МӘУЛІТТІҢ МӘНІ

18 қыркүйек 2023 2683 0
Оқу режимі

Қазір Мәуліт айы. Мәуліт - Пайғамбарымыздың (сғс) туған айы. Демек, мейрам. Мұсылмандарға тән ұлық мереке. Алайда асыра діншілдер, негізінен әруақты мойындамайтындар, Мәулітті тойлауды қош көрмейді. Тойлайтындардың өзі Мәуліт мәнін шынайы түйсіне алмайды. Сондықтан да оны тек материялдық түсінік тұрғысында ғана атап өтеді. Рас, Мәуліт жыр оқылады. Пайғамбарымызға (сғс) қарата салауаттар, мадақтар айтылады. Ата тегі, өмірбаянынан да біршама мағлұматтар беріледі, діни әндер орындалады. Сонымен тәмам.

Ал шынтуайтына келгенде, Мәуліт аталып өтіп жатқан жерге Пайғамбарымыздың (сғс) Өзі келеді. Бұл - рухани таным. Демек Мәуліт те рухани мәнге ие. Сонда ол қандай мән?

***

Басы ашық жәйт. Алла мына материялды әлемге араласпайды. Араласпаған соң жер бетінде жақсылық, құт-береке, әділдік, жаныңды рахатқа бөлейтін ләззатты өмір бар деген ойды қиялдан алып тастау керек. Алайда бар адам баласының армандайтыны сондай өмір. Шынтуайтына келгенде, ондай өмірге негізінен ұрланған жан иелері ғана қол жеткізеді. Мұсылмандардың кедей болатыны сондықтан. Рас, байлар да бар. Әйтсе де олар өздерін ол байлықтың иесі санамайды. Ие - Алла. Біз тек тұтынушымыз. Жә, осы жерден шегерейік. Себебі, ол - бөлек әңгіме. Дейтұрғанмен "ұрланған жан" мәнін сәл-пәл аша кетелік.

Байыбына барсақ, "ұрланған жан" иесі - сіз бен біз. Нақтыласақ - барша адамзат. Себебі біз жерге байланғанбыз. Соған орай жер бетіндегі игіліктерден біздің жанымыз рахат табады. Сонда Алла жоқ жерден рахат табатын ол қандай жан?

Жауап айқын. Әйтсе де біз оның атын атап, түсін түстемей-ақ қоялық. Айтпағымыз, Мәулітті атап өту қажеттілігі осы жерден туындайды. Себебі, Мәуліт оқылған кезде әлгі жердегі игіліктерден рахат табатын жан өз негізіне қосылады. Ал ол қосылу - ихсан арқылы жүзеге асады.

***

Адам баласы Алла Тағаламен тек ихсан арқылы байланысады. Ихсан дегеніміз, хадисте айтылатынындай, Алланы көру, не Алланың сені көріп тұрғанына сенім білдіру. Ал біз болсақ, Алла мына әлемге араласпайды дедік. Демек адам баласы ихсанды ұстану арқылы Аллалық әлемге өтеді. Міне, сол кезде барып Мәуліт мәні ашылады. Нақтыласақ, Мәуліт тек сол кезде ғана оқылады. Сол Мәулітті оқығандар, бір сөзбен айтқанда, біз айтқан Мәуліт мәніне сенгендер, Пайғамбарымызға (сғс) үмбет болады. Үмбет болған соң, әрине, Пайғамбарымызбен (сғс) қауышады. Мәуліт оқылған кезде ерекше сезімге бөленетіндер де, жылайтындар да солар.

***

Егер байыбына барсақ, Мәуліт тек Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаның (сғс) ғана емес, барша адам баласының туған күні. Ал сіз бен біздің туған күніміз - ұрланған жанға тән. Шынтуайтына келгенде, ол - қаралы күн. Ұғынықтылық үшін сөз кезегін Шәді Төре Жәңгірұлына берелік:

"Əлемнен он сегіз мың əуел бұрын

Жаратты Пайғамбардың Алла Нұрын.

Әууалу маа халакаллаhу нури деген

Хақында далел болды хадис мұның!

Аспан-жер, аршы-күрсі, лаухул-қалам

Жаралды осы Нұрдан бəрі тамам!"

Міне осы Пайғамбарымыз (сғс) нұрынан сіз бен біз, яғни бүткіл адам баласы жаратылған. Мәуліт тойында біз сол күнді қаперге аламыз. Қаперге алып қана қоймай, ұрланған, адасқан жанымызды өз негізіне қосамыз. Пайғамбарымызбен (сғс) қауышамыз. Алланы көреміз. Рахымына шомамыз. Біз сол кезде ғана өзіміз соңына түскен жер бетіндегі "игіліктердің" тозақтың отыны екеніне көз жеткіземіз.

 

Құдияр БІЛӘЛ

 

Пікірлер Кіру