ИСЛАМДАҒЫ ҚАСИЕТТІ ҮШ АЙ

29 қаңтар 2024 2293 0
Оқу режимі

Биыл 13 қаңтардан ислам дінінде қасиетті саналатын үш айдың алғашқысы Ережеп басталды. Одан кейінгі екі ай Шағбан және Рамазан. Бұл айлар Жаратушының пенделеріне ерекше рақымдылықпен қарауымен, аса мейірбандық танытуымен ерекшеленеді. Сондықтан әлем мұсылмандары бұл айларға аса құрметпен қарап, құлшылықтарына ден қояды.

Ережеп, Шағбан, Рамазан айларының қасиеттілігі Құранда аталуымен анықталған.

“Тәуба” сүресінің 36 аятында: “Расында көктер мен жерді жаратқалы Алланың Кітабындағы айлардың саны он екі. Бұлардың төртеуі құрметті айлар. Міне осы берік дін” делінген.

Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у.) қоштасу қажылығында: “Бір жылда он екі ай бар. Бұлардан төртеуі харам айлар, үшеуі қатар келген Зилқағда, Зүлхижжа және Мұхаррам, төртіншісі Режеп”, – деп жеке-жеке атап көрсеткен (Имам Бұхари).

“Алла тағалам, бізді Ережеп пен Шағбан айында берекеге кенелтіп, Рамазанға аман-есен жеткізе гөр” деген дұға да ардақты пайғамбарымыздың бұл айларға ерекше көңіл бөлгенін көрсетеді (Ахмад ибн Ханбал, Мүснәд, 1/259).

“Ережеп – Алланың айы, Шағбан – менің айым, ал Рамазан – үмметімнің айы” деген хадисті естігенде, сахабалар неліктен бұл айдың Алланың айы деп аталу себебін сұрайды. Сонда пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деп түсіндірген: “Ережеп – Алланың күнәларды кешіретін айы. Алла Тағала үшін сүйікті ай. Бұл айда ұрыс-жанжал, қантөгіс тоқтатылған. Бұл айда пайғамбарлардың тәубелері қабыл болып, әулиелер дұшпандарынан қорғалған. Бір кісі Ережеп айын оразамен өткізсе, Алла тағаланың мынадай үш жақсылығына ие болады: 

  1. Өткен күнәларын кешіреді;
  2. Қалған өмірінде түрлі теріс қылықтардан сақтайды; 
  3. Қиямет күні Алла тағала оның шөлін қандырады”. 

Әнәс ибн Мәліктен (р.а.) риуаят етілген осы хадистің жалғасы былай өрбиді:

Осы мезет бір қарт кісі орнынан түрегеліп, өзінің Ережеп айында түгелдей ораза ұстауға шамасы келмейтіндігін мұңая жеткізгенде: “Ережеп айының басында, ортасында және соңында ауыз бекітсең, бұл айды түгелдей оразамен өткізгендей сауапқа кенелесің”, – деген жауап естіп қуанады.

Ғалым Құдайберді Бағашардың жазуынша, бұл айда тақуалыққа бір табан жақындау мақсатында нәпіл ораза ұстау турасында мынандай деректер де кездеседі:

“Кімде-кім Ережеп айында біреудің мұқтаждығын өтесе қиямет күні Алла Тағала оған Фирдаус жәннатынан көз жетер жеріне дейінгі арақашықтықта сарай тұрғызады. Қаперде ұстаңыздар бұл айда Алла Тағаланың сый-құрметіне лайық болуды қаласаңыз, өзгеге сый-құрмет жасаңыздар” (Абдуллаһ ибн Зүбәйірден (р.а.)).

“Жәннатта бір өзен бар. Ол өзеннің аты – Ережеп. Сүттен ақ, балдан тәтті. Кімде-кім Ережеп айында бір күн ораза тұтса, Алла Тағала ол кісіге сол өзеннен сусындауды нәсіп етеді” (Әнас ибн Мәліктен Мұса ибн Имран жеткізген).

Ережеп айында қасиетті екі түн бар. Ол екі түн Рағайып және Миғраж деп аталады.

Пікірлер Кіру