Нәпсі тәрбиесі

21 қараша 2020 14365 0
Оқу режимі

Ислам ойшылдары нәпсі тәрбиесінде ең маңызды әдістердің бірі мурабата екендігін ерекше атап өткен. Алла Тағала жолында нәпсіні байлауды және жақсылықты лазым көріп, онда шыдамды болуды мурабата деп атаймыз. Басқалай айтсақ, нәпсіні тізгіндеу, оны тергеп, тәртіпті түрде жолға қойып отыру. Ол мушарата, мурақаба, муҳасаба, муақаба, мужаҳада және муатаба жүйелері арқылы жүзеге асырылады. Енді осы алтауымен де біртіндеп танысып шығайық.

Мушарата (Өзара шарттасу)

«Мушарата» сөздікте «өзара шарттасу» мағынасын береді. Бұл сөз негізі фиқх іліміне тиісті. Онда белгілі бір өнімді өндіруші кәсіпкер өзіне серік таңдап, оған серіктестігі негізінде белгілі шарт қояды. Мұндай шарттасудың негізгі мақсаты – пайданың бүтін басты болуы. Ал, рухани тәрбиеге баулушы Ислам ұстаздарының назарында ақыл – ақырет жолындағы өндіруші. Оның бұл өнімнен көздеген пайдасы – нәпсіні тыю. Себебі, нәпсі тыйылмай, жетістікке жетуге болмайды. Аталмыш тәсілде ақыл нәпсіні өзіне серіктес етіп алады. Тура саудадағы кәсіпкер өз серіктесі мен жұмысшысынан есеп алып, тергеп тұратыны секілді ақыл да нәпсіні есепке тартып, бақылап отырады. Өзара түзілген шарттаманың жүзеге асырылуын талап етеді. Әрбір мүмин пенде таң намазын оқып болған соң, таңертеңмен сатушыға өнімін ұсынып жатқан кәсіпкер секілді, нәпсімен мушарата-шарттасуды жаңалап отыруы қажет. Пенде өз нәпсіне: «Ей, нәпсі, біліп қой, менің өмірімнен басқа мүлкім жоқ. Бүгін соның бір бөлігін саудаға қойып жатырмын. Оның пайдасынан үміт етемін. Осыны еш ұмытпа және соған қарай іс-әрекет жаса» деп ескертуі қажет.

 Мурақаба (Бақылап отыру)

Мурақаба – мұқият бақылау деген сөз. Нәпсімен шарттасқан пенде оны мурақаба етіп тұруы керек. Нәпсіні еш уақыт мурақабасыз өз жөніне тастап қоюға болмайды. Нәпсі онсыз жолдан шығады. Мурақабаны түсініп, оны жолға қоюда Құран аяттары, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың хадистері басты негіз бола алады.

Алла Тағала «Ниса» сүресінде: «Күдіксіз, Алла сендерді бақылап тұрушы»[1],деп ескертеді. Расында, Алла Тағала бәрін көріп, сезіп тұрушы. Мұны түйсінген әрбір жан өзін қолға алуы тиіс.

Омар ибн Хаттаб (р.а) риуаят етеді: «Алла елшісінен (с.ғ.с) ихсан туралы сұралғанда: «Аллаға тура Оның көріп тұрғанындай, егер сен Оны көрмесең, Ол сені көріп тұрғандай құлшылық жасауың», деп жауап берді»[2].

Осыдан келіп, мұсылман адам әр сәтінде Алла Тағала оны көріп тұрғандай ықыласпен өмір сүруі, Жаратушының разылығын алуға тырысуы қажет. Егер бұл жоғарғы мәртебеге жетуге жігерсіздік танытса, әрбір сәтін Алла Тағала мені көріп тұр деп ойлап, соған жараса іс-әрекет жасауы лазым. Сонда ғана ихсан дәрежесіне жетеді.

Риуаят бойынша, машайхтардың бірінің жас шәкірті бар еді.  Шейх оны құрметтеп, басқалардан жоғары қоятын. Шәкірттерінің бірі: «Бұл жас баланы соншама құрметтейсіз. Ал, біздер машайхпыз ғой?!», – дейді. Сосын Шейх оларды топтап, қолдарына бір-бірлеп құс пен пышақ ұстатып, әркім оны ешкім көрмейтін жерде бауыздап келуін бұйырады. Белгілі уақыттан соң бәрі де өзіне берілген құсты бауыздап алып келеді. Тек жас шәкірті ғана қолында тірі құспен оралады. Шейх одан: «Сен құсты неге бауыздамадың?», – деп сұрады. «Мен ешкім көрмейтін жерді таба алмадым. Қайда барсам да, Алланың назар салып тұрғанын сездім», – дейді. Сонда үлкен жастағы шәкірттер бұл баланың расында да құрметке лайықты екенін мойындады.

Пенде әрбір жағдайда Алла Тағаланың көріп тұрғанын сезініп, жақсы амалдар жасаса және өзін әдеп шеңберінде ұстаса, мурақаба амалын жасаған болады. Мәселен, жай ғана отырғанда, ұйықтағанда немесе дәретханаға барғанда ниет етіп, Ислам әдептерін ұстанса – мурақаба амалы орындалған болады.

Пенденің мінәжат етуіндегі мурақабасы ниет ету, құлшылықты толық және көркем түрде орындау арқылы жүзеге асады. Күна жасаған кездегі мурақаба тәубе ету, қылған ісіне өкіну, күнадан арылу, ұялу мен ол қателікке қайта бармаумен жасалынады. Пенденің мубах нәрселердегі мурақабасы әдептілік сақтау, нығмет берушінің құдіретін мойындау мен оған шүкіршілік етуі арқылы жасалынады.

Кісі кез келген жағдайда да сабыр ету керек болған сынақтан немесе шүкір ету керек болған нығметтен ажыралмайды. Бұлар да мурақаба болып есептеледі. Сәйкесінше, пенде кез келген жағдайда парыз етіліп, орындалуы лазым болған, сондай-ақ, тыйым салынып, жасамауы тиіс болған немесе мандуб саналып, Алла разылығына тезірек жетуге және басқа пенделермен жарысуға қызықтырған не болмаса мубах саналып, онда пенденің тәні мен жанына пайда, құлшылығына көмек болған нәреселермен бірге болады. Бұлардың бәрінің өз шекарасы бар. Мурақаба барысында оларға амал етіп отыру қажет.

 Мухасаба (Амалдан соң есеп-қисап жасау)

Нәпсіні тергеп отыру өте маңызды. Алла Тағала «Хашр» сүресінде: «Әй, мүміндер! Алладан қорқыңдар. Әркім ертең үшін не жібергеніне қарасын. Және Алладан қорқыңдар. Шәксіз Алла не істегендеріңді толық біледі»[3], – делінген.

«Ертең үшін» бүгіннен бастап амал жасау қажет. Әрбір адам ақырет үшін не жасап жатқанын ойлап қоюы қажет. Әрине, қиямет күні мал-дәулет, мансап, дос-жарандарың көмек бере алмайды. Тек иман мен жасалған амалдар көмектеседі. Соның үшін қияметке дайындықты жасап қою қажет. Оның үшін өткен істердің есебін жасау әмір етілген. Соның үшін де хазіреті Омар (р.а): «Есеп-қисап жасалуынан бұрын, өзіңізге есеп беріңіз. Амалдарыңыз таразыға тартылудан бұрын өзіңіз оны таразылаңыз», – деген.

Алла Тағала «Нұр» сүресінде: «Әй, мүміндер, түгел Аллаға тәубе қылыңдар! Әрине құтыларсыңдар»[4], – деген. Тәубе дегеніміз қателік пен күнә жасап қойған адамның айыбын түсініп, өкінуі.

Хазіреті Омардан (р.а) риуаят етіледі: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Аллаға тәубе етіңдер, өйткені мен Оған бір күнде жүз мәрте тәубе етемін»[5], – дейді. Әл-Ағарр әл-Музәни (р.а.) жеткізген хадисте: «Алла елшісі (с.ғ.с.): «Кей кездері жүрегімді бұлт секілді тұман басып кетеді, сол үшін де Алладан күн сайын жүз рет кешірім сұраймын», - деп айтқаны жеткізіледі.

Хасан әл-Басри: «Мүмин үнемі нәпсіні тежей біледі. Өз басын Алла үшін қадағалайды. Осы дүниеде өзін тергейтіндердің есебі ақыретте жеңіл болады. Ал, өз қылықтарын осы дүниеде таразыламайтын жандардың ақыреттегі есебі ауыр болады», – деген.  

Жасаған амалдан соң есеп-қисап қылудың мәні зор. Пенденің күннің басынан нәпсімен жақсылық жасауға шарттасып алатынындай, күннің соңында жасалған істерді есептеп алатын кезі болуы керек. Бұл саудегерлердің серіктестерімен әр жыл, ай, апта немесе күн соңында жасайтын есебіне ұқсайды. Олар мұны бес күндік пәни үшін болатын пайданы қолдан шығарып алмау үшін жасайды. Осылай болғанда, әрбір кісі бақи үшін болатын пайданы көздеп қалайша өз нәпсісін тергемеске?!

Саудагер серіктесімен есеп айырысқанда, инвестиция, пайда мен зиянға назар салады. Егер пайда көрген болса, серігіне рахмет айтады. Зиян көрсе, ақысын қайтаруды және алдағы уақытта бұл іске жол бермейтінін айтып ескертеді. Теңеп айтсақ, пенденің дініндегі инвестициясы – оның парыздары. Ал, пайдасы – нәпілдер. Зияны – күнәлары.

Пенде әуелі нәпсіні парыздар бойынша тергейді. Егер оларды жақсылап орындаған болса, Алла Тағалаға шүкір айтады және нәпсіні соған ұқсас игі істер жасауға үндейді. Егер әлдебір парызды өткізіп жіберген болса, қазасын өтеуге асығады. Егер оны кемшіліксіз орындаған болса, көбірек нәпіл намаздарымен орнын толтыруға әрекет жасайды. Ал, егер күнә жасаған болса, нәпсіні жазалайды. Оны азаптап, соған ұқсас шаралар жасайды. Қысқасы, пенде өзінің жасаған үлкенді-кішілі әрбір ісінде нәпсіні тергеп тұруы қажет.

 Муақаба (Нәпсіні кемшілігі үшін жазалау)

Адамзат өз нәпсісін қанша бақылап отырса да, кейбір қателіктер мен кемшіліктерден шет қала алмайды. Соған қарамай, ол нәпсіні өз жайына тастап қоймауы керек. Әйтпесе, ол соған дағдыланып, беталды күнә жасауға әдеттенетін болады. Сосын оның салдары қасіретке алып баруы мүмкін. Сондықтан пенде нәпсіні кемшілігі үшін жазалап отыруы қажет. Егер күмәнді болған бір асты жеп қойса, қарынын аштықпен жазаласын. Өзіне некесіз болған біреуге көз салып қойса, назарын қараудан бас тарту арқылы жазаласын. Осы тәріздес өзінің әрбір мүшесін оның қалауына қарсы жазалайды. Әрбір кісі өз перзенттері, некелі жары, жұмысшылары немесе қоластындағыларды жасаған қателіктері, кемшіліктері мен нұқсандары үшін жазалауға талаптанады. Егер уақытында жазаламаса, өз басымен кетіп сөзіне құлақ аспай қоюынан қорқады. Солай болғанда қалайша екі дүниенің бақытсыздығына алып баруы мүмкін болған нәпсімізді жазаламауымыз керек?

Мужахада (Нәпсіні әдепке шақыру немесе қателікті түзеуге тырысу)

Мұнда өз нәпсін тәрбиелеп отырған адам оның қателік жасағанын көрсе, жоғарыда айтылған азаптармен жазалайды. Егер жалқаулық себеп боп кейбір ізгі істерді аз жасаған болса, сондай ізгі амалдарды нәпсіге көп жүктеп, әдепке шақырылады. Алланың разылығынан үміт еткен құлшылық етушілер солай жасаған.

Омар ибн Хаттаб (р.а.) бір жолы аср намазын жамағатпен оқи алмай қалғанда бағасы екі жүз мың дирхам болған жерін садақа етіп берген. Ибн Омар (р.а.) қай намазын жамағатпен оқи алмай қалса, сол түні ұйықтамай намаз оқитын. Бір күні ақшам намазын кешігіп, аспанда екі жұлдыз шыққан кезде оқып, осы кемшілігі үшін екі құлды азат еткен. Мужахада бойынша жүктеген міндеттерді нәпсісі орындауға әр уақыт төтеп бере алмайтын адамдардарға бұл кемшілікті жоғалту үшін әйгілі мужтахидтердің хикаяларын оқуын, олардан өрнек алуын кеңес еткен. Сондай-ақ, сәлих кісіден лайықтыларын тауып, оған шәкірт болсын және сол кісіден кеңес алып отырсын деген. Абу Дарда (р.а.) айтады: «Егер үш нәрсе болмағанда, бір күн де өмір сүруді қаламас едім: күндіз Алла үшін шөлдеу, кешке Аллаға сәжде жасау мен тура құрманың жақсысын таңдап алғандай, сөздің маржанын теріп сөйлейтін  адамдардың сұхбаты».

Раби ибн Хайсамның қызы: «Әке, не үшін адамдардың ұйықтағанын көрем де, сіздің ұйықтағаныңызды көрмеймін?» – дегенде, ол: «Қызым, әкең түнгі шабуылдан қорқады», – деп жауап берген екен.

 Муатама (Нәпсіні қорқытып тұру)

Нәпсінің жамандыққа, күнаға ұмтылып тұруы ақиқат. Соның үшін оны әр уақыт ондай істерден қорқытып тұру керек. Күнәлардың соңы бұл дүние мен ақыретте өте ауыр жағдайларға соқтыруы ақиқат екенін нәпсіге ескертіп, оны қорқытып тұрған пенде муатаманы орындаған болады.

Нәпсі тәрбиесінің маңызы

Нәпсіні тәрбиелеу Аллаға серік қосу мен соның нәтижесінде пайда болатын лас тірліктерден тыю деген сөз. Нәпсінің тәрбиеленуі Алла Тағалаға деген құлшылықтың нұқсансыз болуы арқылы жүзеге асады. Ең негізгі көріністерінің бірі – жасалған барлық амалдарда Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) соңынан еру. Бұл мәселені толығырақ түсіну үшін мына аяттарға назар салайық: «Егер сендерге Алланың игілігі, мейірімі болмаса еді, ешбіреуің әсте ағармайтын едіңдер. Бірақ, Алла қалаған құлын ағартады. Алла әр нәрсені естуші, білуші»[6].  Бұл аят Айша анамызға қарсы ұйымдастырылған «ифк» оқиғасынан кейін, сондай-ақ, мүминдер ішінде фахш (ұятсыз) істерді тарату мен шайтанның ізінен еруге тиім салушы аяттардан кейін және де: «Сендерден кеңшілік, молшылыққа ие болғандар; жақындарына, міскіндерге, мұһажірлерге Алла жолында бермеуге ант етпесін. Ғапу етіп, кешірсін. Алланың сендерді жарылқауын жақсы көрмейсіңдер ме? Алла аса жарылқаушы, ерекше мейірімді»[7] аятынан бұрын назыл болған.

Осылардың нәтижесінде төмендегідей қорытынды шығаруға болады:

1. Нәпсіні пәктеу жолында Алла Тағаланың көмегі болмаса, жеңу күрделі болған кедергілер бар. Сол себепті, барынша тырысып, ең бастысы әрдайым Алла Тағалаға сыйынып, көмек сұрап отыру қажет. Имам Муслим мен Насаи риуаят еткен хадисте Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Иа, Алла! Нәпсіме тақуалық бер. Нәпсімді пәкте. Сен ең жақсы пәктеушісің. Сен жанымның Иесісің!»[8]  деген.

2. Нәпсіні пәктеуде жамандық жасағандарға кешірімді болу да маңызды орын алады.

3. Шайтанның ізінен ермеу де – нәпсіні пәктеу. Себебі, ол әрдайым арсыз әрі күнәлі істерге шақырады. Демек, жан-дүниені пәктеу – фахш пен мункар істерден алшақ болу мен шайтанға ермеуден тұрады. Шайтан әу баста-ақ, адамға берілген мәртебеге көре алмаушылықпен қарап, оған сәжде жасаудан бас тартып, мойынсынбаған.

4. Мүминдер ішінде бұзақылық жасауды болдырмау мен одан бас тарту да жан-дүниені пәктеу жолында қызмет етеді.

5. Кісі абыройын төгуден тілді тыю. Адамдарды балағаттайтын кез келген өсек әңгімеге араласпау.

Алла Тағала өзіне лайықты құл, пайғамбарымызға лайықты үмбет болуды баршамызға нәсіп етсін!

Қуат Ерғалиұлы

 

 

[1] «Ниса» сүресі, 1-аят.
[2] Имам Бұхари, Мүслим, Әбу Дәуіт, Тирмизи мен Насаи.
[3] «Хашр» сүресі, 18-аят.
[4] «Нұр» сүресі, 31-аят.
[5] Муслим, Тирмизи.
[6] «Нұр» сүресі, 21-аят.
[7] «Нұр» сүресі, 22-аят.
[8] Муслим, Насаи.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру