ИМАМДЫҚ

20 тамыз 2024 1274 0
Оқу режимі

Имамдық екіге бөлінеді: «имамату кубра» үлкен имамдық, яғни мемлекет басшысы және «имамту суғра» кіші имамдық, яғни намаздағы имам. Фиқһ кітаптарында көбінесе намаздағы имамдық жайлы айтылады. Бұл жерде айтылатын мәселе кіші имамдық, яғни намаздағы имамдыққа байланысты болмақ.

 Имамда болуы керек шарттар:

1)  Мұсылман болуы керек. Имансыз, кәпір адам бола алмайды.

2) Ақыл-есі дұрыс болу керек. Ақыл-есі дұрыс емес адам жамағатқа имам бола алмайды. Сонымен қатар алжыған адам мен арақ ішіп мас болған адамдар да имам бола алмайды.

3) Балиғат жасына толу керек.

4)  Ер кісі болуы керек.

5) Дәреті толық әрі бойы нәжістен таза болуы керек. Дәреті жоқ немесе үстіне нәжіс жұққан адамның имамдыққа өтуі дұрыс емес. Фиқһ ғалымдарының көпшілігі имам нәжіс жұққанын білсін я білмесін намазы дұрыс саналмайды деген.

6) Үзірден таза болу керек. Имамда үздіксіз мұрын қанауы, жел шығуы, кіші дәретін ұстай алмауы секілді үзірлер болмауы керек.

7) Имамның Құран оқу қырааты дұрыс болу керек. Әріптерді шатастырып дұрыс оқи алмайтын, бір дыбысқа тілі келмейтін, сақаулардың имамдығы дұрыс оқи алатындарға жарамсыз. Өйткені мұндай жағдайда жамағат пен имамның деңгейі теңеспеуде.

8) Басқаға ұйыған болмауы керек. Жамағат намазына кешігіп, қалған рәкаттарын толықтырып тұрған адамға ұюға болмайды. Өйткені ол басқа бір имамға ұйыған. Яғни ниетін имамның ниетіне байланыстырып, намаз оқып тұр[1].

 9) Парыз намазын қайта оқып тұрған болмауы керек. Ханафи, малики және ханбали мәзһабтары бойынша, имам жамағат сауабын алу үшін оқып қойған парыз намазын қайта оқыған жағдайда басқа біреуге имам бола алмайды. Өйткені ол парыз намазын оқып қойды, екінші қайтара оқыған намазы нәпіл намаз болып саналады.

10) Мылқау немесе Құранды оқу білмейтін біреу Құранды дұрыс оқи білетін біреуге имам бола алмайды.

11) Киімі жоқ біреу киімі толық біреуге имам бола алмайды.

12) Намазды ишаратпен оқушы, намаздың парыздарын орындайтын біреуге имам бола алмайды.

13) Нәпіл намазын оқитын адам парыз намазын оқитын адамға имам бола алмайды.

 

[1] Ибн Һуман, фатхул-қадир, 1/277.

Источник: http://fatua.kz/kz/post/view?id=147

Дереккөз: fatua.kz

Пікірлер Кіру