«Фәләқ» сүресі

15 мамыр 2018 19851 0
Оқу режимі

«Нас» сүресі – меккелік. Бұл екі муғаууиз[1] сүренің екіншісі. Аталмыш сүреде қас дұшпан Ібіліс және оның адам мен жыннан болған көмекшілерінің жамандығынан әлем Рабысынан пана сұрау әңгімеленген. Шайтан және көмекшілері адам баласын түрлі азғыру жолдарымен арбауда.

Құран Кәрім екі муғаууиз сүремен тәмамдалып, Фатиха сүресімен басталған. Бұл тәсіл – жақсылықпен бастау және жақсылықпен аяқтау қосындысы. Көркемдік пен жақсылықтың ең шыңы. Өйткені, пенде Алла Тағаладан істің басынан аяғына дейін жәрдем сұрап, пана тілейтіні белгілі.

 

بسم الله الرحمن الرحيم

قُلْ أَعُوذُ بِرَبِّ النَّاسِ

1.    «(Ей, Мұхаммед) Айт: «Адамдардың Раббысынан қорғауын тілеймін.

Адамдарды Жаратушы, оларды тәрбиелеуші, жоқтан бар етуші және түрлі нығметтерге бөлеуші Алладан пана сұраймын. Тәпсіршілер: «Алла Тағала барлық тіршілікті Жаратушы, бірақ мұнда адамды ерекшелеп айтуы адамзаттың басқа мақлұқаттардан қадірлі әрі мәртебелі екенін аңғартады. Өйткені, Алла Тағала адамға жаратылысты бағындырып, ақыл және біліммен күшейткен. Періштелерге адамға сәжде жасауды әмір етуінің сыры да осында жатыр.

مَلِكِ النَّاسِ

2.    Адамдардың иесінен (Шын билеушісінен).

Алла Тағала барлық жаратылыстың жалпы, толық әрі кемел Иесі. Оларға төрелік етеді, амалдарын реттейді, қадірлі етеді, қор етеді, бай етеді, кедей етеді, – дейді.

إِلَهِ النَّاسِ

3.    Адамдардың Тәңірінен.

Құртуби: «Алла Тағала: «Адамдардың Иесіне. Адамдардың Тәңіріне» деп айтуы адамдар арасында да патшалар бар, алайда шынайы патшалық Оған тән. Адамдар арасында да Алладан басқаға құлшылық ететіні бар, алайда шынайы Тәңір және құлшылық етілетін тек Алла екенін естеріне салуда. Және пана сұрау мен сиынуға патшалар мен ұлықтар емес Алла Тағала ғана лайықты», – дейді. Сүренің тәртібінде асқан шеберлік байқалады. Өйткені, тәрбиелеудің түрлерін көрген соң адам әуелі Раббысын тани түседі. Сол себепті әуелгі аят - «Адамдардың Раббына». Тағы ой жүгіртсе, адамдардың іс-әрекетін реттеуші Раббы жаратылғандарға мұқтаж емес. Демек, Ол Алла - «Адамдар иесі». Және пікірлей түссе, Ол құлшылыққа лайықты құдірет екенін түсінеді. Өйткені, еш нәрсеге мұқтаж емес һәм барлық тіршілік Оған мұқтаж зат «Адамдардың Тәңіріне» ғана құлшылық етуге лайықты. Бұл үш аятта жай ғана «олардың» деп есімдікті қолданбай «адамдардың» сөзін қайталауының сыры адам баласының қадірі мен мәртебесін аңғартады. Олардың жағдайына аса мән беретіндігін көрсетеді.

Ибн Касир: «Бұл үш сипат: «Рубубиет, Иелік, Иләһиет» тек Алла Тағалаға тән. Алла Тағала барлық тіршілік һәм мақлұқат атаулының Раббысы, Иесі және Тәңірі. Барлық тіршілік иелері Оның жаратылысы және мүлкі. Сондықтан пана сұраушы осы үш сипаты бар тәңірге сиыну тиіс», – дейді.

مِنْ شَرِّ الْوَسْوَاسِ الْخَنَّاسِ

4.    (Алла Тағаланы еске алған кезде) сыбырлап азғырушының кесірінен.

Көңілге жаман ой салатын шайтанның жамандығынан және күнә іске азғыратын адамның жамандығынан сақта. «Ханнас» пенде Раббысына жалбарынса жасырынып, шегіншектейтін шайтан. Ал, пенде Алланы ұмыта бастаса шайтан қайта азғыра бастайды.

الَّذِي يُوَسْوِسُ فِي صُدُورِ النَّاسِ

5.    (Ол) адамдардың көкейлеріне уәсуәса салатын.

Жамандығының қаттылығынан адам баласының жүрегіне түрлі азғырулар мен ойларды салады. Құртуби: «Азғыру – жүрекке естілмесе де ұғымы жететін жасырын сөз», – дейді.

مِنَ الْجِنَّةِ وَالنَّاسِ

6.    Жын мен адамдардан болған бүкіл азғырушылардың кесірінен Аллаға сиынамын» де.

Бұл аятта адам және жын атаулының шайтанынан қоса пана сұрау қажеттілігі баяндалуда. Адамның шайтандары жын шайтандарынан әлдеқайда қауіпті екені белгілі. Өйткені, жынның шайтаны тек сыбырлайды. Ал, адамның шайтаны арсыздық пен тыйым амалдарды әдемі етіп көрсетеді. Мұндай азғырулардан тек Алла сақтаған адам ғана қорғана алатыны ақиқат.

Айша (р.а.) анамыз риуаят етеді: «Алла елшісі (ñ.ғ.ñ.)төсегіне жатарда, екі алақанын қосып «қул һуа Алланы» және екі тағаууз сүрелерін оқып, денесін қолы жеткен жеріне дейін сипалайтын. Ол басынан және жүзінен бастайтын. Бұл әрекетін үш рет қайталайтын»[2].

 


[1]    Муғаууиз-Нәс және Фалақ сүрелері. Мұғаууиз - Алла Тағаладан пана сұрау дегенді білдіреді.

 

[2]    Барлық сүнән кітаптарында бар

 

Пікірлер Кіру