Есек ақырса, дәрет бұзыла ма?

13 ақпан 2019 11126 0
Оқу режимі

Баяғыда бір даукес, бәлеқор адам қала әкіміне келіп, мешіт имамының халықты шатастырып жүргенін айтып, шағым түсіріпті.

«Мешіт имамы қандай ісімен, нендей сөзімен халықты адастырып жатыр?» – депті имамды жақсы танитын әкім таңғалған күйде. Әлгі бәлеқор адам: «Ойбай, әкім мырза, айтпаңыз, имам мешіт жамағатын жиып алып, «Есек ақырса, кісінің дәреті бұзылады» деп, ешбір кітапта жоқ, Құранға қайшы пәтуа берді. Сенбесеңіз сол жердегі жамағаттан сұраңыз», – депті саспастан.

Әкім мәселенің анық-қанығын білу үшін әлгі мешіт имамын құзырына шақыртып алып: «Мына адам сені халықты шатастырып, «Есек ақырса, кісінің дәреті бұзылады» деп пәтуа берді дейді. Осы айтқаның рас па?» – дейді.

Сонда имам: «Олай дегенім рас, әрі ол дұрыс пәтуа! Бірақ мына кісі мешіттегі дәрісіме кешігіп келді. Сосын сөзімді аяғына дейін тыңдамай ерте кетіп қалды. Сөзімнің басын да, аяғын да толық тыңдамай тек ортасын ғана шалыс естігендіктен қателесіп отыр. Мен ол кезде дәретке қатысты бір мәселені халыққа түсіндіріп жатқам.

Мәселенің бас-аяғы былай: «Бір кісі есегіне дәрет алатын суын артып, шөл далаға сапарға шығады. Жол ортасында әлгі есегі дәрет суымен бірге қашып кетіп, су болмағандықтан намазын тәйаммүм алып оқиды. Егер намазға тұрған кезде, есегінің ақырғанын естісе, онда әлгі кісінің дәреті бұзылады. Өйткені есегінің ақырғаны – қайтып айналып келгендігінің белгісі. Ендеше, су табылғанда, тәйаммүммен алынған дәрет жарамсыз», – деген едім. Мына адам жамағат ортасында үнемі осылай бәле іздеп жүреді. Менің сөзімнің ортасын ғана қиып алып, сізге қисық жеткізіп отыр», – дейді.

Имам сөзінің дұрыс екеніне көзі жеткен әкім әлгі бәлеқор адамның өзіне жаза қолданыпты.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру