Ережеп – берекенің бастауы

26 ақпан 2020 7999 0
Оқу режимі

Алла Тағаланың адам баласына берген нығметтерінің бірі – біздерге көптеген жақсылықтар мен игіліктерге қол жеткізіп, еселенген мол сауаптарға ие болатын мезгілдер мен айларды  нәсіп етуінде. Қарап тұрсақ, асыл дініміздегі қасиетті мерекелер, күндер мен түндер, тіпті айлар имандылыққа тәрбиелейді. Солардың қатарында қасиетті Ережеп, Шағбан, Рамазан айларын ерекше атауға болады.

Ережеп, Шағбан, Рамазан – Жаратқанның мұсылман жұртына жасаған ұлы тартуы. Бұл үш ай – Хақ Тағаланың мейірім-шарапаты ерекше асып-таситын айрықша мүбәрак айлар. Шынайы мұсылман адам осы айларда пенделік қылықтардан арылып, нәпсісіне тойтарыс беріп, жүрегін қайта тазартары анық.

Мінекей, аса мейірімді Алла Тағаланың қалауымен біз осы қасиетті үш айға еліміз есендікте, жұртымыз тыныштықта, басымыз аман, бауырымыз бүтін күйде жетіп отырмыз. Әлемдердің Раббысына сансыз шүкіршіліктер мен мадақтар болсын!

Ережеп айы Құран Кәрімде баяндалғандай, Алланың құзырында ерекше құрметке ие болған қасиетті төрт айдың бірі. Бұл жөнінде Жаратқан Хақ Тағала «Тәубе» сүресінің 36-аятында былай дейді:

إِنَّ عِدَّةَ الشُّهُورِ عِنْدَ اللَّهِ اثْنَا عَشَرَ شَهْراً فِي كِتَابِ اللَّهِ يَوْمَ خَلَقَ السَّمَاوَاتِ وَالْأَرْضَ مِنْهَا أَرْبَعَةٌ حُرُمٌ

«Расында, Алланың қасында көктер мен жерді жаратқалы Алланың кітабындағы айлардың саны он екі. Бұлардың төртеуі –құрметті айлар» (олар: зүлқағда, зүлхиджә, мұхаррам және рәжәб).

Ал, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жыл он екі айдан тұрады. Бұлардың төртеуі харам айлар. Оның үшеуі бірінен кейін бірі келеді. Бұл айлар зүлқағда, зүлхиджа, мұхаррам. Төртіншісі болса, ережеп»,- деген.

Ережеп айы Исламға дейінгі жәһилият дәуірі кезінде де арабтар үшін қасиетті болып есептелінген. Ережеп айы кіргенде, араб тайпалары өзара соғыс пен жанжалдарын тоқтатып, ешкімге тимеуге тырысатын болған. Сондықтан да бұл айды «рәжәб», яғни «ұлықталған» ай деп атаған.

Әрбір мұсылман пенде бұл қасиетті айларды қадірлей білуі қажет. Алла Тағала Құран Кәрімде ережеп айында зұлымдық жасауға, күнәлі істерге бой алдыруға қатаң ескерту жасап:

فَلا تَظْلِمُوا فِيهِنَّ أَنْفُسَكُم

«Бұл айларда өздеріңізге зұлымдық жасамаңыздар»[1], – деп қайтарған. Имам Құртуби өзінің «Жамиғь» атты еңбегіндегі осы аяттың тәпсірінде:  «Алла Тағала бұл төрт айды ерекше еске алып, тіпті, зұлымдық жасауға әрқашанда тыйым салынған болса да, осы айды дәріптегендіктен зұлымдық  жасауға  бұл айда ерекше тыйым салған», – деп ескертеді.

Абдулла ибн Аббас та (р.а.) осы аятқа берген түсініктемесінде былай дейді: «Қасиетті айларда – яғни, Алла Тағала он екі ай бойы күнә істеуден тыйып, кейін сол он екі айдың төртеуін қасиетті етіп, олардың ерекшелігіне нұсқады. Осы себептен бұл төрт айда күнә істеу – ауыр қылмыс, ал игі іс істеу – үлкен іс әрі оның сауабы ерекше ұлық».

Демек, Ережеп айында жасалған күнәнің жазасы ауыр болады, ал оқылған намаз, тұтылған ораза, берілген садақа секілді кез келген құлшылықтың сауабы еселеніп жазылатыны айтылуда. Қатада (р.х.) айтады: «Алла Тағала жаратқанның ішінде екі жаратылысты ерекше етті. Яғни, Хақ Тағала періштелердің және пенделердің ішіндегі елшілерді ерекше етті. Сөзден Хақ Тағала – зікірді, жерден – мешіттерді, айлардан – Рамазан айын және қасиетті (төрт) айларды, күндерден – жұманы, түндерден – қадір түнін ерекше етті». 

Имам Ахмад жеткізген риуаятта Алла елшісінің (с.ғ.с.) Ережеп айы кірген уақытта: «Уа, Аллам! Ережеп пен Шағбан айларын берекелі ете гөр! Бізді Рамазанға аман-есен қауыштырғайсың!» – деп дұға жасағаны айтылады. Олай болса, сүйікті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетін сүйіп, дұғасын жаттаған дуалы халқымызға Алла Тағала есігімізден енген Ережеп айын берекелі еткей! Еліміз аман, жеріміз тыныш болғай!

Наурызбай қажы Тағанұлы
ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти


[1] «Тәубе» сүресі, 36-аят

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру