НАМАЗДЫҢ 8 ПАЙДАСЫ

11 қараша 2024 326 0
Оқу режимі

Бес уақыт намаз – әрбір мұсылманға парыз етілген құлшылық. Алла Тағала қасиетті Құранда былай деген: «(Уа, Мұхаммед) иман еткен пенделеріме намазды тиянақты орындасын деп айт» («Ибраһим» сүресі, 31-аят). Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Ислам бес нәрседен тұрады: Алладан басқа құдай жоқ және Мұхаммед Алланың елшісі екеніне куәлік ету, намаз оқу, зекет беру, шамасы келсе қажылыққа бару және Рамазан оразасын ұстау» (Бұхари). Құранның алғашқы сүресінде біз күн сайын Раббымызға былай деп уәде береміз: «Саған ғана құлшылық етеміз! Сенен ғана жәрдем тілейміз» («Фатиха» сүресі, 4-аят).

Мұсылман осы уәдені орындап, берген сөзінде тұрса, Алла Тағала да оған мейірімін жаудырып, мына хадисте айтылған сый-сыяпатқа толы уәдесін жүзеге асырады: «Алла өз құлдарына бес уақыт намазды міндеттеді. Кімде кім оларға немқұрайлық танытпай, ешқайсын кемітпей орындап, Қиямет күні Алланың алдына барлығын түгел ұсынса, Алла Тағала Қиямет күні ондай пендені пейішке кіргізетіне уәде беретіні анық. Ал кімде-кім оларға немқұрйлылық танытып, сан-сапасын кеміткен күйде Аллаға ұсынса, ондай адамға Алланың алдында қандай да бір (арқасүйер) уәдесі болмайды. Алла Тағала өз қалауымен оны я азаптауы мүмкін, я қаласа кешірім етуі мүмкін» (Ибн Мәжа). Ал «Фатиха» сүресінен кейін келетін «Бақара» сүресінің бастапқы аяттарынан пенде иман еткен соң, оның негізгі уәзипасы намаз екенін аңғарамыз: «Міне, солар ғайыпқа (яғни сезім мүшелерімен білінбейтін дінде айтылғандардың бәріне) кәміл сенеді, намазды кемеліне жеткізіп, үзбей әрі уақытылы оқиды және Біз өздеріне нәсіп еткен нығметтерден (Алла разылығы үшін) жұмсайды». Хәкім Абай өлең жолдарында: «Руза, намаз, зекет, хаж – талассыз іс, Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс», – десе, Бұқар жырау: «Бесінші тілек тілеңіз, бес уақытта бес намаз, біреуі қаза қалмасқа», – деп жырлайды.

Дінімізде намаздың орны ерекше, оны дұрыс әрі тұрақты түрде орындау мұсылманның иманын күшейтіп, рухани дамуына ықпал етеді. Намаз арқылы мұсылман Аллаға жақындайды, рухани тазалыққа жетеді және өзінің күнделікті өмірін тәртіпке келтіреді.

1. Намаз жүрекке тыныштық сыйлап, көңілді ретке келтіріп, бұл пәни дүниенің қиыншылығын ұмыттырып, Алламен сөйлесуге себеп болады. Сондықтан Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Исламның алғашқы азаншысы ретінде танылған Біләл атты сахабаға былай деп үн қатқан болатын: «Уа, Біләл! Намазға азан айтып, бізге тыныштық сыйла» (Әбу Дәуіт). Пайғамбарымыз тағы бір хадисінде былай деді: «Көңілім тоқ болып, қуанышым көзімнен көрінетіндей сезім маған намаз оқыған кезімде нәсіп болады» (Насаи).

Хузейфа ибн Яман атты сахаба Пайғамбарымыздың бір жағдай маза бермей, алаңдаған кезінде Аллаға жалбаранып, намаз оқитынын жеткізген (Әбу Дәуіт). Сондықтан қатты жел, ай тұтылу, күн тұтылу, құрғақшылық сияқты адам баласына үрей салатын табиғи құбылыстар кезінде Алла елшісі кейде жамағатпен, кейде жеке өзі намаз оқу арқылы Алладан пана сұрап, жан тыныштығын іздеген.

2. Намаз адамды әдепке салып, бойындағы кемшіліктерді түзетеді. Алла Тағала Құранда былай дейді: «Расында намаз бұзақылық пен арсыздықтан тыяды» («Әнкабут» сүресі, 45-аят). Демек пенде намазды ұқыпты оқып, оған жан-тәнімен берілсе, түрлі дөрекі істерден, ұятсыз сөздерден, теріс ойлардан, арам пиғылдан ұзақ болып, нәпсісін тізгіндеп, адамгершіліктің ең биік шыңына жете алады.

3. Дұрыс оқылған намаз – қоғамды ізгілікке бастаудың таптырмас жолы. Алла Тағала Құранда Алладан түскен кітапты берік ұстанып, намазды жіті орындағандарды «ізгілікке бастаушылар», «өзгені түзететіндер» деп атап, ондай пенделердің жасаған амалдарын зая кетірмей, оларға шексіз жақсылығын нәсіп ететінін баяндаған («Ағраф»сүресі, 170-аят).

4. Аллаға ең сүйкімді құлшылық. Абдулла ибн Масғуд (оған Алла разы болсын) былай деген: «Мен Алла елшісінен: «Аллаға ең сүйікті амал қайсы?» – деп сұрадым. Ол: «Өз уақытында оқылған намаз», – деді. Мен: «Одан кейін ше?» – дедім. Ол: «Ата-анаға жақсылық жасау», – деді. Мен: «Одан кейін ше?» – дедім. Ол: «Алла жолында дін мен ақиқат үшін күресу», – деп жауап берді (Бұхари, Мүслим). Бұл хадис намаздың уақытында оқылуының маңызды екенін және оның Алла үшін ең сүйікті амал екенін көрсетеді. Намазды уақытында оқу арқылы мұсылман Алланың разылығына бөленеді.

5. Аллаға ең жақын кез – намаз кезіндегі сәт. Кімде кім құдіреті күшті Жаратушыға жақын болғысы келсе, маңдайын жерге тигізіп сәжде жасап, намаз оқуы керек. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір сөзінде пенденің Аллаға ең жақын сәті басын сәждеге қойған кезі екенін жеткізген.

6. Алла елшісімен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бірге пейіште болудың таптырмас жолы – көптеп намаз оқу. Бір кісі Пайғамбарымызға келіп, онымен бірге пейіште болғысы келетінін, одан асқан арманы жоқ екенін айтады. Сол кезде ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оған былай деп кеңес береді: «Бұл арманың орындалуы үшін көптеп сәжде жасап, өзіңе жәрдем бер», – деді. (Мүслим).

7. Тұрақты түрде намаз оқу адамның ағзасына, дене мүшелеріне пайдасын тигізеді. Бүгінде жұмыс орындарда қозғалмастан бір жерде ұзақ отырамыз. Жалпы өмірде де физикалық жаттығуларды өте аз орындайтын жағдайға келдік. Соның салдарынан остехондроз, асқазан, өт аурулары сияқты дерттер күн өткен сайын таралып жатыр. Намаз құлшылығы күніне бес рет орындалғандықтан, адамды орнынан тұрғызып, бірнеше рет еңкейіп физикалық жаттығуларға ұқсас әрекеттерді жасауға мәжбүрлейді. Бұл адамның денсаулығына оң әсерін тигізетіні сөзсіз.

8. Намазға берік болу – күнәнің кешірілуінің ең маңызды себептерінің бірі. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұны былайша ұғынықты түсіндіре білді: «Қалай ойлайсыңдар, егер біреуіңнің есігіңнің алдында өзен ағып жатса және ол күніне бес рет жуынатын болса, денесінде кір қалар ма еді?» – деді. Сахабалар: «Жоқ, оның денесінде ешбір кір қалмайды», – деді. Сонда Пайғамбарымыз: «Бұл – бес уақыт намаз. Алла Тағала сол арқылы күнәларды жуып шаяды», – деді» (Бұхари, Мүслим). Әрине біз бұл жерде кейбір пайдаларын айтып өттік. Одан да басқа біз атамаған жақсылықтар бар екенін де есімізден шығармайық.

 


Тамирлан ДАРХАНҰЛЫ,

«Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы

«Иман» журналы, №10, 2024 жыл

Пікірлер Кіру