НЕКЕНІ ОНЛАЙН ТҮРДЕ ҚИЮДЫҢ ҮКІМІ

28 маусым 2024 1652 0
Оқу режимі

  بسم  الله الرحمن الرحيم الحمد لله ربّ العالمين و الصلاة و السلام على خير خلقه محمـد و آله و أصحابه أجمعين  

Аса мейірімді, ерекше рақымды Алланың атымен бастаймын. Барша мадақ атаулы әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Адамзаттың асылы Мұхаммедке, оның отбасы мен барша сахабаларына салауат пен сәлем болғай!   Неке (никах) – ер мен әйелдің шариғат бойынша адал жолмен ұрпақ жалғастыруларын қамтамасыз ететін келісімі.

Неке қиып отбасын құру бекітілген сүннет амалына жатады. Оның өз шарттары бар. Неке жүзеге асуы үшін ижаб (ұсыныс) пен қабулдың (қабыл алудың) бір орында болуы, тараптардың бірінің сөзін екіншісі естуі және сөздері бір-біріне қайшы келмеуі шарт. Қазіргі кезде некені онлайн форматта (телефон немесе интернет арқылы бейне байланыс түрінде) қию мәселесі көтерілуде. Ислам ғалымдары арасында бұл мәселе жайында екі түрлі көзқарас бар. Ханафи мәзһабының ғалымдары ижаб пен қабулдың бірнеше шарты бар екенін, оның бірі – бір жерде болу керектігін айтқан. Нақтырақ айтқанда, Алауддин Кәсани (Алла оны рақымына алсын):

 «Неке келісімі өткізілетін орынға қатысты шартқа тоқталатын болсақ, ол – екі тараптың (күйеу мен қалыңдық) ижабы мен қабулы бір жерде жүзеге асуы тиіс. Егер басқа жерде бөлек-бөлек болса, неке қиылмайды»[1], – деген.

Осы мәселе жөнінде Алауддин Хаскәфи да (Алла оны рақымына алсын) мынадай тұжырым айтқан: «Ижаб пен қабулдың шарттарының бірі – екі тараптың бір жерде болуы қажет»[2].

Ибн Абидин осы мәселеге қатысты «әл-Бахру ар-Раиқ» кітабынан үзінді келтіре отырып: «Неке қидырушылардың орны бөлек-бөлек болса, неке қиылмайды. Неке қидырушылардың бірі ижаб (ұсыныс) білдіргенде, екіншісі орнынан тұрып кетіп қалса немесе басқа іспен шұғылданып кетсе, ижаб бекер болады. Атқа мініп немесе жүріп бара жатып неке қиылса да, дұрыс емес.

Алайда, бір кемеге мініп бара жатса, онда дұрыс болады. Өйткені кеме бір мекен үкімінде жүреді»[3], – деген.

Ислам фиқһы академиясы Ғұламалар кеңесі, Сауд Арабия патшалығы тұрақты Пәтуа комитеті[4], Пәкістан «Дару әл-улум» ислам университеті Ғұламалар кеңесі және ғалым Мухаммад Юсуф Баннури[5], шейх Мухаммад Тақи Усмани сынды тағы басқа көптеген қазіргі ғұламалар, белгілі шариғи шарттар табылмағандықтан онлайн түрде неке қию дұрыс емес деген пәтуа берген[6].

 Десек те Уаһбә Зухайли, Мұстафа Зарқа сынды кейбір белгілі ғалымдар егер қандай да бір алдап-арбау яки шариғатты кемсіту сынды теріс әрекеттер болмаған жағдайда онлайн түрде неке қиюға болады деп пікір айтқан[7].

Қазіргі уақытта интернет арқылы неке қию кезінде қандайда бір алдап-арбау әрекеттері болып-болмайтындығына ешкім кепілдік бере алмайды.     

 Үкім:  

1. Неке қию кезінде күйеу мен қалыңдық және куәгерлер бір жерде болуы, сондай-ақ айтқан сөздерін бәрі естуі шарт. Сондықтан онлайн түрде неке қиюға рұқсат етілмейді*.

2. Белгілі себептермен неке қиятын адам (имам, молда) басқа жерде, ал күйеу мен қалыңдық және куәгерлер бір шаңырақ астында отырып, неке қиюға рұқсат етіледі.  

 

 [1] «Бәдаиғу ас-санайығ», 2/232.

[2] «Радду әл-мұхтар», 4/76.

[3] «Радду әл-мұхтар», 4/76.

[4] «Ислам фиқһы академиясы бірінші отырысының қарарлар жинағы», 10-бет.

 [5] «Фәтауа дару әл-улум», 3/558.

 [6] «Фәтауа Усмани», 2/204.

[7] «Мәжәлләту әл-фиқһ әл-исләми», 2/867-888.

* Ескерту: Бұл мәселе тек үзірлі жағдайда ғана ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі мамандары тарапынан қарастырылады.    

 

Источник: http://fatua.kz/kz/post/view?id=1065

Дереккөз: патуа.кз

Пікірлер Кіру