КӨРКЕМ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТЫҢ 5 ТІЛІ

07 наурыз 2023 4334 0
Оқу режимі

Бүгінгі күні отбасындағы кикілжіңдер көбейіп, ажырасу белең алуда. Тіпті, баланың ата-анамен арасындағы рухани байланысы үзіліп, жастайынан түрлі бұзғыншылықтарға баруы; қыз балалардың сыртқы ортаға қызығып, азғындарға қор болуы қалыпты болып бара жатқандай. Көзге үйреншікті көрінетін, осындай бақытсыздықтардың көзге көрінбейтін қандай себебі бар?

Бала қамқорлыққа, ата-ананың махаббатына зәру. Үлкендер тарапынан жанашырлық сезіне алмаса, өзін бақытсыз сезінуі мүмкін. Себебі, оларда дүние туралы ұғым жоқ, бала үшін өмірдің бар мәні – ата-ананың махаббаты. Кез келген ересек адам үшін де солай. Ол қанша жетістікке жетсе де, адамдардың ыстық ықыласын сезіне алмаса, өзін белгілі бір дәрежеде бақытсыз сезінеді. Алайда, бұл бақытсыздығының себебін өзі де білмеуі мүмкін.

Яғни, махаббатты сезіну – адам баласының табиғи қажеттілігі. (Баршамызға түсінікті болуы үшін мұны «махаббат ыдысы» деп атайық. «махаббат ыдысы» толған жағдайда адам өзін бақытты сезінеді, ал бос болса, көңілі құлазиды).

Отбасы баланың бұл қажеттілігін өтемеген болса, (бала отбасынан жылылық сезіне алмаса), оны басқа ортада қанағаттандыруға тырысады. Яғни, өздерінің «махаббат ыдысын» қалай да толтыруы үшін түрлі әрекетке барады.  Араласатын сыртқы ортасы қандай болса, соған қарай бейімделе бастайды. Себебі, олардың махаббатына бөлену үшін соларға ұнайтын нәрсені ұнатып, солар жүретін жолмен жүруі керек. Міне, осылайша, бала отбасынан жырақтап, жат ортаны аңсап тұрады.

Өрімдей жас қыздардың бөгде жігіттің қолынан ұстап, ерсі қылыққа баруына түрткі болатын да осы жағдай. Яғни, қыз бала отбасында әкесі мен ағасы тарапынан сезіне алмаған мейір-махаббатты өзге жігіттен іздейді. Нәтижесінде, мектеп қабырғасындағы қыздардың азғындардың арбауына түсіп, қор болып жатқанын көріп жүрміз...

Ал екі жастың шаңырақтары шайқалуына не түрткі? Некеден кейін махаббаттың жоғалып кететіні рас па?..

 Некеге дейін екі жас, бір-біріне деген сезімдерін түрлі жолдармен жеткізіп, сезімдерін білдіруден аянбайды. Ал уақыт өте келе, оған деген сезіміңіз суымаса да, махаббатыңызды ашық білдіре беруге немқұрайлы қарай бастайсыз. Осы кезде жұбайыңыз сезіміңізді сезіне алмай, оның «махаббат ыдысы» босап қалады. Нәтижесінде, «мені жақсы көрмейді» деген ой туындап, кикілжің шыға бастайды.

Түсінгеніміздей, жоғарыда аталған мәселелердің бәрінің де түп тамыры – адамдардың махаббатты сезіне алмауынан. Алайда, қарым-қатынасты бекітіп, отбасы ұйытқысын сақтап қалудың оңтайлы жолдары бар. Ол жөнінде психолог Гэри Чэпмен өзінің «Пять языков любви»(Махаббаттың бес тілі) шығармасында кеңінен тарқатып жазады.  Оның айтуынша, әр адамның әртүрлі махаббат тілі бар.Бір қызығы, бұл әдістерді Гэри Чэпменнен бұрын көркем өмір сүрудің даңғыл жолын салып кеткен Пайғамбарымыз Мұхаммед ﷺ сүннеттерінен де байқаймыз.

Сіз қазақ тілін білмейтін французбен әріптес болдыңыз делік. Алайда, француз тілін білмегендіктен онымен тіл табысып, жетістікке жете алмайтыныңыз белгілі. Сол секілді, өзгелер сіздің махаббат тіліңізді білмесе, олардың сезімін түсініп, махаббатын сезіне алмайсыз. «Махаббат ыдысыңыз» босап, көңіліңіз құлази бастайды. Ал егер жұбайыңыздың, досыңыздың, балаңыздың махаббат тілін білмесеңіз, олармен жылы қарым-қатынас орната алмайсыз. Балаңызда «әкем мені жақсы көрмейді» деген түсінік қалыптасады.

Бақытты болуға бастайтын  махаббаттың бес тілі қандай?

1.Қолдау сөздер. Сезімдерімізді сыртқа шығаратын ең бірінші құрал – тіл екені белгілі. Яғни, сөз арқылы бір-бірімізге сезімімізді білдіре аламыз. Алайда, бұл тек қана «мен сені жақсы көремін» деген бір ауыз сөзден тұрмайды. Мәселен, жұбайыңыз үшін мақтап, жылы сөздер айтуыңыз; қиындықта қолдап, жігерлендіре білуіңіз маңызды болуы мүмкін. Оның  махаббат тілі «қолдау сөздер» болса, оған үнемі комплимент айтуға тырысыңыз: «киімің өзіңе керемет жарасып тұр», «тамақ өте дәмді болыпты!» т.б. Сондай-ақ, өтініш білдіру арқылы да, оған деген сүйіспеншілігіңізді жеткізе аласыз. Мәселен, «Сенің бәліштерің сондай керемет! Осы аптада пісіргің келмей ме?» деу арқылы оның сіз үшін жақсы нәрсе жасай алатынын көрсетесіз. Осылайша,  жұбайыңыздың құндылығын, қадір-қасиетін растай отырып, «махаббат ыдысын» толтырасыз.

Пайғамбар сүннетінде де жұбайы пісірген тамақ ұнамаса үндемей, ұнаса дәмді болғанын айту насихат етіледі. Пайғамбарымыздың ﷺ өмірін оқи отырып, оның жұбайларын еркелеткенін де байқаймыз. Ол Айша анамызды «Хумейра» (қызыл өңді) деп еркелетіп, жылы сөздер айтатын болған.

2.Сапалы уақыт. Жақын жандармен бірге уақыт өткізу кімді де болса қуантатыны белгілі. Бірақ, кейбір адамдар үшін бірге уақыт өткізудің маңызы ең бірінші орында. Мұндай адамдар  бірге кино көру, бірге серуендеу – нағыз махаббаттың белгісі деп ұғады. Алайда, бірге уақыт өткізу, тек қана бірге жүру емес, бір-біріне көңіл бөлу екенін ескерген жөн. Отбасылардың көпшілігі бұны жай ғана бір шаңырақ астында тұру деп те түсініп жатады. Бұл қате пікір. Мәселен, жұбайыңыздың тілі «сапалы уақыт» болса, ол өзін  мұқият тыңдағаныңызды қалайды. Егер онымен сөйлесіп тұрған сәтте, теледидар қарап отырсаңыз, жұбайыңыз үшін ауыр соққы болмақ. Сондай-ақ, ол бірге уақыт өткізу сізді де қуантатынын сезінуі керек.  

Пайғамбарымыз Мұхаммед ﷺ бұл тілді де өте жақсы білді деуге болады. Себебі, Пайғамбарымыз ﷺ сахабаларына мұқият көңіл бөлетіні сондай, олардың бәрі де «Пайғамбардың ең сүйікті сахбасы мен шығармын» деп ойлайтын болған. Сондай-ақ, оның Айша анамызбен бірге жүгіріп жарысатынын да білеміз.

3.Сыйлық. «Сыйлық алмасыңдар – бір-біріңе деген махаббаттарың артады» дейді Пайғамбарымыз ﷺ хадисінде. Иә, сыйлық жасау адамдар арасында сүйіспеншілікті арттыратынына дау жоқ. Алайда, ол махаббаттың негізгі белгісі болмаса керек. Бірақ  махаббат тілі «сыйлық алу» болған жандарға үнемі сыйлық беріп тұруға тура келеді. Олар біреуден сыйлық алған жағдайда ғана оның сезіміне иланатын болады. Сыйлықтың түрі, бағасы маңызды емес, олар өзі үшін сыйлық таңдап (жасап) әуреге түскеніңізді шынайы бағалайды.

4.Көмектесу. Адам жақсы көрген жанға жанашырлық білдіріп,  риясыз жәрдем беруге  даяр тұрады. Халық арасынан «мен жақсы көріп, көмектессем, ол бағаламайды» деп налып жатқанын арагідік естіп қаламыз. Сіздің көрсеткен көмегіңізді бағаламаса, ол сізді жақсы көрмейді дегенді білдірмейді. Сірә, ол кісінің  махаббат тілі басқа болғаны... Ал махаббат тілі «көмектесу» болған жанға кез келген істе жәрдемдессеңіз, оның жүрегіне жылы сезім ұялайды. Пайғамбарымыз ﷺ барлығына, тіпті, өзін мойындамаған яхудилерге де көмектесетін болған. Оның осындай көркем мінезділігі мен жанашырлығынан көп адам Ислам дінін қабылдаған.

5.Физикалық қарым-қатынас. Махаббатты жеткізудің тағы бір жолы – сүю, құшақтау, басынан сипау, қолынан ұстау. Кейде, көп сөзден гөрі адамды жақын тартып құшақтау, басынан сипау көбірек әсер етеді. Әсіресе, жас балалардың махаббат тілі осы.  Олар ата-анасының мейір-махаббатын санамен ойлай алмаса да,  олардың құшағында айрықша сезінеді.

Пайғамбарымыз ﷺ жұбайларын құшақтап, сүйіп қолдау білдіретін болған. Тіпті, бір хадисінде: «Егер ері жұбайының қолынан ұстаса, саусақтарының арасынан екеуінің күнәлары төгіледі», - деп ынталандырады.

Чэпмен мырза көрсеткен махаббаттың бес тілі осылар. Адамдар бір-бірінің махаббат тілін білмегендіктен, тек өз тілдерінде сөйлеп, екіжақты реніш туады. Жақындарыңыздың махаббат тілін анықтап, меңгеріп алсаңыз,  олармен қарым-қатынасыңызды бекітіп, бәрінің де бақытты болуына жағдай жасайсыз.

Кейде жақындарыңыздың махаббат ыдысын толтыру үшін өзіңізге ұнамайтын, қызықсыз дүниелерді жасауға тура келеді. Бұдан қашпаңыз. Есесіне, жанұя шаттығын, берік махаббатты қалыптастырасыз.

Алайда, мұсылман адамдарға тәуелді болып қалмауы, оларға Алланың жаратқан құлдары, өзіне берген уақытша нығметі ретіндеп қарап, Аллаға ғана тәуелді болуымыз керек екенін естен шығармау керек. Алла берекеге толы жанұя болуды нәсіп етсін!

Жанар Ғарифоллақызы

Дереккөз: Muslim.kz порталы

Пікірлер Кіру