ИСЛАМ – ЫНТЫМАҚ ПЕН БІРЛІК ДІНІ

11 наурыз 2022 5869 0
Оқу режимі

Адамзат әрқашан жақсы өмір сүруді, бақытқа жетуді аңсайды. Оның жолы өзін қоршаған ортамен жақсы қарым-қатынасы арқылы жүзеге асады. Сол кезде іздеген бақытты тауып, онымен тұрақты бола алады. Қоғам болып өмір сүруден басқа таңдау мүмкіндігі жоқ адамның бақыты да, байлығы да, елдің ынтымағы мен бірлігіне байланысты. Адам өзінің кейбір проблемаларын басқа адамдармен бөлісу қажеттілігін сезінеді. Себебі, кездесетін кейбір қиындықтарды жеке күш-жігерімен жеңе алмауы мүмкін. Дәл осы сәтте, түрлі сала мамандары мен қабілет иелерін қамтыған қоғамның орны ерекше болмақ. Әр түрлі көзқарасы мен пікірі бар адамдардың бірін басқасымен салыстырғанда төмен деп бағалап, оны қорлау дұрыс емес. Халық арасында білімді-білімсіз, күшті мен әлсіз, бай мен кедей қатар өмір сүргендіктен, бір-біріне зұлымдық жасамай, өзара тығыз байланыста болған кезде ғана ел болып, жұрт болып өмір сүрудің мәні арта түседі.

Адамзатты бақытқа жетелейтін асыл дініміз – Ислам. Дініміздің маңызды деп қарайтын мәселелердің бірі - адам баласының әрқашан қуаныш пен шаттықта болуы. Ал, оның кілті ретінде ауызбіршілікті, ынтымақ пен бірлікті көрсетті. Ынтымақ пен бірлік бар жерде бауырластық, бейбітшілік, молшылық, береке мен мейірімділік болады. Екі дүние бақытына қол жеткізу үшін ең әуелі Алланың кітабына, Елшісінің (с.ғ.с.) сөзіне құлақ асып және ауызбіршілікте болу қажет. Қасиетті Құран Кәрімде: «Алланың жібінен (Құраннан) мықтап ұстаныңыздар, бөлінбеңіздер», – деп бұйырған.

Алла Тағала осыдан кейін бірлікті бұзбау керектігін ескертеді: «Өздеріне айқын дәлелдер келген соң бөлінгендер сияқты болмаңдар. Оларға үлкен азап тағайындалды».

Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мен сіздерге көпшілікпен бірге болуға кеңес беремін. Бөлінуден сақтаныңыздар. Шынында да, шайтан жалғыздың жанында болады. Ол екі адамнан аулақ жүреді. Кімде-кім жұмақтың төрін қаласа, көпшіліктен ұзақ болмасын...», – деген.

Құран аяттары мен хадис шәрифтен түсінгеніміз, бізді бөлініп ыдырамауға, бәлкім бірігіп, тату болуға шақырып жатыр. Тарихқа қарайтын болсақ, бірлігі берік, ынтымағы жарасқан елдің шың басына шыққандай биіктеп, жоғарылағанын, ал өзара бөлініп, бірлігі мен тірлігі таяз елдің тұғыры құлап, тарих сахнасынан біржола өшіп кеткендігіне куәміз. Бұны дана бабамыз:

Бірлігі күшті ел озады,
Бірлігі жоқ ел тозады – деп, бірліктің берері мол екенін айтып өткен. Алла елімізге амандық, халқымызға ынтымық пен бірлік берсін!

Хайридинов Оңғар
«Рақымқызы Раиса ана» мешітінің найб имамы

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру