ҒЫЛМАНИ – «ӘРУАҚ ҚОЛДАЙ МА?»

11 маусым 2024 1455 0
Оқу режимі

Сәдуақас қажы Ғылманидің (1890-1972 жж.) «Заманымызда болған ғұламалардың ғұмыр тарихтары» атты еңбегінде XIX-XX ғғ. негізінен Қазақстанның солтүстік және орталық аймақтарынан шыққан ғұламаларының өмірбаяны кең көлемде жазылған.

Сонымен қатар, еңбекте сол кезеңдегі талас-тартыс тудырған «Ақида», «фықһ» және «сопылық» мәселелерінің тұшымды жауаптары ханафилік-матуридилік мәзһаб негізінде жауаптар беріліп отырғаны баяндалады.

XIX-XX ғғ. өмір сүрген дін ғұламаларының арасында Бұхара, Түркия және Мысыр сынды елдерден он-жиырма жылдан оқып келген, білімді ұстаздардың медреселерде Ханафи мәзһабының «Шарх ал-уиқайа», «Фатауа-и хиндия», «Таузих-Талуихы» сияқты фықһ кітаптарымен қоса, «Фықһ-и акбар», «Шарх-и Молла қари», «Ақайыд-и Насафи» сынды ақида кітаптарының да оқытылғаны сөз етіледі.

Бұдан қазақ топырағынан шыққан дін ғұламалары халыққа фықһта Ханафи мәзһабын, ақида да Матуриди сенімін үйреткенін көреміз. Әрі осы тұран даладағы медреселерді бітірген шәкірттердің де аталмыш классикалық еңбектерді жетік меңгеріп, халыққа уағыз-насихатты, түрлі пәтуаларды сол кітаптар арқылы беретін дәрежеге жетіліп шыққандарын да олардың өмірбанын оқу барысында көруге болады.

Сәдуақас қажы Ғылманидің «Заманымызда болған ғұламалардың ғұмыр тарихтары» атты еңбегінде сол замандағы талас-тартыс тудырған мәселелердің бірі «Қайтыс болған адамнан жәрдем тілеу» болған.

Бүгінде де кейбір қарияларымыз бата-тілектерінің арасында «Құдай жарылқасын, аруақ қолдасын» деп жатады. Осы «Аллаға ортақ қосуға» жата ма, жоқ па? делініп жауабы беріледі.

Еңбекте Нұралының Барлыбайы, Исабек Ишан Мұратұлы туралы былай баяндағанын келтіреді: «Біз ол үйде, жанымда шәкірттер бар, қонақта едік. Олжабай да бар. Бір мәжіліс үстінде сол Ишан жайында сөз болып, ол кісінің көрсеткен кереметін көзбен көрдім. Менің Таубай деген балам көзі ауырып, шоқпардай ісіп, түк көрмейтін ауру болды. Сол Ишанның қабіріне кісі қосып жіберіп, сонда басына түнеп қайтып келді. Көзі шырақтай жанып, сол түнегеннен кейін жазылып кетті», – деді.

Мен ол уақытта өзіміздің Төре ауылында шәкірт жинап, дәріс айтып тұрған кезім. Басқа кітаптан болмаса да, «Хуласат ал-маса’ил» кітабында өлген адамның қабірінен жәрдем сұрау дұрыс емес, бәлки: «Жәрдем береді деп иғтиқад (сенім) қылса, кісі кәпір болады», – дегенді еске алдым.

Барлыбайды сыйлап, халық Бабай дейтін. Мен де ол кісіге қарап: «Бабай! Сізді бір шайтан айлалап, тұзағына түсіру үшін балаңыз Таубайды көзіне қойып ісірген екен. Сонымен сізді дұрыс болмаған бір иғтиқадды (сенімді) көңіліңізге бекітіп, мақсатына жеткен екен», – деп айтып салғаным болды.

Бабай сөзін, ісін жөндемек боп тоспақшы болып еді, Олжабай марқұм: «Бабай, орынсызға таласасыз ба, өлгеннен тілек орынды да емес қой», -деп тоқтатып тастады.

Тірі адамнан дұға, үміт қылу орынды. Дұрыстығында талас жоқ. Ал өлген адамның қабіріне түнеп, медет, жәрдем сұрау шариғатта дұрыс болмаған бір іс. Бірақ халық «аруақ», «пір» деген сөз жүректеріне имандай сіңірген бір істері.

«Аруақ риза болмай, тірі байымайды», – деген мәтел ең барып тұрған қуатты жолы. Соның арқасында кісісі өлген үй бір той қылған ордадан кем түспейді. Әрине, қонағасы, үші, жетісі, қырқы, жылы, екі жылдығы деген тағы бар. Осылардың барлығы шариғатта жоқ…» [1].

Бұл жерде Сәуақас қажы Ғылмани, «Аруақтан жәрдем сұрау Аллаға ортақ қосу» және «Қайтыс болған адамның жетісін, қырқын және т.б. беру шариғатта жоқ» деген екі мәселені көтеріп, шариғатқа қайшы екендігін айтады. Енді, осы екі мәселе төңірегінде қысқаша діни еңбектер мен бүгінгі таңдағы танымал дін ғалымдарының көзқарастарына тоқталып көрелік.

Адам баласы қайтыс болғаннан кейін де, оның «рухы» мәңгі жоқ болып кетпей, бәлки, адамдардың өмірдегі пайғамбарлық, шәһидтік, әулиелік және қарапайым мұсылман болу дәрежелеріне қарай рухтары да Бәрзах әлемінде әртүрлі мекенде болатыны «Бәхрул Кәлам» сияқты Әһлу сунна уәл жәмәғаттың ақида негіздерін қамтыған еңбектерде кең көлемде түсіндіріледі [2].

Ибн Қайым, өзінің «Әр-Рух» атты еңбегінде: «Біз суреттей (өлшей) алмайтындай рухтардың күш, қуаты болады. Тіпті, қуатты бір рухтың өзі бір әскери қосынға ықпал етеді. Біз оның сырын нақты айта алмасақ да, оны растаймыз», – деді. Сондықтан, тірі адамнан немесе өлген адамның рухынан дұға сұрау, көмек етуін өтіну дұға түріне жатады. Ислам негіздері мұндай істі оларға табыну, ғибадат ету мағынасына кіргізбейді. Бәлки, олардың әр екеуінің Алланың құзырында болған құрметін дәнекер етуді, тәуәссул қылуды білдіреді. Яғни, Аллаға ұсынылған, дәнекер етілген нәрсе, ол – тірі адамнан болсын, қайтыс болған адамнан болсын ізгі амалы (соның сауабы). Ізгілік тірі адамда да, қайтыс болған адамда да әрдайым рухымен (денемен емес) бірге болады. Рух Бәрзах әлеміндегі мекеніне жәйғасқан кезінде де бірге бола береді. Қасиетті Құранда: «Адамдардың әрқайсысының өз қолымен істеген (жақсы-жаман) істеріне қарай өзіндік дәрежесі болады» («Әнғам» сүресі, 132-аят), «Олар (Алланың нығметтеріне бөлегендер) өздерімен әлі қауышпаған дін бауырларын (Алламен қауышқанда) олар үшін де ешқандай қорқыныш жоқ екенін айтып сүйіншілейді» («Әл-Ғимран» сүресі, 170-аят) деген және т.б. аяттарында білдіріледі» [3] деген.

Ал, қазақ халқының арасындағы, қайтыс болған адамның «Жетісін, қырқын және жылдығын» беру сынды дәстүрін ҚМДБ-ның найб мүфтиі Алау Әділбаев, «Жетісін, қырқын беру ғұрпы қазақ халқының тұрмыс ерекшелігінен туындаған үрдіс» деп, көшпелі өмірдің қажеттілінен туындаған, орындалуы шариғатқа қайшы іс емес екендігін айтса [4], белгілі теолог Абдусамат Қасым, Таус ибн Қайсанның жеткізген: «Шынында, мәйіттер (қабірге қойылғаннан соң) жеті күн бойы сынаққа дұшар болады. Осыған орай, олар (сахабалар) осы күндері сол мәйіттердің атынан ас беруді ұнамды санайтын» деген сынды риуаяттар мен ғалымдардың көзқарасын дәлел қыла отырып, аталмыш күндерде мархұмның атынан ас берілуін ұнамды іске жатқызады, түп-төркіні Ислам деректерінде бар деп қарастырады[5].

Қорыта айтар болсақ, Сәдуақас қажы Ғылмани өз заманындағы ғалымдардың өмірбаянын жазу арқылы оларды келер ұрпаққа танытып кетті. Өз араларындағы «Ақида», «фықһ» және «сопылық» мәселелерде көрініс тапқан даулы мәселеге қатысты шарғи нақты жауабы мен дәлелі не? деген сұрақтарға жауап беруде сақтықты және бұқара халықтың деңгейіне түсіп фәтуа беруді басты назарға алған деуге болады. Оған дәлел, жоғарыда келтірілген «Қайтыс болған адам жәрдем ете ала ма?» деген мәселеге қатысты берген жауабын айтуға болады. Сонымен қатар, діни еңбектерге және отандық ғалымдардың фәтуасына қарай отырып, аталмыш мәселеге кең түсінікпен қараған жөн.

Самет ОҚАНҰЛЫ,
исламтанушы

 

[1] Садуақас Ғылмани, Заманамызда болған ғұламалардың ғұмыр тарихы, 1-том, 139-140 бб.

[2] Хасан ибн Әби Бәкір әл-Мақдаси, Ғаятул-марам фи шархи Бәхрил-кәләм, 748-754 бб.

[3] Мұхаммад Зәки Ибраһим, Ұсулул-ұсул, 224-225 бб.

[4] https://kazislam.kz/zhetisi-kyrky-zhane-zhylyn-beru-shari-atka-kajshy-ma/?lang=ru

[5] http://islam.kz/kk/questions/aqida-senim/qaitys-bolgan-adamnyn-jetisin-nemese-qyrqyn-berudin-sharigatta-negizi-bar-ma-781/#gsc.tab=0

 

Пікірлер Кіру