ЕҢ АБЗАЛ САДАҚА – ДІН ЖОЛЫНДА ДҮНИЕ ЖҰМСАУ

28 желтоқсан 2023 2388 0
Оқу режимі

Ислам дінін сан ғасырдан бері рухани тірегі еткен халқымыз қайырымдылық істерді ерекше ыждағаттылықпен, ықыласпен, барын салып, беріле атқарған. Қамыққанға қамқор, жабырқаған жанға демеу болу – қанымызға сіңген қасиеттің бірі. Сондықтан болар халық арасында асар, жылу, шүлен тарату, сыбаға, кеусен, немеурін, тамыздық, ерулік пен қонақ асын беру сынды қайырымдылық істер күнделікті өмір тіршілігімізде көрініс тауып, дәстүрімізге айналған.

Дінімізде Алланың мейіріміне бөлейтін, Оған жақындататын ізгі амалдар көп. Соның бірі – дін жолында дүние жұмсау. Алла Тағала өзінің адал дүниесінен дін жолында мал сарп еткен пендесінің дүниесіне береке нәсіп етеді. Исламды өркендету, адамдардың жүрегіне ізгілік дәнін егу мақсатында еңбек еткен әрі осы жолда мал жұмсаған адамның өмірі де мағыналы болады. Мұндай мақсат жолында өмір сүрген пенде қос дүниенің бақытына бөленеді.

Жаратушы Иеміз қасиетті Құранда: «Сендер игілік жолында не сарп етсеңдер де, Алла оның орнын толтырады. Ол – ризық берушілердің ең қайырлысы» («Сәбә» сүресі, 39-аят) деп мұсылманды ізгі істер жолында мал жұмсауға құлшындырған. Өмірін, тіршілігін, құлшылығын, мал-мүлкін жақсылыққа арнаған адам ешқашан молшылық пен берекеден кенде болмайды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының сауапты іс-шараларына тұрақты түрде демеушілік танытып жүретін кәсіпкерлердің: «Ізгі істерге қаражат аударған сайын кәсібім өрге баса береді» деген сөзі осыған дәлел болса керек...

Дін жолында қаражат жұмсау – Аллаға көркем қарыз беру деген сөз. Бұған қатысты қасиетті кітабымызда мынадай мысал бар: «(Дүниесін Алла жолында жұмсау арқылы немесе мұқтаждарға зекет-садақа беру арқылы) Аллаға жақсы қарыз беретін кім бар, Алла оның берген қарызын еселеген үстіне еселей түссін (көбейтіп қайтарсын)» («Бақара» сүресі, 245-аят). Раббымыз Құранда бізге осындай сүйінші хабар жеткізген. «Аллаға жақсы қарыз беретін кім бар...» деген аят туралы пікір білдірген мұсылмандардың алғашқы әмірі Әбу Бәкір (оған Алла разы болсын): «Алла Тағала біздің сараң екенімізді біліп, жақсы істерге итермелеу үшін Өзіне көркем қарыз сұрап тұр», – деген екен.

Расында Әбу Бәкір (оған Алла разы болсын) нағыз исар (өзіне қажет бола тұра өзгелерге көмектесу) жасай білген жанның бірі еді. Ол Алла жолында мал сарп ету ісінде үнемі өзгелерден озық болатын. Жақсылықта алдына жан салдырмайтын Әбу Бәкірден (оған Алла разы болсын) озғысы келген Омар (оған Алла разы болсын): «Бірде Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Исламды жан-жаққа насихаттау үшін жәрдем беруімізді бұйырды. Ол кезде байлығым көп еді. Ішімнен: «Бүгін Әбу Бәкірден озатын болармын», – дедім. Мал-мүлкімнің жартысын Алла елшісіне әкеліп табыс еттім. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Омар! Отбасыңа не қалдырдың?» – деп сұрады. «Дүние-мүлкімнің жартысын қалдырдым» дедім. Біраздан кейін Әбу Бәкір келді. Ол мал-мүлкін түгел алып келген екен. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оған: «Уа, Әбу Бәкір! Отбасыңа не қалдырдың?» – дегенде, «Оларға Алла мен Оның елшісінің сүйіспеншілігін қалдырдым», – деді. Мұны естіп: «Бұдан кейін жақсылық жасау жолындағы жарыста Әбу Бәкірден ешқашан оза алмаспын», – деп ой түйдім», – деген екен.

Садақа берудің ең көркем әдебінің бірі – қолдағы бар байлықтың ең жақсысын үлестіру. Бұл туралы Алла Тағала Құранда: «Уа, иман келтіргендер! Тапқан табыс пен өндірген өнімдеріңнің және сендер үшін жерден шығарған өнімдеріміздің жақсы әрі адалынан садақа беріңдер. Садақаны өздеріңе (берілсе ұнатпайтындай) қадірсіз, нашар дүниеден беруге тырыспаңдар» («Бақара» сүресі, 267-аят) деп ескерткен. Шын мәнінде біз біреуден сыйлық немесе көмек алғымыз келсе, ең жақсысын алсақ екен дейміз. Ең жақсысын алғанды қаласақ, берген кезде де ең жақсысын атап, алған адам риза болатындай әр нәрсені көркем түрде орындаған абзал.

Білім жолында жүрген бауырларымызға көмектесу де – ең жақсы садақаның бірі. Ибн Мубарак (Алла оны рақымына алсын) былай деген екен: «Мен пайғамбарлық мәртебеден кейінгі білімді жаю мен білім ізденушілерге көмек беру, олардың күнкөріс қамын уайымдамай, еш алаңсыз білімге ден қоюына жәрдем беруден абзал мәртебені білмеймін». Расында білім жолындағы шәкірт өз мұқтаждығын білдіргісі келмейді. Шын мәнінде дін жолындағы шәкірттерге көмектесу – білімнің таралуына, Исламның насихатталуына, Құран құндылықтарының дәріптелуіне жәрдемдесу деген сөз. «Білім алушы бол, не білім беруші бол, ең болмағанда оларға жәрдемдесуші бол» деген тәлімді сөздің мәні осында жатса керек.

Егер біз қазір медресе шәкіртіне қолдан келгенше өз көмегімізді аямай жердем беретін болсақ, ертеңгі күні оның себеп болуымен намазға жығылатын, Құранды түпнұсқада оқи алатын, ата-анасын қадірлеп, еліне қалтқысыз қызмет ететін жастардың қатары артады. Алланың қалауымен осындай сауабы мол игі істерде біздің де үлесіміз болатыны хақ. Мәселен, бір адам Алланың берген байлығын Оның разылығы жолында жұмсап, мешіт салды делік. Енді ойланып көрейікші, бір күнде қаншама адам мешітке келіп намаз оқиды, дұға етеді, адамдарға жақсылық жасайды. Бұдан бөлек мешітте қаншама қайырымдылық іс-шаралары жүзеге асады. Алланың мейірімі кең. Былайша айтқанда, ерекше ықыласпен, бар ынта-жігерімен мешіт тұрғызған адам осыншама сауапты істерге себепші болды. Өзі де осыншама сауаптан үлес алса, нағыз бақыт осы емес пе?!

Ислам – жақсылық діні. Асыл дініміз айналадағы адамдарға үнемі жақсылық жасауға үндейді. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Аллаға құлшылық етіңдер. Оған ешнәрсені ортақ етіп қоспаңдар. Әке-шешеге, жақындарға, жетімдерге, міскіндерге, жақын көршіге, бөгде көршіге, жан жолдасқа, жолда қалғандарға және қоластындағыларға жақсылық жасаңдар» («Ниса» сүресі, 36-аят) деп әмір еткен. Ата-анаға, ағайын-туысқа, көршіге, дос-жаранға жасайтын жақсылықты міндетсінбей, ең жоғары деңгейде, көркем түрде орындау – исі мұсылманның асыл міндеті.

Ислам – жетім-жесірге қамқор болуға шақыратын дін. Халқымызда «Жетімді қуантсаң, жерде жетпіс, көкте жетпіс періште қуанады» деген нақыл бар. Алла Тағала Құранда: «Дүние және ақырет жайында (ойланарсыңдар деп аяттарын ашық баяндауда). Олар сенен жетімдер жайлы (яғни оларға және мал-мүлкіне қатысты қандай ұстанымда болу керектігін) сұрайды. Сұрағандарға былай де: «Оларға жақсылық жасау (дұрыс тәрбие беріп, мал-мүлкін көбейту оларды мүлде қараусыз қалдыраудан) – әлдеқайда қайырлы іс. Егер қарайласу мақсатында оларды бауырларыңа басып, етене араласатын болсаңдар, әлбетте олар – сендердің (діндес) бауырларың. Алла кімнің бұзушы, кімнің оңалтушы екенін жақсы біледі». Алла қаласа, сендерге ауыр жүк артып, жағдайды қиындатып, әуре-сарсаңға салып та қояр еді. Шүбәсіз, Алла – ұлық, бәрінен үстем һәм әр ісі мен әрбір үкімі хикметке толы болған асқан даналық иесі» («Бақара» сүресі, 220-аят) деген. Ал ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Мұсылман отбасыларының ең жақсысы – жетімге жақсылық жасаушысы, ең жаманы – жетімге жамандық жасаушысы», – делінген.

Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) елші болып жіберілуінің басты мақсатының бірі – жер бетіне мейірімділік орнату. Бұл туралы қасиетті Құранда «(Уа, Мұхаммед!) Біз сені күллі әлемге (күллі жаратылысқа) теңдесі жоқ рақым ретінде ғана жібердік» («Әнбия» сүресі, 107-аят) деп баяндалған. Мұсылман адам ешкімге зиян тигізбеуі керек. Керісінше жанашырлығымен, адалдығымен, қарапайымдылығымен, мейірімділігімен қоғамның дамуына, адамдар арасындағы бауырмалдық қасиеттердің артуына өз бетінше үлес қосуы тиіс. Айналасындағы адамдарға ізгі істерімен, көркем мінезімен үлгі бола білген мұсылман қоғамның рухани тұрғыдан дамуына аз да болса үлес қосқан болып саналады. Алла Тағала баршамызды мейірімді мұсылмандар қатарынан еткей. Әмин!

 

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти

«Иман» журналы, №12, 2023 жыл

Дереккөз: Иман журналы

Пікірлер Кіру