НҰРШЫЛАР

27 қараша 2023 2249 0
Оқу режимі

Бұл жамағат Түркияның шығыс Анадолы­дағы Нұрс таулы ауылында дүниеге келген Мырзаұлы Саид Нұрси (1873-1960) атымен «нұршылар» деп аталады.

Саид Нұрси он сегіз жасынан дінмен қоса зайырлы ғылымдарды қатар оқыды, сосын 15 жылдай мұғалім болып қызмет етті. Ол өзінің атеизм ықпалынан мұсылмандарды арашалау мақсатында «Рисалә-и Нұр» кітапшаларын жазып шығара бастады. Саид Нұрсидің ең­бектерін бағалаған көпшілік оны «Бадиуз-за­ман» (Заманның ғажайып адамы) деп атады.

«Нұршылар» Саид Нұрсидің ғана «Рисале­-и нұр» кітабында жазған тәпсірі дұрыс, бас­қа тәпсірлер қазіргі заманға сай емес деген пікірді ұстанады. Жамағаттың кейбір радикал пікірдегі жақтастары «Саид Нұрси – Махди, ол болашақта тіріліп шығады», деп сенеді. Бүгінде Түркия үкіметі оның еңбектерін мем­лекет қорғауына алған. Бірақ тек руханият тұрғысынан ғана насихатталады. Діни тұрғы­дан мемлекеттік мекемелерде оқытылмайды.

Олар өздерін саясаттан алшақпыз деп айт­қанымен, көптеген өкілдері саясатпен тіке­лей айналысады. Мемлекет ішінде, әлеумет­тік топтарда, қоғамдық ортада өте мұқият және артық әрекетсіз, байсалды жұмыс жүр­гізеді және өздерін қоғам өкілдерінен бөле- жарып ұстамайды.

«Нұршылар» жамағаты ішінара бірнеше тармақтарға бөлінген. Олар: 1) «Йени асия» газетін шығаратын, көбінесе интеллектуалды адамдардан құралған «Йени асия» жамағаты; 2) «Рисале-и Нұр» кітабын бастыру, тарату, насихаттау бағытын ұстанған «языжылар» (жазушылар) тобы; 3) «Рисале-и Нұр» кіта­бын діни қайнар көз ретінде оқитын «окую­жылар» (оқушылар) жамағаты және т.б..

Бұл жамағат елімізге 1992 жылдан бері келе бастаған. Олар арнайы жалдап алынған үйлерде жиылып уағыздарын жүргізіп оты­рады. «Нұршылардың» басым бөлігін жастар құрайды. Көп жағдайда жақтастарын тегін та­мақ, жатақхана секілді материалдық игіліктер арқылы өз қатарларына тартады. Қазақстан­дық «нұршылар» Саид Нұрсидың еңбектерін аударып, халыққа насихаттауды өздерінің ең басты мақсаты деп санайды.

Ресей және Өзбекстан мемлекеттерінде «нұршылар» қозғалысы экстремистік деп та­нылып, ел аумағында жұмыс жасауына заң­мен тыйым салынған.

ҚМДБ Діни оңалту бөлімі

Дереккөз: ҚМДБ Діни оңалту бөлімі

Пікірлер Кіру