ИГІ ІСТЕ САУАП БАР

09 қыркүйек 2022 5603 0
Оқу режимі

Алла Тағала адамды жер бетінде жаратылыстың ең абзалы, ең жоғарғы даму сатысындағы тіршілік иесі етіп жаратты. Әрі біз, адамдар жаратылысымыздан нәзікпіз. Себебі, Алла Тағала адамға сезімтал ететін жүрек берді. «Тірі адамның жүректен аяулы жері бола ма?» деп Абай атамыз да айтып кеткен. Аллаға иман келтірген әрбір мұсылман таза жүрегін кірлетіп алмай, жаратқанның сүйікті құлы, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) шынайы үмметі болу жолында әрқашан өзімен жұмыс жасауы керек. Өзіңмен жұмыс жасау дегеніміз не? Оқу, білім алу, өзіңді жаман әдеттен аулақ ұстап және қоғамға пайдалы болу. Осының ішінде қоғамға пайдалы болу дегенге тоқталғым келіп тұр. Біреуге зияның тимегеннің өзі – қоғамға пайдаң. Бірақ, шын мәнінде «Дүние – қолдың кірі. Адамның аты жақсы амалымен қалатынын» бек түсінген әрбір мұсылман мұқтаж жанға қол ұшын созуға асықпақ керек. Садақа – береке кілті деп бекер айтпаған.

Алла Тағала бұл жайында Құран Кәрімде былай дейді: «Кімде-кім мысқалдай (тозаңның салмағындай) жақсылық жасаса, соның қарымын алады» («Зілзала» сүресі, 7-аят).

Хадис шәріптерде шынайы амалдарымыздың әрі сол амалдың алғышарты болып табылатын ізгі ниетіміздің қарымтасы болған сауаптардың еселеніп артатынын, сондай-ақ кей амалымызға Алла «сауабын өзім беремін» деп теңдесі жоқ сый күтіп тұрғанын сүйіншілеген.  Осыған қатысты бір хадиске тоқталып өтелік. Ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сахабасы  Абдуллаһ ибн Аббас (р.а.): «Шын мәнінде, Алла Тағала жақсы және жаман (амалдарды) жазып, сосын оны түсіндірді (яғни, періштелерге бұл істерді қалай жазу керектігін түсіндірді): «Кімде-кім бір жақсы амал (істеуге) ниеттеніп, оны істемесе, Алла ол үшін толық бір сауап  жазады. Егер ол ниеттенгенін істесе, Алла ол үшін он сауаптан жеті жүз есеге әрі (одан да) көп сауап жазады. Ал кімде-кім жаман іске ниеттеніп, (бірақ) оны істемесе, Алла ол үшін бір күнә жазады. Егер ол ниеттенгенін істесе, Алла ол үшін бір күнә жазады», – деген. (Бұхари, Муслим риуаяты).

Хадиске назар салып қарайтын болсақ, жақсы ой мен ниеттің өзі Алла құзырында сауапты іске жататынын ұмытпайық. Сондықтан жанымызды жадыратып, жан-жағымызға шуақ шашып жүретін ізгі жандардың қатарынан болуға ешқандай да кедергінің жоқтығын айта аламыз. Ол үшін жүрек пен ниетті жамандық атаулыдан алыс ұстайық. Дана халқымыз ниеттің тазалығы жайында «Жақсы ниет – жарым ырыс» деген.

Алла Тағала Құран Кәрімде ізгілікке жаны құштар жандар жайында былай дейді: «Олардың арасында Алланың қалауымен қайырлы істерде алдына жан салмайтын ізгі жандар да бар. Міне, (Алланың) ең үлкен шарапаты осы» («Фатыр» сүресі, 32 аят); «Міне, осынау ізгі жандар жақсылықта, қайырлы істерде дамыл таппай шарқ ұрып жүреді, жақсылық жасауда бір-бірімен жарысады»  («Мүминун» сүресі, 61 аят).

Мұсылман адамның жасап жүрген жақсы амалының барлығы да садақа секілді әрі сауап іс екені жайында айтылған хадистер де бар. Игілікті амалдарды санамалап айтып шығу әсте мүмкін емес. Осы орайда мына бір оқиға бізге ой салатыны сөзсіз. Бірде жағдайы төмен сахабалар Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп: «Уа, Алланың Елшісі! Дәулетті мұсылмандар амалдарымен көп сауап алып жатыр. Олар біз намаз оқығандай намаз оқиды, біз ораза тұтқандай ораза тұтады әрі олар мал-дүниелерінің артығынан садақа береді», – дейді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Расында, Алла сендер үшін садақа ететін нәрсе жасады емес пе? Шындығында әрбір тәсбих («субханаллаһ» деп айту) – садақа, әрбір тәкбір («Аллаһу әкбар» деп айту) – садақа, әрбір тахмид («әлхамдулилләһ» деп айту) – садақа, әрбір тәһлил («лә иләһә илләллаһ» деп айту) – садақа, жақсылыққа бұйыру – садақа, теріске шығарылғаннан қайтару – садақа», – деп жауап қатты (Муслим).  

Демек, жақсылық пен қайырымдылық жасау тек дүние-мүлікпен ғана қол жеткізетін мәселе емес, қажет кезде қолымен де, тілімен де сауапты іс жасауға болады. Сондықтан шариғат бойынша жасалатын жақсылық атаулының баршасы садақаға жатады әрі сауап болып жазылады. Кез келген мұсылманның  шынайы ниетпен жасағын әрбір ісі өзі үшін сауап.  Алла пендесіне  өмірдің әрбір сәтін құлшылық пен сауапты іске айналдыруға мүмкіндік берген. Ендеше Алланың берген әрбір сәтінің қадірін біліп, өмірімізді түгелдей жақсылық жасап, сауапты іспен өткізейік.

 

Қасымов Бердімұрат Сайынұлы
Діндерді зерттеу орталығының теологы

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру