МАҚСАТЫҢ ӨЗІҢДІКІ МЕ?

21 желтоқсан 2022 4738 0
Оқу режимі

«Өмір – өзен. Оған түскен мақсатымыз ағыспен ағу емес, жағаны табу еді  ғой» дейді Абай Қалшабек. Адам біткеннің бәрінің өз жолы, өз ағысы, өз таңдауы бар. Біреулер, өмір бақи ағыспен аққысы келсе, біреулер жағаны тапқысы келеді. Өмірдің қаттылығына шыдамай, жұтылып кететіндер де көп. Ағыспен «өлі балық та» жүзеді. Ағысқа қарсы «рухы тірілер» жүзетінін ескеруіміз қажет...

Мұсылман үшін өмірдің негізгі мәні немесе қазіргі тілмен айтқанда «негізгі миссиясы» — Аллаға ұмтылу, Алланың разылығын алу. Бұл — мұсылман бақытының өлшемі. Ал миссияға адамның мақсаттар қою арқылы жететінін білеміз. Түпкі ниет Алла разылығы болғанымен оған жететін жолды, яғни мақсат қоюды білмесе, бақытты сезіне алмауы мүмкін. Бұл жолда көптеген адамдардың қателігі — мақсаттың өздерінікі болмауы. Мақсатты біреуден көріп қоя салады. Мысалы, «танысым «Болашақпен» оқуға кетті, мен де барып білім аламын. Сөйтіп елге қызмет етемін», «Құрбым психология курсын ашып, адамдарға пайдалы боп жатыр әрі ақша табуда. Мен де психология оқып, курс ашайын» деген секілді біреудің дайын мақсатының шаблонын өзімізге иемденіп жатамыз. Алайда ол шаблон біздің болмыс, қалау, қабілетімізге сай болмауы мүмкін.

Алла Тағала әркімге әрқалай қабілет, дарын береді. Берілген сол қабілетіне сай қоғамға қызмет ету міндеттелген. Оны Құран аяттарынан байқауға болады. Алла Тағала «Тәкәсур» сүресінің 8-аятында «Ол күні сөзсіз сендерге берілген барлық нығмет, жақсылықтардан сұраласыңдар» делінген. Демек, бойымызда қолданылмай мүлгіп жатқан қабілет, дұрыс пайдаланылмаған барша мүмкіншіліктен сұраламыз.  Сондықтан қоғамға жақсылық жасағысы келген адам өзгеге еліктемей, өз болмысына сай игі іс жасағаны дұрыс.

«Мақсатым» деп жүрген дүниеңіз өзіңіздікі емес екенін қалай білуге болады?

Адам өзі қаламайтын істерге келгенде жалқаулық іске қосылады. Ал өзі қаламайтын істі жасау –  «иемденілген» мақсаттың көрінісі. «Мен осылай істеуім КЕРЕК» деп таңылған нәрсе көбіне нәтиже бермей жатады. Алайда, «керекті» «қалауға» айналдырудың ұтымды жолы бар.  Біз не нәрсені жақсырақ білсек, сол нәрсені жақсы көреміз. Бұл жайында Жүсіп Баласағұн «Қай нәрсеге көп сіңірсең бейнетті, Сол сүйікті, бәрінен сол – зейнетті» дейді. Демек, бірнәрсені үйренуге, білуге көп ден қойсақ, сол нәрсе біздің қалауымызға айналады. Себебі, белгісіздіктен, білімнің болмауынан қорқақтық пен жалқаулық туындайды. Өз кезегінде бұл біздің миссиямыздың орындалуына кедергі жасайды. Сондай-ақ, еш нәтиже шықпай жатқанындықтан көңіліміз толмай, өзімізді жей береміз. 

Мақсаттың орындалуына кедергі келтіретін тағы бірнәрсе – адамның нәтижеге бірден жеткісі келуі. Алайда, бұл мүмкін емес. Жапондық ғалымдар аз-аздан үздіксіз дамудың «Кайдзен» әдісін ұсынады. Бұл жерде батыстағыдай инновация жолымен, яғни үлкен қадамдармен үлкен төңкеріс жасау арқылы өзгеріс енгізу емес, керсінше кішкентай қадамдармен ерік-жігерін барынша аз қолданып, жетістікке жету. Кайдзеннің бір ерекшелігі – оны меңгеріп, танысып, түрлі әдістерін қолдану арқылы көптеген сұраққа жауап аласыз. Жалпы, бұл жүйе толық нәтиже беретін үлкен философия деуге болады. Оған пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Аллаға  ең ұнамды амал – үнемі және үздіксіз жасалған амал»(Тирмизи) деген сөзі де дәлел бола алады.

Тұрақты әрі аз-аздан атқарылатын амалдың үлкен нәтижеге жеткізетінін мына бір оқиға да айғақтай түседі: 

«Бірде ағаш кесетін екі дос күштерін сынауға шешім қабылдайды. Олар таңнан кешке дейін, кім көбірек ағаш шапса, сол жеңімпаз болады деп келіседі.

         Күн көтерілген бойда, екеуі әртүрлі бағытқа бет алып, ағаштарды шабуға кіріседі. Олар көп және бір ырғақта жұмыс істеді. Алайда, көп ұзамай бір ағаш кесуші екіншісінің жұмысын тоқтатқанын естиді. Ол мұның оған үлкен артықшылық екенін түсініп, екі есе  жұмыс істеп қалуға тырысады. Он минуттан кейін екінші ағаш кесушінің қайтадан ағаш жарып жатқаны естіледі.

         Олар тағы да бірдей қарқынмен жұмыс істей бастайды. Біраз уақыт өткеннен кейін, біріншісі досының екінші рет жұмысын тоқтатқанын естиді. Ол қуанышқа бөленіп, өзін жеңімпаз сезініп, бар күшін салуға шешім қабылдайды. «Ол демалған кезде, мен жұмыс істесем, жеңіске жетемін», деп қуанады.

         Осылай белгіленген уақыт өтеді. Әр сағат сайын екінші ағаш кесуші тоқтап қалады, ал біріншісі екі есе күшпен жұмыс істейді. Уақыт біткен кезде, бірінші ағаш кесуші өзінің жеңетініне толықтай сенімді болды. Ол қатты шаршаса да, көңілді еді. Дегенмен, өзінің жеңілгенін көрген кезде, қатты таңғалады.

– Бұл қалай болды?, деп сұрады ол қарсыласынан, – мен үзіліссіз жұмыс істедім, сондай-ақ, сенің сағат сайын кем дегенде он минут тоқтағаныңды естіп отырдым! Алайда, сен менен әлдеқайда көп ағаш кескен екенсің! Бұл таңданарлық, сен мұны қалай жасадың?

– Бұл таңғаларлық іс емес, досым. Рас, мен сағат сайын тоқтадым, ал сен одан әрі ағаш шабуды жалғастырдың. Бірақ саған қарағанда, мен өз балтамды қайрап отырдым, деп жауап берген екен екінші адам».

 Осы оқиға арқылы біз күнделікті тіршілігімізде болсын, құлшылығымызда болсын атқарылатын үздіксіз іс-әрекеттердің жемісін анық көре алатынымызды үйренеміз. Аллаға мойынсұну мен Жаратушыға жүйелі түрде құлшылық ету арқылы да біз көп нәрсеге қол жеткіземіз. Өйткені, ғибадаттың негіздері өзгермейді, Алла Тағала оларды қияметке дейін әр адамның игілігі үшін міндеттеді. Мысалы, күніне бес уақыт намаз оқу, жылына бір рет ораза ұстау және т.б., сондай-ақ қосымша ғибадат түрлері – түн ортасында намаз оқу, аптаның белгілі-бір күнінде ораза ұстау, садақа беру және т.б. бізді нақтылыққа және жүйелілікке үйретеді.

Десе де, тұрақты амалдарымыздың өзінде шектен шықпауымыз қажет екендігін есте ұстау керек. Амалдағы ниеттің шынайылығын, Алла бұйрығына қарсы келмеуін бақылап әрекет етуіміз керек.

Жоғарыда айтқанымыздай, мүлгіп жатқан қабілеттің өзінен сұралатындықтан өзімізді ашып, дамыту – өте маңызды.

Бұл жөнінде қазақтың алып жазушысы Мұхтар Мағауин де өзінің «Көк мұнар» шығармасында "Бойына талант дарыған жанға ерекше миссия жүктелген; оның өмірі өзінікі емес, елінікі, сондықтан күйкі тірлікпен күн өткізбей, бойындағы бар күшін ретімен, қажетті істерге ғана жұмсап, ақылы мен білімін, дарынын бір-ақ мақсатқа – халқына қызмет ету жолына ғана бағыштаға тиіс. Өзінің бойында қабілет барын біле тұра бос шашылған адам –  қылмыскер!» деген еді. Бізге берілген әр нығметті танып, ақысын беру өмірлік мұрат жолында қолдану қай-қайсымыздың да борышымыз.

 Жанар Ғарифоллақызы

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру