ЕҢ АЛДЫМЕН ӘР АДАМ, ТҮЗЕУ КЕРЕК ПЕЙІЛІН… (Терме-жыр)

24 маусым 2024 1365 0
Оқу режимі

Пейіл деген- ниетің,

пейіл деген- мейірім!

Пейіл деген жақсыға,

Бұрған сенің зейінің.

Көрінбейтін айнадан,

Пейіл - ішкі кейібің…

Ұлтты түзеу  үшін де…

Ең алдымен әр адам,

түзеу керек пейілін!

 

Пейілі жаман бас болса,

Ел ырысын ұрлайды,

Өзіндей ұры- қарыны,

Жан-жағына жинайды.

Телі менен тентекті,

Тезге салып тыймайды.

Сыбайлас, жемдес болған соң,

Көңілдерін қимайды,

Жабу үшін қылмысын,

Жазықсызды қинайды,

Алатайдай бүлдіріп,

Елдің ішін былғайды.

 

Пейілі жақсы бас болса,

Бай қылсам дер жарлыны,

Алаяқтардан арылып,

Уәзір етер арлыны,

Ашылмай жатқан ашылар,

Ақиқаттың сандығы,

Шешілер кезек күттірмей,

Әлеуметтің зар, мұңы.

Туысын да аямас,

Айыптаса заң мұны.

Парақор мен жемқордың,

Мойнына салар қарғыны,

Өзім деп емес, халқым деп,

Атар оның әр күні,

Басшымын деп жүргеннің,

Пейіліне байлаулы,

Міне, осының барлығы!

 

Жамандықтан аулақ бол,

Үлкенің де, кішің де,

Халыққа қарсы тас атып,

Арыңа дақ түсірме.

Күштінің арты диірмен,

Кінасыз болсаң кішірме.

Айтаққа еріп аптықпа,

Кінасыз болуы мүмкін ғой,

Кіналы деген кісің де…

Пейіліңді кірлетпе,

Арзан атақ үшін де,

Түзелуі керектің,

Мен де бармын ішінде,

Сен де барсың ішінде!

Өзіңе қайта оралар,

Арамдық қылсаң кісіге!

Тұтастығына еліңнің

Көлеңкеңді түсірме,

Ел бірлігіне арналсын,

Әр күнгі игі ісің де.

Ел болам десең көшелі,

Пейіліңді мүсінде,

Ең алдымен әр адам,

Түзеу керек пейілін,

Ұлтты түзеу үшін де,

Түзелген күні пейілің,

Түзеледі ісің де!

 Әділбек ҚАБА

Пікірлер Кіру