ИСЛАМДА ТАНЫМНЫҢ ЕҢ АБЗАЛЫ

07 қазан 2024 751 0
Оқу режимі

Исламда танымның ең абзалы мағрифатуллаһ - құдайды тану. Мұның жолы да, шарты да ауыр. Біздің мұсылмандық діни тәжірибемізде құдайтануды «АР ІЛІМІ» деп атайды. Ол үшін Иасауи жетпіс мақамдық моральдық өлшем қойыпты.

Арлы болу оңай емес екен. Бұған үлкен жүрек керек. Терең оймен, ақылмен тану бұл да оңай емес. Ол үшін теориялық білім керек. Танымның «не үшін» және «қалай», яғни мәніне, мақсатына және әдісіне ие болу керек. Оның мәні мен мақсатын айқындау үшін де дәстүрлі ақиқатқа негізделген тәжірибелер мен салыстыруларды жүзеге асыратын ойлау әдісі керек. Осындай ойлар осыдан он бір ғасыр бұрын Фараби атамызды қатты мазалапты.

Нақыл мен ақылдың (Алла мен адам), білу мен сезінудің (қал мен хәлдің) тұтастығы деген ұстанымды алға тартыпты. Осындай адам ғана танымға жетеді, онда да «белсенді сана» (Алланың құты, хикметі, хидаяты) жәрдемі шарт депті. Мұнда бір шарт тағы бар. Құдай болмысы, ақиқаты төңірегінде шарт туралы айта алмаймыз. Ал адам туралы шарт болмаса ештеңені де түсіндіре алмаймыз.

Құдайлық жаратылыстың сырына қарасаңыз кез келген құбылыс яғни жаратылыс өлшемнен тұрады. Өлшем ол да шарт. Демек жаратылыстың өзінде шарт бар. Алла шексіз, адам шектеулі. Бірақ адамға шексіздіктен берілген бір құрал бар. Ол – ақыл, Аллаға қатысты шектеулі, ал адам қатысты шексіз. Бұл тану, білу яғни теориялық болмыстық гносеологиялық тұрғыдан, ал сезінуде ақыл шексіз. Бірақ ақыл шексіздікті тілмен, мантықпен түсіндіру мүмкіндігінен ада. Олай болса таным шартпен, ол шарт та өлшемнен, ол өлшем де гносеологиялық, психологиялық қабаттардан тұрады екен.

Сондықтан Абайдың «Ақыл» мен «жан» мен «Өзім» деген жұмбағы бүгінгі күнде де өзекті болып тұр. Бұл жерде «Өзім» деген не? Мен деген не? Мұның мәні маған не үшін керек? Осының қажеттілігін негіздейміз деп кеше Батыста небір психоаналитикалық мектептер қалыптасты. Меніңше осы «өзді» тек қана психоаналитикалық тұрғыдан қарастыру жеткіліксіз. Ол үшін адамды қоршаған шарттардың бәрін тұтас қарастыру керек. Адамның мәні рух дегенімізбен де оның «өзін, менін» ұға алмасымыз анық.

 

Dosay Kenjetay

 

Пікірлер Кіру