

Міне, біз бұдан бабаларымыздың қандай жолды ұстанғанын көреміз.

Дегенмен, еліміздің бірлігіне нұқсан келтіріп, халқымыздың сеніміне селкеу түсіргісі келетін кейбір деструктивті діни ағым өкілдері әр түрлі пікірлер таратып, азаматтарды екіұдай көзқарасқа шақырады.

– Деструктивті діни ағымдар айтып қалдыңыз. Жат ағымдардың қаупі қандай?

–Әрбір жат ағымның жекелеген қауіп-қатерлері бар. Жалпылама айтқанда, еліміздің береке-бірлігіне, тұтастығына, азаматтардың өміріне төнген қауіп деуге болады. Жеке өмірі ойрандалып, тағдырлары талқандалған бауырларымызды естіп, біліп отырмыз. Адамды Отанынан, отбасынан, жақындарынан оқшаулау арқылы өз идеялогиясының тұтқынына айналдыру – кез келген деструктивті жат ағымдардың әдеті. Тіпті, азаматтардың ой-санасын тәуелсіздікті жоққа шығарып, Отанды мойындамайтын деңгейге дейін құлдыратады. Сол арқылы өздерінің радикалды мақсаттарына жетелеп, кез келген тапсырмаға дайындайды. Міне, бұл – жат ағымдардың ең қатерлі тұстары.

–Қазіргі таңда ел бірлігіне қауіп төндіретін қандай ағымдарды атап өтуге болады?

–Бүгінде заңмен тыйым салынған ағымдар бар. Ғаламторда олардың тізімдері де жарияланған. Ал, кейбір біздің тарихымызды күстаналайтын, елдігімізді жоққа шығаратын, зайырлылық қағидаттарын менсінбейтін, асыл дініміз исламды қаралайтын топтар да көрініс табуда. Өздеріңіз білетіндей, Құран мен сүннетті және сәләфия атауын жалау ететіндер, құраншы, дағуатшы, тәңірші, т.б. сөздерді желеу ететіндерді айтуға болады.

– Жастарымызды қайтсек олардың құрығынан аман сақтап қала аламыз?

–Жастарымыздың жат ағымдардың құрамына кетулерінің себептері көп, әрине. Діни білімсіздік, дұрыс діни ақпараттың болмауы, дінді сенімді қайнарлардан үйренбеу сынды маңызды қоғамдық-теологиялық факторлармен қатар, жеке бастың факторы, әлеуметтік жағдайлар да әсер етуі мүмкін.

Жат ағым бактерия, вирус сияқты. Қай жерде әлсіздік болса, қай жерде сақтану, алдын алу шарасы болмаса, сол жерде өркен жаяды. Сондықтан да, әрбір азамат өзі дұрыс діни ақпараттармен өзінің имани иммунитетін күшейтіп, өзіне рухани сүзгі қалыптастырса, дінді сенімді қайнарлардан үйреніп, дұрыс ақпараттармен сусындаса, одан сақтануға болады.

Дін өз бетімен үйренетін құндылық емес. Бұл сөзіміз дін қолжетімсіз дүние дегенді білдірмейді. Керісінше, мешіттерден, арнайы ұстаздардан үйренсе – дін жеңіл болумен қатар, сенімді құндылыққа айналады.

Қала берді, сан ғасыр бойы ешбір діни алауыздыққа бой алдырмаған балаларымыздың тарихи тәжірибесін жаңғыртуымыз қажет.

–Ғаламтордан дін үйренушілер бар ғой...

–Әрине, бұл ХХІ ғасыр. Технологиялық мүмкіндіктер ғасыры. Діни білім алу үшін де заманауи мүмкіндікті пайдалану барысында барынша абай болу керек. Яғни, тек қана сенімді ресурстардан үйренген абзал.

–Ол жағынан мүмкіндіктер жасалған ба?

–Әрине, бүгінгі таңда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми сайты muftyat.kz, сонымен бірге muslim.kz, azan.kz, sunna.kz, ummet.kz, mazhab.kz, т.б. отызға жуық діни сайт жұмыс жасауда.

Бұған қоса, «Мұнара» газеті, «Иман» журналы, «Хикмет» телерадио студиясы бар. Діни құндылықтарды осындай сенімді ресурстардан үйрену керек.

Сонымен қатар, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Дін істер комитетіне қарасты kazislam.kz порталы бар. Бұнда да дәстүрлі Ислам құндылықтары, дін мен дәстүр сабақтастығы, жат ағымның алдын алу бағыттары бойынша  жұмыстар атқарылуда.

–Жат ағымдардың алдын алу үшін қандай жұмыстар жасалуда?

–Деструктивті ағымдардың алдын алу үшін қыруар жұмыстар атқарылуда. Жоғарыда аталған діни БАҚ жұмыстары ҚМДБ-ның қадағалауымен халықты барынша қажетті діни ақпараттармен қамтамасыз етуде. Айталық, биылғы төтенше жағдай кезінде, Рамазан айында карантин талаптарына байланысты жамағат үшін мешіттердің есігі жабылғанымен, сауап пен ізгілік, уағыз-насихат есіктері жабылған жоқ. Халықты дұрыс діни ақпараттармен қамтамасыз ету, деструктивті ағымдардың алдын алу мақсатындағы жұмыстар онлайн режимде жалғасып отырды. Интернет ресурстары арқылы Бас мүфти бас болып жұма уағызы, Рамазан айында «30 күнде 30 сұхбат», «Рамазандағы Құран Хатым», «Сұрақ-жауап» сынды арнайы жобалар, онлайн сұхбаттар мен уағыздар жүзеге асырылып, осы сайттар арқылы халыққа кеңінен насихатталды.

Тағы бір айта кететіні, Бас мүфтиіміз Наурызбай қажы Тағанұлы хазіреттің тапсырмасымен биылғы жылы ҚМДБ-ның жанынан Діни оңалту бөлімі, Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімі құрылды, «E-Мүфтият» жобасы іске қосылды. Бұл Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының Республикалық деңгейдегі деструктивті ағымдардың алдын алу үшін атқарған жұмыстарының бір қыры ғана. Ал, әрбір өңірдегі өкілдіктер деңгейінде, қала, аудан деңгейінде де атқарылып жатқан жұмыстар аз емес.

Азаматтарды білікті діни мамандармен тікелей байланысқа шығып сұрақтарына жауап ала алады. Діни ақпарат беру орталығының тәулік бойы 33-30-30 нөмері арқылы адамдар өмірінде туындаған діни мәселелерге жауап ала алады. Өткен бір айдың өзінде орталық қызметкерлері 3 000 діни сұраққа жауап қайтарып, халық сұранысын қанағаттандырған.

–Радикалды, деструктивті ағымдардың алдын алу үшін білікті мамандар қосынының маңызы айрықша. Бұл бағытта қандай жұмыстар жасалуда?

–Дұрыс айтасыз. Бұл бағытта уағыз-насихат, ағарту жұмысымен қатар, мамандардың біліктілігі мен білімі де маңызды рөл атқаратыны сөзсіз. Қазір діни мамандар дайындау жөнінен елімізде толықтай мүмкіндік жасалған. Айталық, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты 9 медресе, 6 қарилар дайындау орталығы, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында Имамдардың біліктілігін жетілдіру институттары бар. Сонымен бірге, жоғары діни білім беретін «Нұр Мүбәрак» Ислам мәдениеті университеті жұмыс жасауда.

Бұлар – білікті діни кадрлар дайындау, халықтың діни сауаттылығын көтеру, дұрыс діни насихаттың үздіксіз жасалуы үшін өте маңызды діни оқу орындары. Білікті мамандар дайындалуда әрбір оқу ордасының рөлі айрықша. Айталық, өзім екі жылға жуық басшылық қызмет атқарған «Астана» медресе-колледжі құрылған 10 жылда 286 түлек бітіріп шығып, көбісі діни салада жемісті қызмет етіп келеді.

Осы орайда айта кетуге тиісті бір жайт: кейбір қайырымдылық мекемелер мен қоғамдық қорлардың ашқан орталықтары ресми түрде медресе болып саналмайтынын айта кету керек. Бұл туралы қоғамда қалыптасқан жаңсақ пікір бар.

–Бабаларымыздың діни тұтастығының мәні неде?

–Бабаларымыз бір сенімнің үстінде ұйысып, сөзге тоқтады. Заңды имам саналған ел мойындаған ғұламаларын тыңдады. Алтайдан Атырауға, Сырдариядан Сарыарқаға дейінгі ұлан-байтақ атырап бір ғана амал мектебі мен бір ғана сенім мектебінде болды. Шыңғыстағы Абай мен батыстағы Ғұмар Қараштың, Көкше жеріндегі Науан Хазірет пен Сыр өңіріндегі Марал ишанның сенімінде алшақтық болған жоқ. Қазіргі таңда Қазақстан мұсылмандарының қарашаңырағы болған ҚМДБ-ның ұстанымы да – осы ата-бабамыздан қалған даңғыл жолды жалғастыру.

Шын мәнінде, бұл имани тұтастық – бүгінгі таңдағы қазақ қоғамына аса қажетті бабалардың тарихи тәжірибесі.

–Осы тұтастықты сақтау үшін не істемек керек?

– «Алтау ала болса ауыздағы кетеді. Төртеу түгел болса төбедегі келеді». Ол үшін бізге имани бірлік керек. Бізге шетелде отырған діни көсемдердің пәтуасын тыңдап, артынан ерудің еш қажеттілігі жоқ. Шекара сыртындағы әрбір діни қайраткердің уағызында өз елінің мүддесі, өздерінің мәдениеті мен дәстүрі болуы мүмкін. Бұдан абай болу керек. Ескеретін бір жайт, Алла Тағала бұйырған асыл жолды ұстанып, иманды, тақуа болу үшін басқа бір елді үлгі тұтудың қажеті жоқ. Халқымыздың бейбіт түрде сонау VII ғасырлардан бастап еркіндікпен қабыл алып, ғасырлар бойы даналықпен жалғастырған рухани жәдігерлеріне, киелі аманатқа ие болсақ, сонда шынайы отансүйгіш мұсылман боламыз.

–Рахмет. Алла сондай өмірді нәсіп етсін.

–Сізге де Алла риза болсын!

Сұхбаттасқан, Оразбек САПАРХАН

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру