ДІНИ САНА

14 қыркүйек 2023 3229 0
Оқу режимі

Діни сана, діни тәжірибе, діни сезім, діни іс-әрекет сияқты ұғымдар қазіргі қоғамда жиі талқыланады. Діни сана қоғамдық сана формаларының ішіндегі ең маңыздыларының бірі саналады. Оның анықтамасы ретінде адамның белгілі бір діни идеялар мен құндылықтарды мойындауы, ұстануы, санасында көрініс табуы деп тұжырымдауға болады. Адамның айналасындағы қоғамдық байланыстар, отбасы, діни тұлғалар, өмірде басынан кешірген жағдаяттары т.б. діни сананың қалыптасуындағы негізгі факторлар. Сапалық тұрғыдан рационалды немесе эмоционалды түрде діни сананың көріністері байқалады. Қазіргі біздің қоғамдағы кейбір діни тақырыптардағы талас-тартыстар барысында да осы діни сананың деңгейі мен көріністерін байқап жатамыз.

Діндегі діндарлық, тақуалық, Аллаға жақындық сияқты құндылықтарды мақсат ету барысында адамдардың діни санасында әртүрлі ұстанымдар жарыққа шығып отырады. Қысқасы діни сенім бостандығы берілген қоғамда діни сананың қалыптасуы, көрініс беруі қалыпты құбылыс. Дегенмен, діни сана деңгейін қалай көтеруге болады деген сұраққа бір жақты жауап бере алмайтын шығармыз. Мәселен, елімізде діни атрибуттарға, діни ғимараттарға, ұстанымдарға қатысты дау болған кезде діни сана деңгейі маңызды саналады. Қазірде көбінесе эмоциямен қабылдайтын топтар мен азаматтар басымдық танытып жатыр. Әрине, діни тәжірибенің алғашқы кезеңінде бұл мәселеге де түсіністікпен қарауға болар. Алайда қоғамдағы діни сана деңгейі қалыптасатын болса көптеген таласты мәселелер шешімін табар еді деуге болады. Бір ғана мектептегі орамал мәселесінің осыншалықты дау тудыруы да осы сананың төмендігінен болып отыр.

Діндарлар қоғамдағы барлық мәселелерге діннің шаблонымен қараса, діннен тыс көзқарастағылар дін десе тұра қашар қалыпта тұр. Орамал таққан қыз орамал тақпаған қызға сен күнәкарсың, Алланың парызын орындамайсың, болмаса әсіре сілтеп кәпірсің десе, орамал тақпаған қыз керісінше сен радикалсың, экстремистсің десе бұл мәселе жақын болашақта шешімін таппақ емес. Мұның шешімі қоғамдағы әралуандықты барлық тарап мойындап, қабылдай білу қажет. Қоғамдағы барлық адамдар діндар болмайтыны сияқты, дінсіз де болмайды. Олай болса, ортақ мүдде негізінде түсіністік орната білу жетілген діни сананың көрінісі болмақ.

 

Kenshilik TYSHKHANULY

 

 

Пікірлер Кіру