ЕРКЕК ҮЙДІҢ ИЕСІ, ӘЙЕЛ... ӘЙЕЛ БҮТІННІҢ ЖАРТЫСЫ

01 қараша 2024 395 0
Оқу режимі

Қазақтың дүниетанымын оның тұрмыс-тіршілігімен айшықтауға болады. Оның ішінде әйел мен ердің мәртебесі де тұрмыс-салттағы дәстүрлі түсініктермен бағамдалады. Мәселен, Атам Қазақ: «Еркек үйдің иесі, әйел үйдің шегесі» деп, әйел мен еркектің ерік-міндеттерін дәлме-дәл көрсетеді. Яғни, көшпелі халықтың патриархалды түсінігінде еркек шаңырақ иесі саналса, әйел сол отаудың отын жағып, ошағын қайнатып, үйдің берекесін кіргізетін жан. Бұл туралы көне түркінің дүниетанымын тереңірек зерттеп жүрген Д.Кенжетай былай деп тұжырымдайды: «Әлемді кеңістіктер мен бағыттарға бөлу арқылы мәденилендіру құбылысын киіз үйдің еркектік және әйелдік тарапқа бөлінуінен де көруге болады. Бірақ киіз үйдегі ең маңызды қазық - әйел болып табылады. Өйткені бұл кеңістік (ғарыш) - әйелдікі. Оның ішінде жасау, дүние де әйелдің өзіне тән. Еректің әлемі үйдің босағасынани шықққаннан кейін басталады. Үй - әйелдікі, түз еркектікі. Киіз үйде әр нәрсенің, әр заттың өз орны болғаны сияқты әрбір отбасы мүшелерінің де жанұяда өз орны бар. Бұл тәртіп, жүйе бұзылмауы тиіс. Яғни, әйелге тән заттар өз тарапында болып, еркек жағына ауысып кетпеуі керек» (Д.Кенжетай. Қожа Ахмет Иасауи дүниетанымы. Түркістан 2004).

Қазақ «екі жарты, бір бүтін» деп әйел мен еркектің теңдігін паш еткен.

Жаратылыс заңдылығында әйел сұлулық пен нәзіктіктің үлгісі саналса, еркектің пешенесіне қайрат-күш пен жігерді сарқа жұмсау жазылған.

Еркек әйелдегі жіңішке, нәзік сезімнен құралақан болса, әйел қанша тырысқанымен еркектегі қайрат-күшпен иық тірестіре алмайды. Демек, бірінде жоқ сезім екіншісінде бар, бірінде бар қабілет екіншісінде жоқ.

Әйел өзінің жаратылысына тән нәзіктікті қажет ететін үй шаруасымен, бала тәрбиесімен шұғылданса, еркек те өзінің жаратылысына сай қайрат-күшті қажет ететін түздің жұмысын атқарады.

Яғни, әйел мен еркектің бір-бірінсіз төрт аяғын тең басып өмір сүруі мүмкін емес.

Сондықтан да қазақтың дүниетанымында еркек пен әйел тең саналады.

Қазақтың ер-жігіттері нәзік жандылардың ішінде Құдай қосқан қосағын ғана өзімен тең көрген.

Ал, әженің ұлағатын ұйып тыңдап, оның өнегесін ұдайы ұлықтай білген. Әулет кейуанасын пір тұтып, оны патшасындай сыйлаған.

Аналарды «пейіш ананың аяғының астында» деп ардақтаған. Әпке-қарындастарын екі бетімнің ары деп аялап, олардың өтінішін екі етпеген.

Қызын аз күнгі қонағым деп, шұғаның қиығы, алтынның сынығы деп, бөркіне үкі тағып, еркелетіп өсірген.

Сайып келгенде айтпағымыз, әйел затын желеп-жебейтін қастерлі рухқа балап, оның нәзік болмысын космогониялық жаратылыспен байланыстырып, тіпті жер-су атауларын да әйел затымен атаған жаһандағы бірегей ұлтпыз.

Яғни, әлем әйел затын сыйлауда бізден үлгі алсын демекшіміз...

Мұхан ИСАХАН

 

Пікірлер Кіру