ДІНДІ БІЛІММЕН ТАНЫ...

15 мамыр 2024 1560 0
Оқу режимі

Діни білім алудың ерекшеліктері бүгінгі таңда өзекті десек те болады. Осы арада жадымызда сақтайтын жайт бар. Жалпы адамның жаратылысы Жаратушыны тануға, оған сүйенуге бейім келеді. Кез-келген адам баласы өзіне медет тілейтін кезде Аллаға мінәжат етеді. Ал, Алланы өз дәрежесінде тану үшін де рухани ілім керек. Сондықтан бүгінгі саналылық пен көкжиегі кең түсінік қалыптасып жатқан кезеңде діни сауаттылықты арттыру уақыт талабы. Ұстазсыз берілген білім қалыпсыз құйылған кірпішке ұқсатылады. Егер балаңыздың рухани ұстазы мешіттің имамы немесе ресми ұстазы болса, онда дұрыс түсінік қалыптастыруға болады. Осы ретте айта кетер болсақ, мешіттерімізде алты жастағы баладан, қарияға дейін діни сауат ашуға жағдай жасалған. Мешіттегі үйретілетін мұсылманға тиісті әдептілік, мінез-құлық көркемділігіне бейімдеумен қатар, негізгі басымдық берілетін дәріс Құран Кәрімді түпнұсқада оқуды үйрену. Себебі, Алланың кітабы Құран адамзат баласына екі дүниеде бақытты болудың жолын үйретеді. Бұл дүниедегі бақыты жүрек тыныштығы. Шын мәнінде өмірде сырт көзге қарағанда қаншама мол байлықтың иелері жүректері тыныштық таба алмай, қыруар қаражаттарын түрлі мамандардан кеңес алуға жұмсап жатады. Ал, мешіттеріміздегі адам жанын нұрландыратын және шынайы бақытқа жетелейтін Алланың тегін кеңестерінен үлес ала алмай жүргендер бар. Құран оқудың артықшылығы мен Құранды оқыған адамның дәрежесі көтерілетіндігі жайлы Алла елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Құран оқыңдар, ол қиямет күні өзін оқығандарға шапағатшы болады» және «Сендердің ең жақсыларың – Құранды үйренгендерің және оны басқаға үйреткендерің». Құран Кәрімнің Рағыд сүресінің 28-аятында: «Жүректер Алланы еске алумен тыныштық табады» делінген. Мінекей, жан тыныштығы мен рухани байлықтың қайнар көзі болып саналатын Құранды үйрену арқылы біз көптеген нығметтерге қол жеткіземіз. Құранды оқу арқылы қуат аламыз, санамыз бен жүрегіміз нұрланады. Осы жерде ескере кетер болсақ, саналы ұрпақ қалыптастыруды қалайтын ата-ана балаларымызға Құран Кәрімді үйренуге баулығанымыз жөн. Баласы Құран жаттаған ата-анаға қияметте Алла тағала тәж кигізіп, абыройларын арттырады. Егер ата-ана өзі үйрете алмаса, мешіттердегі Құран үйрететін дәрістерге қатыстырып немесе медресеге беруіне болады. Баланы діни оқытудағы мақсат міндетті түрде имам немесе діни қызметкер ету болмаса да, зайырлы білімді етіп қалаған мамандық иесі болғанда «ақырын жүріп, анық басатын» адал мен арамды ажыратып білетін, өзіне де, өзгеге де пайдасы тиетін тұлға ретінде қалыптастыру. Сонымен қатар, діни сауатын дұрыс қалыптастырған бала саналы қоғам мүшесі болып, мақсаттары бөлек жат ағымдардың ара жігін ажырата білетін болады. Бүгінде орталық мешітімізде 170-тен астам балалар тәлім алып, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, имандылық иірімдері, араб әріптері мен Құран оқудың алғышарттарын үйренуде. Бұл үрдіс жыл сайын жазғы демалыс кезінде басымдық алады. Ал, кез-келген мерзімде мешіт жанындағы діни сауат ашу курстары күндізгі және кешкі бөлімде тұрақты жұмыс жасайды. Бұл дегеніміз – сіздің өзіңізге қолайлы уақыт тауып діни сауатыңызды арттыруға деген үлкен мүмкіндік. Алланың бізге берген екі нығметінің бірі алтын уақытымыздың бір бөлігін Алланың разылығына бөленетін іске арнайық ағайын!

Ө.Қ.Бекқожа

Пікірлер Кіру