Ибраһим мақамы деген не?

05 шілде 2019 13221 0
Оқу режимі

Ибраһим мақамы – Халил Алла (ғ.с.) Кағбаны соққанда үстіне тұрған тас. Ибраһим (ғ.с.) және оның Кағбаны қалай соққаны жайлы қиссасын Ибн Аббас (р.а.) былайша баяндайды: «... Сол кезде Ибраһим мен ұлы Исмаил үйдің (Кағбаның) іргетасын көтерді. Исмаил тас әкеліп, ал Ибраһим оны құрды. Құрылыс биік болған кезде осы тасты алып келіп, оның үстіне шығып тұрды. Ол құрылысын жасап, Исмаил тас алып беріп тұрды. Екеуі: «Раббымыз, бізден қабыл ет! Ақиқатында, Сен – барлық нәрсені Естуші, бәрін Білушісің, – деді...»[1].

Ибраһим мақамы – Ислам рәміздерінің бірі. Құран Кәрімде: «Ақиқатында, адамдарға ең алғаш салынған – Бәккедегі[2] үй. Ол әлемдер үшін құт-береке әрі тура жол. Онда анық белгілер – Ибраһимнің мақамы (орны) бар...»,[3] – делінген.

Алла Тағала осы мақам жанында тұрып намаз оқуды әмір етіп: «Біз Үйді (Кағбаны) адамдар үшін жиналатын әрі қауіпсіздік орны еттік. Ибраһимнің тұрған орнын (мақамын) намаз оқитын жер етіп алыңдар...»,[4] – деген.

Сахаба Жабир (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қажылығын баяндай келе: «Біз пайғамбармен (с.ғ.с.) үйге (Кағбаға) келдік. Пайғамбар (с.ғ.с.) бұрышты ұстап, (Кағбаны) үш рет жылдам және төрт рет жай тауаф етіп шықты. Сосын Ибраһим мақамына келіп, «...Ибраһимнің тұрған орнын (мақамын) намаз оқитын жер етіп алыңдар...» деген аятты оқып, оның қалқасында (Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бен Қағба арасында Ибраһим мақамы тұрды) тұрып екі рәкағат «қул хуа Аллаһу Ахад» және «қул я әюхал кафирунмен» намаз оқыды...»[5].

Түйіндей айтсақ, үлкен немесе кіші қажылық етуші, мүмкіндік болса, Кағбаны тауап етіп болған соң Ибраһим мақамы деңгейінде тұрып екі ракағат оқу – сүннет. Ал, тауаф етушілерге кедергісі тиетін болса, кез келген жерде тұрып екі ракағат оқуға болады.
Тағы бір ескере кететін жайт, Ибраһим мақамына қарап дұға ету, бас қойып сүю және қолмен ұстау – шариғатта жоқ амал.

 

 


[1] Бұхари.
[2] Бәкке – Мекке қаласының атауларының бірі.
[3] «Әли Имран» сүресі, 96-97 аяттар.
[4] «Бақара» сүресі, 125-аят
[5] Муслим.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру