ИСЛАМДАҒЫ ПІКІР АЙТУ ӘДЕБІ

31 мамыр 2024 1585 0
Оқу режимі

Қазір әлеуметтік желіде дінге қатысты тартысты әңгімелер жиі жариялануда. Қаншама адамдар бір-бірін қатты сынап, жүректерге күмән мен түрлі ой салуда. Біз осы ретте Исламдағы пікір айту әдебі туралы айтқанды жөн көрдік.

Алла Тағала Құранда: «Әй мүміндер! Пасық біреу хабар әкелсе, оны анықтаңдар. Әйтпесе, білмей бір елге кесірлерің тиіп, істегендеріңе өкінесіңдер» («Хужурат» сүресі, 6-аят) дейді. Бұл аят баршамызға әр нәрсеге сеніп, түрлі нәрсені айта бермеуге шақырып тұр.

Бір күні әділетті әмірші Омар ибн Абдулазизге бір кісі келіп, бір адам жайлы жаман сөздерді айта бастайды.  Сонда Омар: «Бұл айтқан сөздеріңді тексеріп көрелік. Егер өтірік айтқан болсаң: «Пасық біреу хабар әкелсе, оны анықтаңдар» деген аятта айтылғандай, пасық адам болғаның. Егер сөзің рас болса: «Өте айыптағыш, өсек тасығышқа да (бой ұсынба)» («Қалам» сүресі, 11-аят) делінген адамдардан боласың. Ал егер сөзімді қайтарып алдым десең, айтқаныңа кешіріммен қарауға әзірміз», – дейді. Сонда әлгі кісі: «Мені кешіріңіз, мүміндердің әміршісі! Енді бұндай іске бармаймын» – деген екен.

Расында бұл оқиға біздерге сөз жауапкершілігінің аса ауыр екенін айқындап тұр. Естігеннің бәрін айта беру жақсылық әкелмейді. Егер естіген нәрсеміз жалған болып шықса, көпшілікке жала жапқан боламыз. Егер ақиқат болса, мұсылман адам айтудан бұрын «осы сөзім пайдалы бола ма, әлде пайдасынан зияны көбірек бола ма?» деп ойланады. Айтқанның өзінде ешқандай эмоциясыз, жеке басқа тиіспей, адамдардың ары мен абыройына қол сұқпай байсалды кейіпте сөз шығындайды.

Пікір айтқанда тілді жамандықтан сақтау аса маңызды істің бірі болмақ. Өйткені Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Адам баласының көптеген қателіктері тілінің кесірінен болады» деп айтқан. Иә, адам баласы тілі арқылы көп қателеседі. Өйткені тіл өте кішкентай ағзамыздың бірі болса да өте көп жұмыс істейді. Сол үшін көп сөйлеген тіл көп қателеседі. Омар ибн Хаттабтың (Алла оған разы болсын): «Кімнің сөзі көбейсе, қатесі де көбейеді» деген тағылымды ойы тереңде жатыр. Кім тілін ақылына бағындырмаса, өзін де өзгені де құрдымға кетіреді. Тіл бұзылса, адамның барлық ағзасы бұзылады. Бұған қатысты Хазреті Әли былай деген: «Тіл дұрыс болса, өзге мүшелер де дұрыс болады. Тіл бұзылған кезде, өзге мүшелер де бұзылады. Аз сөйлеген адам тыныштық табады, қауіпсіздікте болады».

Пікір айтқанда шындықты баяндау – нағыз мұсылманның сипаты. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ақиқатында, шыншылдық жақсылыққа, ал жақсылық жәннатқа жетелейді. Кісі шындық айта жүріп, Алла құзырында шыншыл болып жазылады. Өтірік жамандық пен арсыздыққа, ал жамандық тозаққа алып барады. Кісі өтірік айта берумен, ақыр соңында Алланың құзырында өтірікші «кәззаб» болып жазылады» деген хадисі түсінген жанға көп нәрсені меңзеп тұрғандай.

Шыншылдық – әр адамның ұяты мен ары. Ұяты бар адам шын сөйлейді. Өйткені шыншылдық – ақиқатты ақылмен ұғыну деген сөз. Шыншылдық салтанат құрған қоғамға береке орнайды. Керісінше, өтірік көп айтатын қоғам құрдымға кетеді. Бір күні Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларынан: «Сендерге ауыр күнәларға не жататынын айтайын ба?» деп үш рет сұрайды. Сонда сахабалары: «Әрине айтыңыз, уа, Алланың елшісі!» дейді. Сол кезде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бұл – көпқұдайшылық және әке-шешеге құрметсіздік таныту» дейді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осы сөзді айтқан сәтте шынтағына жантайып жатқан еді. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сосын отырып: «Расында ол – өтірік айту және жалған куәлік беру» деп қайталай берген екен. Сонда сахабалар: «Айтуын қойса екен» деп іштей тілепті.

Пікір білдіргенде немесе әңгімелескенде өтірік айта беру иманды әлсіретеді. Тіпті адамның иманын жойып жіберуі мүмкін. Бұған байланысты Әбу Бәкір Сыддық (Алла оған разы болсын): «Өтірік айтудан сақтаныңдар! Себебі өтірік иманнан айырады» деген екен. Өтірік сөздің ең жаман зардаптарының бірі – адамдар арасындағы татулықты бұзып, бауырмашылдық байланыстарға балта шабады. Бір-біріне деген күмәнді ойларды қоюлатып, мұның ақыр аяғы жақсылыққа апармасы анық. Бір ауыз сөз қаншама адамды жауластырып, бет көріспестей етіп, бір-біріне дұшпан еткенін жақсы білеміз.

Бүгінгі таңда әлеуметтік желіге пікір қалдырушылар көп жағдайда ғайбат сөзге жол беріп қоюда. Бұл – өте қауіпті. Бір күні Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларынан: «Ғайбаттың не екенін білесіңдер ме?» деп сұрайды. Сонда сахабалары: «Алла және оның елшісі жақсырақ біледі» деп жауап береді. Осы кезде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бауырың туралы сыртынан ол ұнатпайтын нәрселер айтуың» деп ескерткен екен. Осы сәтте бір сахаба Алла елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ал ондай сипат оның бойында болса ше?» деп сұрағанда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Егер ол сен айтқандай болса, оны ғайбаттаған боласың, ал егер олай болмаса, жала жапқан боласың» деп жауап береді.

Алла Тағала Құранда былай әмір еткен: «Уа, иман келтіргендер! Араларыңнан бір қауым басқа бір қауымды келемеждемесін. Бәлкім, олар өздерінен артық шығар. Әйелдер де басқа әйелдерді келемеждемесін! Бәлкім, олар өздерінен артық шығар. Бір-бірлеріңді ренжітпеңдер һәм бір-бірлеріңе лақап тақпаңдар. Иманнан кейін пасық есім қандай жаман? Ал кімде-кім тәубе етпесе, олар – залымдар. Уа, иман келтіргендер! Түрлі долбарлы ойлардан сақтаныңдар. Шындығында ойлардың кейбірі – күнә. Бір-бірлеріңді аңдымаңдар, бір-бірлеріңнің сырттарыңнан ғайбат сөз айтпаңдар. Әлде сендердің біреулеріңе өлген бауырының етін жеу ұнай ма? Сендер оны ұнатпайсыңдар. Алладан қорқыңдар. Шындығында Алла тәубені қабыл алушы һәм өте мейірімді» («Хужурат» сүресі, 11-12-аяттар).

Асыл дінімізде жеке адамның құқығына, ар-намысына, мәртебесіне, абыройына, жеке бас құндылықтарына ерекше мән бергендіктен оның ар-намысын қорғауға аса мән берілген. Ар-намыс – жеке тұлғаға тән асыл қасиеттер. Ал ғайбат айту – жеке адамның құқығына қол сұққанмен бірдей. Ғайбатқа себеп болатын нәрселер – күмән мен жаман ойлар. Кімде-кім күмән мен жаман ойларын іште сақтай алмаса, яғни оны сыртқа шығаратын болса, ғайбат айтқанның күнәсын арқалайды. Сондықтан сөйлемес бұрын, әлеуметтік желіге пікір жазбас бұрын он рет ойланып, бір рет кескен абзал.      

   

Естай АЙТУҒАНҰЛЫ,

Қарағанды облысының бас имамы

 

 

Пікірлер Кіру