НЕСИЕГЕ ЖОЛАМАУ ҮШІН НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

07 наурыз 2024 2354 0
Оқу режимі

1.     Байлықпен жарыспаңыз.

Дос-жаран, көрші-қолаңмен дүние-мүлік бойынша жарысудың еш қажеті жоқ. Әркім өзінің деңгейі жеткенше өмір сүріп жатқанын естен шығармаңыз абзал. Жаңа шыққан заттарға да қызығып несиеге ұрынудың қаншалықты зияны барын білесіз бе? Бір досыңыз несиеге зат алып жатса, «неге мен де алмасқа?» деп жылмың ететін ойды сабырға шақырып отырыңыз. Жұмысыңыз қаншалықты тұрақты болса да, алда сізді не күтіп тұрғанын білмейсіз?

2.    Бюджетті әрқашан жоспарлап жүріңіз.

Көпшілігімздің алатын айлығымыз бір ай шалқып өмір сүруге жеткіліксіз екені айдан анық. Сол себепті, бір айлық жалақыңызды жоспарлап үйреніңіз. Егер онсыз да жетпейтін айлығыңыздың бір бөлігі несиеге кетсе, басыңызда бірнеше мәселелер туындап, кәдімгідей сізді қажытады. Егер үнемшіл болып, әр  ай сайын артық қалған ақшаны жиып отырсаңыз, ешқандай үстемесіз өзіңізге қажет затты сатып ала аласыз.

3.     Резервтік қор жиыңыз.

Қолыңызға түскен қаржыны бас-көзсіз жарата бермей, стратегиялы жоспармен жұмсай білсеңіз, сіздің жалақыңыздан ақша артылады. Міне, сол азын-аулақ болса да, қаржыны қалта түбінде қалдырыңыз.егер ойламаған жерден сізге бірнәрсе қажет бола қалса, резервтегі қаражатыңыз өз орнын табады. 

4.     Банктерден аулақ болуға тырысыңыз.

Банктер айналымында міндетті түрде өсімқорлық қаражат бар. Сол себепті банктерге жақындай бермеңіз. Әрине, белгілі бір (төлем жасау, валюта айырбастау, ақша аудару тәрізді ) қажеттіліктерге байланысты ісіңіз түспеген жағдайды ескеріңіз. «Несиеге алсаңыз жеңіл, бар болғаны ай сайын 4000-5000 тг» деген сияқты жарнамалар сіздің санаңызды улауға жол бермеңіз.

5.     Кіріс көздерін көбейту

Жұмысыңыздан бөлек, қосымша табыс көздерін (азғантай болса да) іздеп, талпыну – кредитке жүгінбеуге мүмкіндік береді.

 

Пікірлер Кіру