КҮНШІЛДІК – ТОЗАҚ ОТЫНЫҢ ҰШҚЫНЫ

28 наурыз 2024 1640 0
Оқу режимі

Күншілдік бұл дүниеде кейбір пенделердің жүрегін көзге көрінбей шарпитын тозақ отының ұшқыны. Оған ілігіп, ұрынған пенделерге мына кең дүние тарылып, өз-өзінен қасірет-қайғыға түсіп күйініп, адамдықтың негізі: мейірімділік, қайырылымдық, махаббат, имандылық, жақсылықтан алыстап, жамандыққа, зұлымдыққа, зымияндыққа жол тартады.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Айрықша қызғанудан сақ болыңдар, өйткені күншілдік істеген ғибадат құлшылықтарды, жақсы іс амалдарды оттың ағашты және қурап тұрған шөпті жалмағанындай жойып жібереді», – деген.

Қасиетті Құранда: «Әрбір айыпшыл, ғайбатшылға неткен өкініш, мал-мүлік жинап сақтаған. Мал-мүлік өзін мәңгі қалдырардай есептейді. Жоқ! Ол Хутумаға лақтырылады. Ал сен Хутуманың не екенің білесің бе? Ол Алланың лаулаған оты, жүректерге дейін шарпитын. Негізінде тозақ оты олардың үстерінен жабылып созылған ұстандардан (діңгектерімен керіліп жабылған)» («Һумәза» сүресі). Және «Фалақ» сүресінің бесінші аятында: «Күншілдердің кесірінен, олар күндеген сәтте сыйынамын де», – делінген.

Күншілдік сегіз түрлі жаманшылыққа апарады.

Бірінші: құлшылық-ғибадаттарды бұзады;

Екінші: күнә жасауға апарады;

Үшінші: шапағаттан жұрдай болады;

Төртінші: тозақ отымен күйдіреді;

Бесінші: басқаларға, қоғамға зиянын тигізеді;

Алтыншы: өзін пайдасыз шаршатып, қасірет-қайғыға, күнә, жаман іс-әрекеттерге апарады;

Жетінші: жүректі соқыр етеді;

Сегізінші: кедейшілік, жоқшылыққа апарып, бақыт-берекеден айырады.

Ғұламалар осындай тұжырымға барған. Шынында қызғаншақтықтан, көреалмаушылықтан, күншілдіктен күйінген пенделердің жүректерін шарпыған от сырттай көрінбесе де, іштей тұтанып бықсып жатады. Қазақ бұны: «Сырты бүтін, іші түтін» дейді.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ардақты етіп жаратылған пенделердің өне бойында төрт асыл жауһар бар. Бұл төртеуін төрт нәрсе кетіреді. Бұл төрт асыл жауһар: ақыл, дін, ар-ұят, жақсы іс-амалдар. Ақылды кетіретін нәрсе ашу-ыза, дінді құртатын нәрсе қызғаныш, ар-ұятты құртатын нәрсе нәпсі, жақсы амалдарды құртатын нәрсе ғайбат сөз», – депті.

Ал халқымыз: «Ашу – дұшпан, ақыл – дос, ақылыңа ақыл қос» десе, қызғанышты құрдымға апаратын қызыл шоққа теңеген. «Нәпсі тізгінін тартпасаң, адамдық кетер, ар кетер», – десе, ғайбаттан, өсектен адамдарды қойып, аспандағы бұлттардың өзі азады демей ме. Дінді құртатын, ғибадат-құлшылықты, жақсы амалдарды жойып, бақыт-береке, тыныштықтан ада ететін осы бір қызғану ібіліс шайтаннан бастау алып, жер дүниеге Адам (ғ.с.) пайғамбардың ұлы Қабыл бауыры Абылды көре алмай қызғанышбен қастандық  жасауынан басталды.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ұлы Алланың нығметтерінің дұшпандары бар» дегенде, «Олар кімдер?» – деп сұрайды. Сонда: «Алланың өздеріне берген нығметтерін адамдардан қызғанатындар», – деп жауап беріпті.

Хазіретті Мұса пайғамбардың заманында таудан отын тасып, сатып күнкөріс жасайтын бір адам болыпты. Ол бұл жұмысына жаны қиналып шаршамаса да, оның күлкісінен, түнде ұйқысынан айырып жанын жегідей жеп, аздырып тоздырған бір қасіретке ұрыныпты. Оны бұл аянышты халге түсірген өзіндей отын дайындап сататын көршісінің отын артатын көк есегі еді.

Көршісінің есекке отын артып әкеле жатқанын көрген сайын мазасы кетіп, іштей күйініп, тағаты таусылып, сабырдан айырылған отыншы Хазіретті Мұса пайғамбарға барып: «Отын арқалап тасып арқам жауыр болды. Жан рахаты дегенді ұмыттым, сенен өтінерім: Раббыңның алдына барғанда айтшы, маған отын таситын бір есек беріп көмектессін», – деп өтініпті.

Мұса пайғамбар Алла Тағаланың құзырына барғанда отыншының тілегін жеткізіпті.

Алла Тағала: «Ол құлым көреалмаушылық, қызғаншақтық деген дертке шалдыққан, одан құтылмайынша оның жаны жәй таппайды. Оған айт, көршісінің есегі ауырып қалды, оның сауығуын тілеп дұға жасасын. Ол есек жазылса, оған бір жақсы есек беріледі», – дейді.

Хазіретті Мұса пайғамбар Алла Тағаланың айтқандарын отыншыға жеткізіпті. Отыншының екі көзі қатты долданып ызаланғаннан қызарып, шарасынан шыға жаздап: «Мен ешқашан ондай дұға жасай алмаймын. Оның есегінің жазылғанын көргенше өлгенім артық. Одан да есексіз-ақ өмірден өткенім жақсы», – деп жайына кетіпті.

Қызғаныш дертіне шалдыққандар тыныш, берекелі бақытты өмір сүре алмайды. Жүректерін шарпып, адами құндықтарды, жақсылық, мейірімділікті, адалдықты күлге айландырып жоятын осы бір дерттен аулақ болайық, ағайын.

Малғаждар ЖЫЛҚЫШЫБАЙҰЛЫ

 

 

Пікірлер Кіру